504
Мемлекет басшысы Жақсының егіншілерімен тілдесті
Мемлекет басшысы Жақсының егіншілерімен тілдесті
Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі егін ору науқанымен танысты. Президент Жақсы ауданына соғып, қарапайым шаруалармен тілдесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын ғана елді-мекенге ат басын бұруының өзіндік мәні бар. Жақсының ұны, жармасы, құрама жемі мен ет пен сүті Қазақстаннан Қытайға дейін, Ауғанстан мен ТМД елдерінің тұтынушыларына жақсы таныс. Мемлекет басшысы танысқан «Айбат» шаруашылығының 17 мың гектарының барлығы цифрландырылған. Жерді тиімді игерумен қатар, Жақсы ауданында өңдеу ісі оң жолға қойылған. Президент мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласына беріп отырған қаржылай демеуі нақты нәтиже беруі керектігін айтты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделуін қолға алып, дайын өнім шығару, ауылда жұмыс орындарын көбейту туралы Мемлекет басшысының халыққа жолдауында ерекше мән берілген еді. Жақсы ауданы осы міндеттерді нәтижелі іске асырып отырған аймақтың бірі. Ауыл астықтың ғана ордасы емес, чемпиондардың да бесігі. Егін алқабынан кейін Президент жергілікті спорт мектебіне соғып, Қазақстанның ең ірі астық қоймалырының бірінің жұмысымен танысты. Жақсы элеваторының 300 мың тонна астық сақтайтын қуаты бар. Күніне 520 тонна ұн 240 тонна құрама жем және 30 тонна жарма өндіреді.