Алматы тауларында құтқарушылар «Үш аға» шыңында жардан құлап кеткен 17 жастағы жасөспірімді эвакуациялау бойынша күрделі операция жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы хабарлама 17 шілде күні сағат 16:50-де түскен. Үш жасөспірім түсіп келе жатқанда бағыттан жаңылып, олардың бірі шамамен 15 метр биіктіктен құлап, есінен танып қалған. Олармен телефон арқылы байланыс сақталып, координаттары құтқарушыларға берілді.
Сағат 17:05-те «БАУ» бақылау-құтқару бекетінен бес адамнан тұратын топ жолға шықты. Сағат 19:55-те олар Терешкова шыңы маңында жасөспірімдермен байланыс орнатты. Сағат 21:46-да құтқарушылар зардап шеккен жасөспірімге жетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің иығы, шынтағы, жамбас сүйегі сынған болуы мүмкін және омыртқасына зақым келген деген күдік бар. Ол тасымалдауға жарамсыз деп танылды.
Эвакуация үшін тікұшақ тартылды. Сонымен қатар, «Тұйық-Су» және «Мұзтау» бекеттерінен қосымша құтқару топтары аттанды. Құтқарушылар зардап шеккенге жету үшін Көк-Жайлау жотасына келген Төтенше медицина орталығының бригадасын ертіп апарды.
Жасөспірім қиын жететін жерден эвакуацияланып, Алматы қалалық №1 балалар ауруханасына жеткізілді. Оның екі досы да тікұшақпен Боралдай әуежайына жеткізіліп, одан әрі үйлеріне өз бетімен қайтты.
Іздеу-құтқару операциясы аяқталды.