Осы орайда ұлттық компаниялармен 9,8 млрд. теңгені құрайтын 529 келісімшарттар түзілді. Нәтижесінде өңірдің негізгі инвестициялық капиталының көлемі 323,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Шетелдік капиталдың қатысуымен құны 1,7 АҚШ долларын құрайтын 29 жоба іске асты. Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде іс сапармен болды. Мұндай сапарлар алдағы уақытта Ресей, Малайзия, Сингапур, Франция, Германия елдерінде жалғасын таппақ.
Оңтүстік Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – ауылшаруашылығы саласы болып табылады. Осы бағытта агроөнеркәсіп кешенінде жаңа технологиялар мен инновацияларды ендіруге айрықша назар аударылып отыр.
«Өзіміз өндіретін ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бақша, көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын заманауи қоймалар салуымыз қажет. Осы мақсатта Шымкентте ірі сауда-логистикалық орталығын салу жоспарлануда»,- деді облыс әкімі.
Өңір басшысы атап өткендей, сауда-логистикалық орталығының жалпы көлемі 90 га. асады. Кешенде халықаралық стандарттарға сәйкес «А» және «Б» сыныпты ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын заманауи қоймалар салынбақ. Мұндай қоймалар алдағы уақытта Сарыағаш және Мақтарал аудандарында, Түркістан қаласында салынады деп жоспарлануда.
Б.Атамқұлов халықты жұмыспен қамту мәселесі де жергілікті биліктің ерекше назарында болатынын жеткізді.
«Мемлекет Басшысы Жолдауда жаңа жұмыс орындарын ашу міндетіне ерекше көңіл бөлді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде өз деңгейінде атқарылып келеді. Атап айтқанда, тоғыз ай көлемінде 51 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Оның ішінде 36,4 мың азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасты»,- деп атап өтті өңір басшысы.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері 194 млн, теңгені құрайтын 228 жоба мақұлданды, бұл өз кезегінде 1622 жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізді.
Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша жиында сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Қ.Ержан, «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының директоры У.Қыдыр, облыстық славян этномәдени қоғамдық ұйымының мүшесі А.Шолгина, облыстық кәсіпкерлік мектебінің директоры Б.Дүйсебеков сөз алып, өз ойларын білдірді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі