Аграрлық сала сенаторлар назарында

Қазақтың жері қай жағынан алсақ та, ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Ға­сырлар бойы үйір-үйір жыл­қысымен, отар-отар қойымен, табын-табын сиырымен сайын далада көшіп-қонып жүрген көшпенділер үшін төрт түліктің маңызы зор болды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін ауыл жұрты ата кәсіпті тастап, біршама уақыт нарық заманының илеуіне түсіп кеткен еді. Ал бүгінде ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал, егін шаруашылығын дамыту ісі қайта қолға алынып, арнайы бағдарламалар қабылдануда. Себебі, агроөнеркәсіптік кешен – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысатын экономиканың маңызды секторы.

Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне жиналған сенат депутаттары Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің аграрлық ғылым мен білімді дамыту, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы са­­ла­сына білікті маман даярлау, Қа­зақ­станның агроөнеркәсіптік ке­­шенін дамытудың 2017-2021 жыл­­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өткізді.

Әуелі ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштер мен жетіс­тік­тер жайында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының тиімді тұстарын тілге тиек етті. «Былтырғы жылмен салыстырғанда Ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 3,6 пайызға өсіп, 2,5 трлн теңгеге жетті. 8 айдың ішінде 263, 7 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал алты айда экспорт көлемі 1 млрд 650 млн АҚШ долларына жетті. Бұл межеден егін шаруашылығы да қалысар емес. Республика бойынша дәнді-дақыл егілген аумақ 15,2 млн гектарды құраса, қазір 8,8 млн гектар жерге жиын-терін жүргізілді», – деді.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы отандық агроөнеркәсіп кешенін заман талабына сай дамытуға байланысты арнайы кеңес өт­кі­зіп, ауыл шаруашылық саласы маман­дарына бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Әлемде тұрақты әрі жоғары сұранысқа ие тиімділігі жо­ғары дақылдарды (жасымық, зы­ғыр, соя) өсіруге көшу есебінен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында органикалық ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, заманауи агротехнология мен инновацияны енгізу қажеттігін атап өткен Президент Үкіметке агрохимия қызметін күшейту, гербицидтердің, минералды тыңайтқыштардың және элиталық тұқымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай, биыл «Солтүстік соя» бағдарламасы аясында солтүстік өңірдің 14 мың гектар жеріне соя егілді.

Ал Сенат депутаты Абдали Нұр­алиевтің айтуынша, тәуелсіздік кезеңінде тоғыз бағдарламалық құжат әзірленді. «Олардың негізінде АӨК саласындағы мемлекеттік саясат іске асып, бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Ресми мәліметтер бойынша, 2018 жылы 20,3 млн тонна астық жиналса, оның 11,7 млн тоннасы экспортталды. Ал мал шаруашылығы бағытында өткен жылы ет экспорты 18,7 мың, оның ішінде сыртқа саудалаған сиыр етінің көлемі 4,7 мың тоннаны құрады. 2018 жылдың жалпы кестесіне сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,5 пайызға, тамақ өнімдерінің мөлшері 1,6 пайызға артты» дегенді жеткізді.

Өкініштісі, елімізде мақсатты түрде игерілмей жатқан 7,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның ішінде егістік – 2 млн, жайылым – 5,5 млн гектар. Ал ауылшаруашылық тауар өндірушілері еттің 33 пайызын, сүттің 31 пайызын ғана өңдейді. Бұл – еліміздің өңдеу кәсіпорындарының 60 пайыздық деңгей қуатын ғана пайдаланады деген сөз. Былтыр ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге бағытталған ғылыми ізденістерге бар-жоғы 2714 млн теңге көзделген. Осыған байланысты, Қазақстан АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік шығындарды төмендету, дақылдардың түсімділігін ұлғайту үшін өндірістің, білім мен ғылымның тығыз интеграциясы, отандық ғылыми зерттеулерді әзірлеу және енгізу, елдің аграрлық нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау, шетелдік мамандарды тарту жоспарланған.

Кәсіби маманға сұраныс басым

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров аграрлық саладағы жас ғалымдардың әлеуе­тін көтеру мәселесіне тоқталып, Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жылына 20 млрд теңге қарастырылғанын айта кетті. «Еңбек өнімділігі мен экспорт көлемі артқан сайын ғылыми зерттеулер деңгейі де жоғарылауы керек. Бүгінде ғылыми жобаларды жүргізу үшін 7,5 млрд теңге бөлінген. Осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Бұдан өзге ғылыми институттар мен ауыл шаруашылығы стансалары базасын жарақтандыруға республикалық бюжеттен жыл са­йын 8 млрд теңге көзделеді. Осын­дай мекемелердің көмегімен 22 білім беру орталығы ашылды», – деді вице-министр.

Аграрлық білім сапасын жақсарту үшін еліміздегі 3 жоғары оқу орнында әлемнің маңдайалды оқу орындарының стандарты енгізілген. Мәселен, Қазақ аграрлық университеті мен нидерландық Вагинген дүниежүзіндегі аграрлық білім беру бойынша көш басында болса, екінші орында Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин университеті мен американдық Давис Ю.ЭС.

Нақты салаға маман дайындау ісін 23 ЖОО жүзеге асырады. Десек те, жергілікті атқарушы мекемелердің дерегі бойынша, АӨК субьектілерінің 80 пайызы маманға зәру. Неге? Жоғары оқу орнын бітірген түлектер ауылда жұмыс істеуге құлықсыз. Жыл сайын мемлекеттік грантпен бітіргендердің 50 пайызы ғана ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Ал мамандардың ішінде кәсіби деңгейі төмендері де жоқ емес. Бұған оқыту бағдарламасының практикалық бағдарлану деңгейі кадрларды даярлаудың заманауи талаптарына сай келмейтіні басты себеп. Ауылшаруашылық техникалар мен қондырғылар ескірген. Әрине, мұндай оқу орнында сапалы білім, білікті тәжірибе туралы айтудың өзі артық. Соңғы 10 жылда ғылыми кадрлардың саны 8 пайызға қысқарып, қартаю процесі жалғасуда. Яғни, ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы – 57 жас, аға ғылыми қызметкерлер – 65 жаста, жетекші және аға ғылыми қызметкерлер – 54 жаста.

Бұл тұрғыда Сенат депутаты Абдали Нұралиев: «Болашақ» бағдарламасы аясында агроөнер­кә­сіптік кешен мамандықтары бойынша тағылымнамадан өту жүзеге асырылады. Нәтижесінде 134 ма­ман оқуды аяқтады. Алайда, елі­міздің аграрлы облыстарының ба­сым бөлігінде «Болашақ» түлектері жоқтың қасы. Мысалы, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл сияқты ауыл­шарашылық бағытындағы іргелі облыстарда мүлдем жоқ. Жоғары оқу орындарына жыл сайын грант көптеп бөлінсе де, саланың білікті маманға деген сұранысы азаймай отыр. 2015-2017 жылдары АӨК мамандар мен ғылыми кадрларға деген жалпы қажеттілік 6922 адамды, 2016 жылы 2345, 2017 жылы 2337 адамды құрады» деген деректі тілге тиек етті.

Back to top button