Арыстың ажары кірді

Арыстың ажары кірді

Арыстың ажары кірді
ашық дереккөзі
Жұдырықтай жұмылған ел бірлігінің арқасында Арыс тұрғындары қалыпты тіршіліктерін жалғастыруда. Жаңа кейіпке енген қаланың болашағы баянды боларына сенім нығая түсті.  «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Арыстың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында арнайы ақпараттық тур ұйымдастырды. Төтенше жағдайдан кейінгі 81 күнде қала толықтай өзгеріп, жасара, жайнай түскен. Жарылыстан зақым келген ғимараттар толық жөндеуден өткен. И.Журба атындағы орта мектеп – төтенше жағдай кезінде қатты зардап шеккен әлеуметтік нысандардың бірі. Қазіргі таңда аталған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, оқушыларға білім беруде. Жаңа заманға сай безендірілген нысанға демеушілер робототехника кабинетін сыйға тартқан. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын мектеп директоры Әбдісаттар Жүнісов мектепте Абай бұрышын ашқан. Білім ордасының снаряд түсіп, зақымданған стадионы да бүгінде жаңа кейіпке енді. Спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген стадион мен спорт залы да оқушыларға ерекше тарту болды. Мұнан бөлек, биология-химия, информатика, физика және т.б. арнайы кабинеттері бар үш қабатты ғимараттың іші ерекше. 113 баланы аман алып қалған Гауһар Уәлиханова басқаратын «Алтын Тұмар» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтіп, 1-6 жас аралығындағы бөбектерді тәрбиелеуде. Бұл нысанның да іші-сыртын жөндеген «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры кішкентай сәбилердің ойын алаңына сапалы құрал-жабдық сыйлаған. – Басты мақсатымыз – сәбилерді құтқару еді. Өзімді ерлік жасадым деп ойламаймын. Ұжымдағы 27 қызметкер өз отбасын емес, бала-бақшадағы сәбилердің амандығын ойлады, – дейді Президент қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған балабақша меңгерушісі. Айта кетейік, Арыста 66 әлеуметтік нысан болса, соның 62-і жөндеуден өтіп, 4 нысан толықтай қайта салынған.