Соңғы кездері басы даудан арылмаған «ҚазАгроның» үш еншілес компаниясы жабылады. Соның арқасына 3 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделмек. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Өксікбаев бұл туралы бүгін Сенатта мәлім етті, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Бұрын «ҚазАгро» құрамында 7 еншілес кәсіпорын болса, сараптаудан кейін оның екеуін жауып, біреуін «Агронесиелік корпорациясына» қосатын болдық. Өйткені олар бірбірінің жұмысын қайталайды. Нәтижесінде «ҚазАгроның» 1100 адамы қысқарып, 3,2 миллиард теңге үнемделеді", - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Өксікбаев.
«ҚазАгроның» батпаққа батып қалғанына біраз болды. Жыл басындағы есеп бойынша, ірі холдингтің қарызы 400 миллиард теңгеге жетіп жығылған. Анық болғаны, бұл 2013-2018 жылдар аралығында қабылданған шешімдердің қорытындысы екен.
Мамандардың айтуынша, ірі компанияның мұндай жағдайға түсуіне негізінен 2 жағдай әсер еткен. Бірі – теңге девальвациясы, екіншісі – несиелендіруші банктердің дефолтқа ұшырауы. Қарызға батып берекесі қашқан холдингтің өзі ғана. Ал еншілес компаниялары тұрақты табыс әкеліп жатыр дейді мамандар.