278
Қазақстандықтар 7 ай ішінде шетелге 345,5 млрд теңге аударған
Қазақстандықтар 7 ай ішінде шетелге 345,5 млрд теңге аударған
Биылғы жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстан азаматтарының шетелге аударған ақша қаражаттарының сомасы 345,5 млрд теңгені құрады.
Ranking.kz дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың 7 айындағы халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы жіберілген қаражат көлемі 369,1 млрд теңгені құраған. Аталған соманың 345,5 млрд теңгесі шетелге, ал 23,6 млрд теңгесі Қазақстан аумағына аударылған.
Ал халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы шетелден Қазақстанға келген қаражаттың сомасы 203 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың қаңтар-шілдесіндегі сомадан 8,8 пайызға көп. Осы уақыт аралығында шетелге аударылған және шетелден алынған трансшекаралық аударымдар көлеміндегі айырмашылық бір жылдың ішінде 135,8 млрд теңгеден, 142,5 млрд теңгеге дейін артып отыр.
Халықаралық ақша аудару жүйесі арқылы трансшекаралық аударымдар жасалатын елдер арасында Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстан көш бастап тұр. Айталық, 7 айдың ішінде қазақстандықтар Ресейге 116,9 млрд теңге аударып, ол жақтан 72 млрд теңге алған.
Дегенмен, елімізден көрші елге аударымдар бір жылдың ішінде 8,7 пайызға, ал Қазақстанға аударымдар 23,7 пайызға қысқарған. Ал Қазақстаннан Өзбекстанға 72,1 млрд теңге аударылса, ол жақтан елімізге келген ақша көлемі не бәрі 14,9 млрд теңгені ғана құрайды. Мұнан бөлек, қазақстандықтар Түркияға 47 млрд теңге аударып, 3,8 млрд теңге алса, Қырғызстанға жіберілген қаражат 43,4, ал келіп түскен ақша көлемі 13,4 млрд теңге болды. Қазақстандықтар Корея Республикасынан 32,2 млрд теңге ақша аударымын алған.