Қызды ауылға ұрын барғанда..

Біздің халықта ұл бала мен қыздар арасындағы достықты дұрыс қабылдай бермейтін бір әдет бар. Қыз баланы ер балалардан гөрі тәлім-тәрбиесіне ерекше қарап, ес біліп, етек жапқаннан бөлекше тәрбие беріп, оның ертеңгі күні бір әулеттің анасы болатынын ескере отырып, әдептілікке баулыған. Сондықтан да болар, «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді де басқа мұсылман халықтары тіршілігінен құлақ естіп көрмепті. Көз қуанышы болып өсіп келе жатқан бойжеткендерін жанарының қарашығындай сақтап, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін қатаң қадағалап, бейәдеп қылықтардан сақтап отыратыны қанымызға сіңген үрдіс. Тіпті сөйлеу мәнері, сыңғырлаған күлкісі назардан тыс қалмағаны белгілі. Қатты сөйлемеуге, жосықсыз күлу де ерсі қылықтардың бірінен саналғаны ақиқат. Оны өз басымыздан да өткеріп келеміз. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді де айтқан біздің ата-бабаларымыз.

 Дегенмен, мен еркелеу мінезіммен еркіндеу болып өстім. Сондықтан болар, Сейіт пен Байғазы да мені солай қабылдады. Өздерінің достары сынды, ішкі сырлары, қыздарға ғашықтықтары жайлы әңгімелерін ашық айтатын. Қазір ойлап отырсам, біз үшеумізден басқа маңайымызда жігіт атаулы болмапты. Ол достық қайдан басталды?

Иә, бәрі де құрбым Алманы көргеннен басталды. Бұл 1977 жыл. Оқуға түсе алмай, аудандық газетке қызметке қайта келіп, аудан көлемінде, тіпті облысқа «тілші қыз» атана бастаған кезім. Бар махаббатым – Журналистика! Амал жоқ, түсе алмадым. Оқуға түсе алмағаныма жаным ауырса да, өскен орта, жазу-сызуға бейімдеп келе жатқан газет ұжымы, әсіресе, құрбыларым қатты қуанды. Өзім де қалада қалуға, сөй­тіп дайындық курсына түсуге мүмкіндік бо­лып тұрса да, ауылды, осындай жандарды қимадым, елге қайттым. Өзімнің ұжымым, газет қызметкерлері қуана қарсы алды.  Жұмысым бар.  Жергілікті радиоторабынан таңғы алтыда аудан жұртшылығын ұйқыдан оятып аламын. «Ауыл кеші көңілді» деген тіркес сол заманда жиі айтылатын. Сондай көңілді кештердің бірінде  Сейіттің көзі Алмаға түскен ғой. Қап-қара шашы маңдайына түскен, мойылдай қап-қара көздері үнемі күліп тұратын әде­мі қыз қай жігіттің де арманы емес пе?

Алма сол кездегі «Шет» совхозының Қармыс елді мекенінде тұрады. Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжат тапсырып, соңғы емтиханнан өте алмай қалды. Өзі бітірген мектепке аға пионер вожатый болып жұмыс істей бастайды. Аудан орталығында тұратын үлкен әпке-жездесінің үйіне жиі келіп тұратын. Әпкесі – біздің жақсы бір көр­ші­міз. Тумысынан аңқылдаған ақ көңіл, биязы мінезді, жібектей сызылып сөйлейтін Алмамен тіл табысу онша қиындық туғызбады. Тез достасып кеттік. Аудан жастары көктем туа совхоздарға бөлініп, жаңадан төлдеп жатқан қозы-лақтарға  қарасу үшін малды ауылдарға, шопандарға көмекшілікке аттанамыз. Несін айтасыз, керім кездер ғой. Ас-суымыз да, күнделікті пайдаланатын жылы суымыз да қидың көмегімен әзірленетін болғандықтан, түтінінің өзі бір керемет! Кешкі астан соң жиналып алып домбыра мен гитара тартып, ән саламыз. Ондай сәт­терде менің делебем қызып, ақындардың шығармаларынан үзінділер оқи­мын. Мұхтар ағамыздың «Танакө­зін»  бір шумағынан жаңылысып көрмей­тінмін. Қайран, бұла кез, жастық десеңіз­ші?!

Арқаның қы­сын айтсаңызшы, сонда үш аяқты «Урал» мотоцикл­дің люлкасына мені салып алып, үшеуміз Құмсыққа тар­тып отырамыз. Айнала алай-дүлей дауыл, ақ қар борап тұратын. Екі жігіт үйге келіп, әкемнен сұрап алып шығады. «Қызға кеттіңдер ме, әй, қулар-ай», – деп миығынан күліп есік алдына шығарып салатын-ды, жарықтық әкем. Біздің ең жанашыр досымыз да әкей болған-ды. Қыстың көзі қырауда, даладағы алай-дүлей боранға да қарамастан, бізді есік алдында анадайдан мүштігі қызарып күтіп отырушы еді марқұм! Сөйтіп  мені он орап алатын жып-жылы тұмақ тонға орап, басыма құндыз бөрік кигізіп, жан-жағымды қымтап, Сейіт мәз болушы еді. Өйтетін де жөні бар, еркелігіме қоса қырсықтығым да бір басыма жетеді.

Ызғырық жел көлігімізді төңкеріп кететін сияқты қорқыныш, өңменімізден өтіп бара жатқан сумаңдаған суық та бізді жеңе алмаушы еді. Жан досымның құрбыма деген махаббаты бойымызды қыздырып, менен бір саты жоғары отырған екі жігіттің әңгімелері біресе естілмей, біресе естіліп, жартылай жұлқып әкетіп жататын-ды. Қызды ауылға кірген соң, қыз үйіне жақын маңға тоқтап, Байғазы екеуміз баса-көктеп кіріп баратынбыз. Әрине, дос көлік жанында қалады. Қайран, Серік  ағатайым мен Күлбағила тәтем мені бас салып маңдайымнан сүйіп, жып-жылы құшақтарына қысып, қауқылдасып жүріп төрге отырғызатын. Қалампыр араластырған жұпар иісі танау жарар қоп-қаю  сүтті шайын сораптап ұзақ отыратынбыз. Оның себебі де түсінікті. Әке-шешесінің көзін ала бере қыз сыртта күтіп тұрған ғашығына сытылып шығып кеткелі біраз уақыт болады. Ана жүрегі, көңілі сезбейді емес, әрине, түн ішінде біздің бұлай келіп-кетіп жүргенімізге қуанса да, іші бірдеңені сезеді ғой. Бірақ қарсы емес!

Қызды ауылға осылай ұрын барып жүргенде екінші жыл. Уақыт деген зымыран. Жетпіс тоғыздың жазында менің үлкен арманым орындалып, студент атандым. Емтихандардың қуанышты қорытындысымен қоса елден жеткен сүйінші хабар одан сайын жүрегімді жадыратты. Екі ғашық бас қосып, шаңырақ көтерді. Ол кез елдің тоқ кезі. Той дегеніңізді кейінге ше­геру деген жоқ, келін түскен күні беташар, ертеңінде үлкен той болып жатады. Оқуға түсіп елге барған сапарымда құттықтап, беттерінен сүйдім. Бақыттан бастары айналып, мені алыс жолға шығарып салды. Алыс жол деп отырғаным, университеттегі жылдар, одан кейінгі тұрмыс құрып, от басын құру, сәби сүйіп, оларды өсіру, Алматыдай үлкен қалада пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүріп, шыны керек, достар түгілі әке-шеше, бауырлардың өздері келмесе, іздей қоятын да шама болмады.

Осылай, араға отыз жыл салып барып достарыммен қайта қауышқан сәтімді жазбақ түгілі, айтуға сөзім жетпейді. Бір жылап, бір күлген сол бір күндер бүгінде сый­ластықтың жібек жібін мықтап шырмап тастағандай. Балаларымыз араласа бастады. Гүлнұр мен Айнұрдан, көзінің ағы мен қарасындай ұлы Бақтиярдан өсіп-өнген әулеттің шаңырағы үнемі дос-жаран, құда-жекжат, ағайындардан арылып көрмепті. Екі отбасының да бір-біріне деген көңілдері ашық, ниеттес. Біздің арамыздағы достықты осылар жалғастырса дедік.  Бір-бірімізден енді ешқашан ажырамауға, бір-бірімізсіз бірде бір той-томалақ өткізбеуге уағдаластық. Солай болып та келе жатыр. Лайым солай бола берсе екен!? Біздің таза, адал, риясыз көңіліміздегі осындай арман-мақсаттарымызды Жаратқан Ием әманда қолдаса екен деп тілейміз.

Менің бала жүрегімде ерекше орны бар, балалық-жастығым өткен, ата-анам­ның табанының ізі, бауырларымның маңдай тері төгілген осынау жер жаннаты – Ақсу-Аюлының аса құрметті ақсақалы Сабыр ақсақалдың мейірімді ұлы, менің досым –  Сейіттің тойы алдында осылай біраз толғауға тура келді. Әкелеріміздің ертерек кетіп қалғаны болмаса, бәрі баяғы қалпында, ортақ анамыз Күләш Мәкішқызы тоқсанның бел ортасынан асса да, аузынан айналайыны арылмай ортамызда отыр. Ол деген, бақыттың бақыты ғой! Ананың батасын алу, ол, тіпті бағасыз бақыт!  Бақыттарың ортаймасын!

 

 

Back to top button