402
Анкарада «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабының тұсаукесері өтті
Анкарада «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабының тұсаукесері өтті
Түркия астанасы Анкара қаласында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен тарихи Нахчыван келісімінің 10 жылдығына арналған басқосу өтті. Алқалы жиын аясында Түркі академиясы шығарған «Түркі интеграциясының архитекторы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды елшіліктің баспасөз қызметі.
Басқосуға Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің түрік мүшесі, профессор Мұстафа Исен, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Түркияның экс-мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Әзербайжан Елшісі Хазар Ибрахим, Қырғызстан Елшісі Кубанычбек Омуралиев және Өзбекстан Елшісі Алишер Агзамходжаев, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісі депутаттары Исмаил Кая мен Фейзи Бердибек, Түркияның 60-шы үкіметіндегі Мемлекет министрі Күршад Түзмен, Денсаулық сақтау экс-министрі Халил Шывгын, Түркия Сыртқы істер министрлігі өкілі Орхан Ышык, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Әділет және даму партиясының негізін қалаушылардың бірі, бұрынғы Қазақстан-Түркия парламенттер арасы достық тобының төрағасы Халук Ипек, Түркияның танымал кино жұлдызы Сердар Гөкхан, сондай-ақ, аналитикалық зерттеу орталықтары басшылары, шетелдік дипломаттар, зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер және диаспора өкілдері қатысты.
Іс-шара басталмас бұрын Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп және Түркияның астанасы – Анкара қаласының мэрі Мансур Яваштан жеделхаттар келіп түсті. ТҰҰМ төрағасы М.Шентоп өзінің жеделхатында Түркі ынтымақтастығы қазіргі таңда белгілі дәрежеге жеткендігіне назар аудара отырып, көпжақты саяси және экономикалық әріптестіктің жаңа белестерден өтуі жолында «Түркі интеграциясының архитекторы» атты кітаптың маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Аталған шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы: «Түркі дүниесіндегі бірлік пен берекені, өзара қарым-қатынасты көздің қарашығындай сақтау болашақ ұрпақ үшін де өте маңызды. Кітап – тасқа түскен таңбадай, санаға жазылып қалады. Сондықтан да, Тұңғыш Президентіміздің түркі әлеміндегі рөлін толықтай ашатын мемлекет басшыларының, танымал саясаттанушылардың, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің салиқалы пікірлері мен орамды ойлары топтастырылған осы кітап қолына тиген әрбір адам, біздің тамыры тереңге жайылған бауырластығымызды терең түсінеді», - деді.
А. Сапарбекұлы Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың тамыры бір туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғағанын, оның бастамасымен 2009 жылғы 3 қазанда Түркі кеңесі құрылып, Нахчыван келісіміне қол қойылғанын атап өтті. Сөз кезегін алған Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Ө.Кожаман Н. Назарбаевтың мықты ерік күші мен саяси көрегендігі арқасында Түркі әлемі интеграция жолына түскенін алға тартты. Сөзін Түркі кеңесінің өткен 10 жылдағы жетістіктеріне әкеліп, қазіргі таңда Түркі іскерлік кеңесі, Түркі университеттер бірлігі, Жастар платформасы сияқты институттардың белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын, «Орта дәліз» көлік жобасы іске қосылғаны, сондай-ақ, жақында Еуропаның төрінде Будапештте Түркі кеңесінің офисі ашылғаны жайлы мәлімет берді. Ө.Кожаман Өзбекстанның Түркі кеңесіне қосылуын қуантарлық оқиға деп бағалады. Сөзін түрік жұртшылығын бүгінгі Түрік тілі мерекесімен құттықтаудан бастаған Халықаралық Түркі академиясының Президенті Д. Қыдырәлі кітапта топтастырылған пікірлер мен мақалалардың авторлары жайында ақпарат берді.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент Н. Назарбаевты Ататүрікке теңей отырып, Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүрікПА сияқты ұйымдарға Елбасының «түркі» атауын бергенін еске салды. Н. Назарбаевтың 1990 жылдардан бастап түркі әлемінің интеграциясына сабырлы және мақсатты түрде еңбек еткенін айтып өткен Д.Қыдырәлі, түркі әлемі бұл еңбегі үшін оны Түркі кеңесінің Құрметті төрағалығына лайық көргенін жеткізді. Академия төрағасы Н. Назарбаевтың тарихта ұлы түрік тұлғалары сынды өзінің өшпес ізін қалдырып, түркі болмысының рухын асқақтатуда бар күш-жігерін жұмсап келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен елімізде қолға алынған "Рухани жаңғыру" бағдарламасының түркі дүниесін тереңірек тануға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
Жиын барысында Д. Қыдырәлі аумалы-төкпелі жылдары азаттығын жариялаған Түркі елдерінің бауырлас Түркиямен байланыстарын қалыптастыруға өлшеусіз қолдау көрсеткен Намык Кемал Зейбек пен бүгінде түркі әлемінің ынтымақтастығына зор үлес қосып жүрген Ялчын Топчуны Нахчыван келісімінің 10 жылдығына орай, Академияның арнайы алтын медалімен марапаттады. Түркияның танымал мемлекеттік және қоғамдық қайраткері Н.К.Зейбек Елбасы Н. Назарбаевты түркі әлемінің ұйытқысы екендігін алға тартып, түркі әлемінің бүгінгі «Білге қағаны» деп сипаттады.
Сонымен бірге, Н.К. Зейбек Президент Н. Назарбаевтың түркі әлеміне жасаған тарихи еңбектері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Н.К.Зейбек Н.Ә.Назарбаев терең білім иесі екенін айта отырып, ол М.К.Ататүрікті ең жақсы зерттеп, түсінген кісі деді. Елбасы Назарбаевтың бүкіл әлемді таң қалдырған соңғы шешімі болса, Назарбаевтың халықтың рухын, ақыл-сезімін сезе отырып, қабылдаған теңдесіз шешімі деді. Президент Қ.Тоқаев болса, Елбасының осы сара жолын жалғастыратын өте тәжірибелі, парасатты, зиялы мемлекеттік қайраткер деп бағалады. Н.Назарбаевтың ұсынысымен Түркі кеңесінің тұрақты хатшылығы құрылып, бүгінгі күнде жемісті жұмыс істеп келе жатқанына назар аударған мәдениет экс-министрі, Елбасының түркі тілдес бауыр елдерді жақындастыратын көптеген бастаманың басында тұрғанын баса айтты.
Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Я. Топчу Т.Р. Президенті Р.Ердоғанның конференция қатысушыларына сәлемін жеткізе отырып, өз сөзінде Н. Назарбаевтың тек түркі әлемінің тыныштығы үшін ғана емес, жалпы дүниежүзіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін тер төгіп келе жатқанын алға тартты. Түркі кеңесінің архитекторы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев екенін, және бұл ұйымның түпкі мақсаты дүниежүзілік бейбітшілік, әділет, қауіпсіздік және тұрақты даму деп атап өтті.
Сөз соңында, Я.Топчу Елбасының «Қазақстан күллі түркі жұртының қасиетті ата жұрты» деген сөзін келтіре отырып, Түркі әлеміне және бауырларына жүрегі мен көңілін құшақ жая ашқан Елбасына терең ризашылығын және құрметін білдірді. Тұсауы кесіліп отырған кітаптың түркі әлемінің көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевты барлық қырынан жақсы танытуға мүмкіндік беретін кітап деді.