980
Алтын орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет
Алтын орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекітіп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауқымы кең, шын мәніндегі тамыры тереңде жатыр. Уақыттың қатпар-қатпар қыртысында ұмыт қалған немесе ескірген рухани мұраны қайта жаңғыртып, ұлт есіне салу бағдарламаның басты мұраты-тын. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт ұясы Ұлытауға арнайы барып, Жошы хан басына зиярат етіп, Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жайлы ұсыныс жасауы рухани-тарихи жадымызды қайта жаңғыртар айтулы бастаманың бірі болды.
«Túrkistan» газеті құрылған күнінен бастап, ұлттың жоғын жоқтап, рухын серпіп келе жатқан басылым. Жуырда газетіміздің жанынан «Түркістан» интелектуалдық ой-пікір клубын құрдық.
Клубтың мақсаты – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелерді клуб отырыстарында талқылап, арнайы мамандар мен зерттеушілердің құнды пікірлерін газет бетінде жариялап отыру. Бұл жолғы отырыс тарихшылармен болды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында тарихқа көз жүгіртіп, алда атқарылуға тиісті істерді талқылады. Клуб отырысына тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетхан, А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай қатысты.
«Túrkistan»: Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапарында Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Жошы ханның есімін ұлықтау мәселесін көтерді. Бүгін біз осы тақырып жайында талқылау үшін «Түркістанның» интелектуалдық ой-пікір клубына тарихшыларды арнайы шақырып отырмыз. Тарихшыларымыздың өздері де айтып жүр, «Татарлар Алтын Орданы басыбайлы иемденіп алды» деп. Кейбір татар тарихшылары «Алтын Ордаға қазақтың қатысы жоқ» деген пікір білдіруде. Біз бұл бағытта да жайбасарлығымыздан өз үлесімізді ала алмай, құр қалайық деп тұрған жоқпыз ба? Алтын Орданың мұрагері екендігімізді ғылыми түрде дәлелдейтін мүмкіндігіміз бар ма?
Берекет Кәрібаев: Лев Гумилевтің пікірі бойынша, тарихта еуразиялық сипаттағы бірнеше империя болған. Түркі тайпалары негізінде құрылған Түркі қағандықтары, Моңғол империясы, оның жалғасы ретінде пайда болған Алтын Орда – әлем тарихында өз орнын ойып алған империя. Алтын Ордадан кейін тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінде кейбір халықтар құрып кетті, кейбірі бүгінгі күнге жетті.
Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз деп бүгінде үш халық айта алады. Біріншісі – этнос бар, бірақ мемлекет бола алмаған Қырым татарлары. Екіншісі – толық егеменді емес, Мәскеуге бағынышты Қазан татарлары. Үшіншісі – Тәуелсіз Қазақ елі.
Қазақ мемлекеті ар жағында Ақ Орда арқылы Алтын Орданың заңды мұрагері. Тарихта сабақтастық принципі деген бар. Яғни, басқару жүйесі –билік, биліктегі әулет – барлығы айналып келгенде Шыңғыс ханнан, Жошыдан тарайды. Демек, бостан халық ретінде Алтын Орданың тікелей мұрагері – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәстүрлі түрде жылына бір рет ғылыми семинар өткізіледі. Әр ғалым өзінің үздік еңбегін жариялайды. 2001 университеттің «Хабаршы» журналына «Талас құрылтайы» атты мақалам жарияланған. Онда әйгілі 1269 жылғы құрылтай сөз болған. Анығырақ айтсам, құрылтайға дейін Құбылай мен Арықбұға арасында билікке таласқан үлкен соғыс болды. Оған Шағатай ұрпақтары араласты. Соғысты тоқтату үшін Алтын Ордадан (ол кезде бұл термин жоқ) Беркенің інісі Беркежар дәнекер болып, ұйымдастырып, Таласта құрылтай өткізді. Жиналғандар: «Атамыз ұлы Шыңғыс қаған бізге қаншама жерді алапат соғыспен алып берді. Әкелеріміз оның ісін жалғастырды. Ал немерелері (Құбылай, Хулағу, Хайду) өзара қырқысудамыз. Енді соғысты тоқтатып, әркім өзінің тиесілі жерін иемденсін» деген қорытындыға келді. Сөйтіп, бес бірдей мемлекет пайда болды. Атап айтсақ, Қытайда Құбылай (Юан) әулеті, Иранда Хулағу әулеті, Мауреннахрда Шағатай әулеті, Үгедейдің немересі Хайдудың иелігі, Дешті Қыпшақта Алтын Орда аталған бес мемлекет құрылтай қорытындысында заңдастырылды. Біз сөз етіп отырған татар тарихшылары осы оқиғаны негізге алып отыр.
Бірақ, Алтын Орда оған дейін-ақ құрылған болатын. Батый өзінің жеті жылдық жорығынан қайтар жолда, қазіргі Еділдің төмен жағындағы Ақтөбеде қыстап қалады. Сарай салдырады. Сол кезден бастап Батый мен Қарақорым арасында қайшылық белең алған. Бұл 1241 жылдың желтоқсаны, 1242 жылдың басы. Сол жылдардан бастап Батый, одан кейін Берке бірде бір рет Қарақорымға барып, ант бермеген. Кеңестік және орыс тарихшылары Алтын Орда 1241-1242 жылдардан жеке мемлекет мәртебесіне ие деген тұжырымға келген.
Енді сұрағыңызға келсем, біз татарларға қарағанда көп артта келеміз. Тоқсаныншы жылдардың басында Татарстанның тұңғыш президенті Мінтемір Шәймиев өз бастамасымен бе, жоқ тарихшылар қозғау салды ма, тәуелсіздіктен үмітті болғандықтан, халқының рухын көтеру мақсатында ма, Маржани атындағы ғылыми-зерттеу институты жанынан Алтын Орда өркениетін, тарихын зерттейтін орталық аштырды. Содан бері отыз жылдай уақыт болып қалды, мемлекет қолдауымен татарлар том-том еңбек жазып тастады. Ал Қазақстанда жекелеген тарихшылар өз еңбектерінде Алтын Ордаға тоқталғанымен, арнайы зерттеулер жүргізген жоқ.
Меңдігүл Ноғайбаева: Татар тарихшылары неге озып кетті дегенге келсек, елімізде тарихи сананың қалыптасуы жаңа дәуірден көнеге қарай жүргізілді. Тоқсаныншы жылдардан бастап, тың және тыңайған жерлерді игеру, топырақтың эрозияға ұшырауы, 20-30 жылдардағы байларды тәркілеу, оған қарсы көтерілістер, алапат ашаршылық, қазақ халқының тең жартысынан көбі қырғынға ұшырауы, Алаш қозғалысы тақырыптары дәуірледі. Сосын XIX ғасырдағы отарлау тақырыбы ұлтымыздың діні, ділі, рухы азып-тозуы мәселелері қоса қабат қозғалды. Араға біраз уақыт салып, қазақ мемлекеттілігінің бастау-көзі қайда, деген сауалға келе бастадық. Үйсіннен бе, сақтан ба қайдан тарадық? Қазақ атауы, этнонимі қайдан шықты? Фирдоусидің «Шахнамесінде», Багрянородныйдың еңбегінде кездеседі екен, біз IX ғасырдан ел екенбіз дестік. Алтын Орда тақырыбы қалып қойды. Ресей тарихшылары «моңғол-татар езгісі болды ма, жоқ па?» деген тақырыпты көтерді. Бізде ол жазушылардың еңбегіне арқау болғанмен, кәсіби тарихшылардың зерттеу нысанына айналмады.
«Túrkistan»: Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланды. Жалпы сол қазақ күні кеше XV ғасырда ел болды деген бізді отарлаушылардың байламы, солардың тарихшыларының тұжырымы емес пе? Оған қалай қарайсыздар?
Берекет Кәрібаев: «Мемлекет», «мемлекеттілік» деген ұғым бар. Мемлекет – жүйе, мемлекеттілік соның көрінісі. Қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихы басталғанына үш мың жыл. Қазақ хандығына дейін біздіңше 20 мемлекеттік құрылымдар болды. Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан, Ноғай ордасы, Қыпшақ хандығы, Түркі мемлекеттері. Бұлардың барлығы Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік көріністері. Бірі – қағандық, бірі – хандық, бірі – сұлтандық. Қазақ хандығы сол жиырма тамырдан нәр алып шыққандай.
«Túrkistan»: Керей мен Жәнібек құрған хандыққа дейін де қазақ хандықтары құрылды емес пе? Орыс хан ұрпақтары құрған қазақ хандығы болса, сол Орыс ханның хандығын Қазақ хандығы дей алмаймыз ба? Немесе Шыңғыс ханға дейін де бәріміз білетін Керей, Найман хандықтары болды. Оларды да хан басқарды. Барлығы бірдей құрылым емес пе?
Берекет Кәрібаев: Әрине, қазақ хандығына дейін мемлекеттер болды. Бірақ, айтылған хандық құрылымдар жалпы ұлттық сипат алған жоқ. Мәселе сонда.
«Шайбанилық тарихнама қазақ хандарының шығу тегін неге бұрмалаған?» деген мақала жазғаным бар. Себебі, Әбілқайыр әулеті Дешті Қыпшақта құрылған бізден басқа әулет, дәлірегі – Жошының бесінші ұлынан тарайды. Керей мен Жәнібек бірінші ұлынан.
Шыңғыс әулетінде жасына, жолына қарай билікке келу дәстүрі бар. Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы, Жошының үлкен ұлы – Орда-Ежен, одан Сартақтай – Қонша – Баян – Сасықбұқа – Ерден – Шынтай – Орыс – Тақтақия – Болат – Керей. Ал жаңағы Шайбани тарихнамасының шежіресінде: Шыңғыс, Жошы, Тұқатемір, Өзтемір, Орыс деп бес-ақ ата көрсетіледі. Екі жүз жылда бес-ақ ата ауысуы мүмкін бе? Әрине, олай емес. Бастысы олар – Тұқатемір деп өтірік Жошының кенжесін көрсетеді. Ата дәстүр бойынша кенже балаларға ең жоғарғы билік берілмейді. Яғни, кенженің ұрпағы Дешті Қыпшақты билеуге құқы жоқ деген аңыз таратады. (Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани хан). Шындығында – қазақ хандығының тағына бірінші отырған Керей хан Тұқатемірдің емес, Орыс ханның, турасы – үлкен ұлдың ұрпағы. Мұндай бұрмалаудан ада Рашид-ад-диннің еңбегінде, екі жүз жылда он буын ауысады, ол қисынды.
Шыңғыс әулетінде шығысқа тән сипатпен билік киелі саналады. Оларға билік күреспен келмейді, көктен беріледі. Шыңғыс ханның арғы әжелерінің бірі Аланхуа өте сұлу әйел болған деседі. Екі бала тапқасын күйеуі қайтыс болады. Содан кейін де үш баланы дүниеге әкеледі. Бұларды қайдан таптың дегенде: «Түнде шаңырақтан ай сәулесі түседі. Ол сақалды қарияға айналады. Қария менің ішімді сипайды, содан жүкті боламын» депті. Бұл аңызға елді сендіреді, халықтың миына сіңіреді. Сөйтіп, әулет Көкпен байланысты болып шығады. Қасиетті болғасын да Шыңғыс хан ұрпағынан басқалар хан тағына отыра алмайды. Қанша мықты болса да, атақты Темір әмір, ал Едіге би деңгейінде қалды. Сол дәреженің өзіне олар Шыңғыс әулетіне жақындығының арқасында жетті.
Әлімғазы Дәулетхан: Тарихты тануда басқалар арыдан бері қарай жүрсе, бізде керісінше, бүгіннен өткенге қарай. Себеп: үш жүз жылдық отарлық қамыт, тарихымызды басқалар жазғаны, билікті басқалар жүргізгенінің зардабы. Екінші көшпелі өмірдің кесірі. Асылхан Оспанұлы деген жетекшім болған, сол кісі айтушы еді «Ата-бабамыз бізге болмаса екі бет жазулы қағаз, екі бөлмелі үй де қалдырмады ғой» деп. Сосын да дастарқан басында отырып алып, ата-бабам сондай-мұндай болған деп баланың әңгімесін айтамыз.
Кеңес дәуірінде бір топ білімді азаматтар шығып еді, оларды соттады, атты, сөйтіп тарихсыз халыққа айналдық. Бүгінгі әңгімеміз – Шыңғыс хан. Әй, айналайындар-ау, 700-800 жылдан бері оны әлем монғол деп таныды. Шыққан ру-тайпасы, қайда не істеді, жатқаны-тұрғаны бәрі хатқа түсті емес пе? Осындайда айтқаны заң болатын тарихшылардың арасында да айтулы тұлға жоқ. Құзырлы орындар екі бастан үнсіз.
«Túrkistan»: Тарихшыларда ауызбірлік жоқ па? Қауымдастықтарыңыз бар секілді еді ғой?
Берекет Кәрібаев: Төрт қауымдастық бар. Бір-бірімен байланысы жоқ.
Әлімғазы Дәулетхан: Жиналыс шақырған кезде білеміз қауымдастық дегенді.
«Túrkistan»: Алтын Орда тарихын жазуға деректеріміз, мамандарымыз жеткілікті ме? Дәлелдеп көрсете аламыз ба?
Әлімғазы Дәулетхан: Осы міндетті алып шығатынымызға күдіктенем. «Таздың биті санаулы» деген сөз бар. Бізде кедейшілік. Деректер – Ташкентте, Қазанда, Еуропада қалған. Мына Берекет інімнің «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан, «Қазақ мемлекеттілігін 1269 жылдан бастайық» деген мақаласы бар. Оқыған да шығарсыздар. Татарлармен таласпай-ақ, өз жерімізде өткен Талас құрылтайынан бастап елдігімізді дәлелдеп, жоғымызды түгендесек, сол да жетеді, меніңше.
Марқұм белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының басшылығымен біздің институтта жазылған «Мемлекеттілік тарихы» деген үлкен кітап бар. Қазақ тарихын жазудың дайын үлгісі сол. Соны басшылыққа алу қажет.
Меңдігүл Ноғайбаева: Әрине, жазба деректер аз. Бізде бары жеріміздегі, діліміздегі деректер. Қастек қаласын қазғанда ғалымдар бес қабатты тапты. Біреуі Алтын Орда қабаты. Қастектің ондай үлкен дәрежедегі қала екендігін бұрын білген жоқпыз. Қазір археологтар алтын адамдардарға көп уақыттарын бөліп, қатты назар аударып кетті. Көне қалаларды зерттесе, дерек жеткілікті. Діліміздегі «Қырымның қырық батыры», «Едіге мен Тоқтамыс» жыры, Сыпыра жырау, көптеген аңыз-әңгімелер халқымыздың жадымен келген деректер. «Алшын Алау батыр» жырындағы Алау – кіші жүз шежіресіндегі белгілі тұлға. «Қанеки, сен де бір толғашы, Қарақожа батырым» – дейді Тоқтамыс. («Едіге мен Тоқтамыс» жыры). Мұның барлығы дерек. Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген адамдар, тарихи тұлғалар. Демек, нақты зерттеуді қажет етеді.
«Túrkistan»: Нақты зерттеуге мамандар бар ма, деген сұрақ туындайды.
Меңдігүл Ноғайбаева: Жетістігіміз де, кемшілігіміз де бар. Қазір ғылым өзгерді. Тарихты ғана емес, тілді, фольклорды, археологияны, реставрацияны бәрін-бәрін игеруің керек. Өткенде Англиядан бір ғалым келді. Қасында физигі де, химигі де, генетигі де бар. 25 адам – бір топ. Олардың зерттегені Ботайдан табылған екі тал жылқының тісі. Анықтағандары: жабайы жылқы тісімен салыстыра отырып, әлгі тістің екі жасар жылқынікі, қарашаның аяғы, желтоқсанда өлгені, қанша шапқаны, бәлен салмақтағы адам екі апта бойы мінгені, күні бойы ештеңе жемей, түнде жайылғаны, ауыздықтың ізі түгел-түгел (ақпараттар) тісте сақталып қалған. Арада миллиондаған жылдар өтсе де, қандай жылқының тісі екендігін анықтап отыр.
Жаман маман дайындап жатырмыз деп кім айтады. Тарихшыларға қажетті тілдерді оқытуға күш салудамыз. Еліміздегі жалғыз Қырым Алтынбековтің лабораториясына жібереміз. Студенттердің болмаса көзі үйренсін, зердесіне түйсін дегеніміз ғой. (Қырым Алтынбеков – ерте дәуірдегі бұйымдарды қалпына келтіріп, зерттеуші маман – ред).
Заман талабына бейімделіп, істеп жатқан тірліктеріміз баршылық. Италияға «Екі диплом» бағдарламасы бойынша 4-5 студентті жібердік. Солардың екеуіне Алтын Орда тақырыбы берілді. Қазір Италия деп бірігіп тұрғаны болмаса, кезінде олар қала-мемлекеттер болған. Көпестері Алтын Ордамен сауда жасауға таласып, қырқысқан. Бәсекелескен. Жәнібекке бірінен кейін бірі хат жолдаған. Оны орыс тарихшылары жарыққа шығарды («Золото Ординская коллекция»). Сол деректерді латын тіліндегі нұсқалардан аударды. «Официальный язык улиса Жуши» – деп жазады. Ресми тіл басында монғол, кейін қыпшақ тілі болған.
Оны татарлар өз тілдері болғызып алды. Қыпшақ тілі болғанын дәлелдеу үшін маман керек. Сондықтан, әлгідей студенттерді жіберіп, оқытып жатырмыз. Онсыз мүмкін емес.
Бүгінде ғылымның дамуы жоғары технологияларға байланысты. Лабораториялар, құрал-жабдықтар жоқ. Ілкіде айтқан шетелдіктермен салыстырғанда біздің археологтар әлі күн күрекпен жүр. Жоғары технология бойынша қазір жерді қазу да қажет емес. Төбесінен түсіре салады. Зерттеуге барлық ақпараттарды әлгі аппараттар өзі дайындап береді. Шындығын айтқанда, ғылыми технология жағынан өте арттамыз.
Өмірбек Қанай: Бекарыс Нұриман деген ғалым жігіт жақында 23 хаттың транскрипциясын әкелді. Алтын Орда мен Осман империясы арасында жолданған хаттар. Алдағы уақытта сол деректерді пайдаланып, бір монография дайындап жатырмыз.
Маман бәрін шешеді. Бір шетелдік ғалым, осы Алматыда «Диуани хикметтің» бір нұсқасы бар екен, қағазын ұстап көрді де, «мынау ХIV-ғасырдағы нұсқа» деді. Сондай кәсіби мамандар дайындау қажет. Өзім Германияда білім алғанмын, неміс тілін білемін. Менің қолымда оннан астам карта бар. Жошы ұлысы сол карталарда анық жазулы тұр. Дәлірек айтсам, 1695 жылы Амстердамда шыққан карта. Көк Орда, Ақ Орда, Ұлытау дейсіз бе, бәрі бар. Тек оқып зерделейтін мамандар қажет.
Айбар Хасеналин деген археолог Алтын Орда дәуіріне тиесілі алтын тостаған тапты. Тостаған ортасында қызғалдақ бейнеленген. Қазақстанды қызғалдақтың отаны деген болжамды әйгілеп тұрғандай. Ою-өрнектері кәдімгі қазақ ою-өрнектері. XIII ғасырға тиесілі екендігі Жапонияда анықталды.
«Túrkistan»: Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қандай жұмыстар атқара аламыз?
Берекет Кәрібаев: Ресей 1823 жылы Алтын Орданы түпкілікті зерттеуді қолға алмақ болды. Грант жариялады. Ол кез үшін 10 мың рубль көп ақша. Бірақ ғалымдар үнсіз қалады. Екінші жылы тағы жариялайды. Бір ғана неміс тарихшысы келеді. Алайда оның қолжазбасы қабылданбайды. Себебі, еуроцентристік көзқараспен тек парсы деректеріне сүйенсе керек. Орыстар туралы айтылмапты. Міне, содан бері Ресей де Алтын Орданың толық түрдегі тарихын жаза алған жоқ. Біз бір жылдың ішінде бірдеңе бітіреміз деп айта алмаймын. Иә, сөз жоқ, маңызды тақырып. Бірақ, Алтын Орда өркениеті, тарихы мәселесімен тікелей айналысатын арнайы орталық ашпай, ештеңе өнбейді.
Алтын Орда қазіргі АҚШ секілді империя болған. Дүниежүзімен қарым-қатынас жасаған. Біздегі бары араб-парсы, орыс деректері. Ал, фин, норвег, поляк, ағылшын, испан, итальян, румен, болгар тілдеріндегі деректерден хабарымыз жоқ. Соның барлығын игеріп барып, қорытып жазбаса болмайды.
Тоқтамыс билікке келгесін, түрік сұлтанына хат жазады. Хаттың транскрипциясын оқып көрсем, қыпшақ тілінде екен. Бір сөзге келгенде қиналдым. «Маған дейін біздің ата-бабаларымыз сіздердің ата-бабаларыңызбен барыс-келіс жасаған». Осындағы «барыс-келісті» татарлар елші деп аударып жіберген. Барыс-келіс әлі күнге қолданылатын қазақ сөзі, архаизм де емес.
«Túrkistan»: Тарихшылардың төрт одағы бар дедіңіздер. Ғалымдардың басы қосылмай қоймай ма?
Меңдігүл Ноғайбаева: Ғылымда ұрпақ алмасып жатыр. Бұрынғы методологиямен келе жатқан аға буын ренжімесін, әр маман өзінше жүріп, еш нәтижеге жете алмайды. Қаласа да, қаламаса да, жетістікке жету үшін бірігеді. Қазіргі заман талабы жан-жақтап зерттеу. Сонда қорытындысына жұрт иланады.
«Túrkistan»: Алтын Орданың мұрагеріміз дегенде бетке ұстар дәлеліміз – Сарайшық. Қорқыттан айырылып қалдық. Сарайшықтың да орнын сипап қалатын түріміз бар. Бұл жөнінде не айтасыздар?
Берекет Кәрібаев: Сарайшыққа барып көрдім. Сарайшық деген ауыл бар екен. Кезінде қала болғаны орнынан көрініп тұр. Жарда суға құлап кететіндей құмыралардың басы, түбі көрініп жатыр. Төбесі жабылмағасын күн де, жаңбыр да тоздыра беретіні анық. Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен Үкіметтен ақша бөлініп, жағалау бетондалып, су шаюы тоқтатылыпты. Бірақ төбесіне қалқа орнатылмаған. ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді деді. Қазір Әбілсейіт Мұхтар дейтін тарихшы, Сарайшықты зерттеу, қорғау мекемесінде басшы болып отыр. Зерттеу жүргізіліп жатыр. Жақында Алтын Ордаға қатысты конференция өткізбек.
Сарайшық Алтын Орда астанасы болған жоқ. Сарайшық – кішігірім сарай деген сөз. Ол Ноғай ордасының астанасы болғаны рас. Кейіннен Қасым ханның резиденциясы. Қасым хан сонда жерленген. Сыр бойындағы қалалар Сығанақ, Сауран, тағы басқалары дәл осы Алтын Орданың дәуірінде гүлденген. Демек, археологтар білек сыбанып кіріссе, істейтін шаруа жеткілікті.
Жазып алған
Дағжан Белдеубай
Суреттерді түсірген
Мақсат Құсайынов