1488
Қаратас петроглифтері
Қаратас петроглифтері
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласында түп тамырымызға, ұлттық тарихымызға терең бойлай отырып, оның күрмеулі тұстарын кеңінен тарқатып берді. Ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрі мен өмір сүру кезеңін, мәдени-рухани жауһарларын, табиғатын әсерлі баяндай отырып, Ұлы даланың бүгінгі заңды мұрагері – Қазақ елін айдай әлемге тағы бір мәрте паш етті.
Табиғатында біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, ашық аспан астында талай мәдени мұралар қалдырған. Балбал тастарға адам, жартастарға тұрмыста пайдаланған жануарлар мен аң бейнелерін көркем етіп салып қалдырып отырған. Елімізде «аң стилі» өнерінің ежелден дамығанын Отанымыздың түкпір-түкпірінен табылып жатқан жартастарға салынған бейнелер айқындап отыр.
Жалпы күнделікті өмірде күйбең тіршілікпен көп нәрсеге мән бере бермейміз. Әсіресе, ауылда тұрып, айналасындағы жер-су атауларына көңіл бөлмейтін азаматтар қатары бүгінде баршылық. Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Қаратас ауылына барған сапарымда осыны байқадық. Ауыл тұрғындарына елеусіз көрінген кейбір дүние, бізге бағалы, құнды дүние болып көрінді.
Онда біз Жамбыл облысының энциклопедиясына енген Теріс петроглифтерін іздеп жолға шыққан болатынбыз. Қасымызда журналист-жазушы Мақұлбек Рысдаулет бар. Бізді осында бастап келген де сол кісі болатын.
Күні бұрын Күреңбел ауылдық округінің әкімі Мырзағали Жадыраевпен хабарласып, бізге жол көрсететін жігітті тауып беруді сұраған едік. Жолда Қаратас негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімдері Думан Қонақбаев пен Нариман Қуанышев көлігімізге отырды. Сөйтіп олар ауыл тарихымен таныстыра бастады.
Қасиетті Қаратас
Жолда ауылдың неге Қаратас аталғанын сұрадық. Жолбасшыларымыз Қаратастың өз құпиясы барын айтты. Алдымен соны көрейік деп жолдан сәл ауытқып, ауыл бейітінің қасына келіп тоқтадық. Бейітте жатқан жамағатқа құран бағыштап бет сипадық та, жерге шөгіп бара жатқан қаратасқа таяп келдік. Айналасын темір торкөз сыммен төртбұрышты етіп қоршап қойған. Ішінде қаратаудың қара үш тасы жерге қиғашынан қадалып тұр. Алдыңғысы үлкендеу. Артқы екеуі кішірек. Бейне үлкен тастың күзетшісі сияқты. Бізге дейін біреу келген болуы керек. Қаратасқа ақ орамал жауып қойған. Думан Қонақбаев бұл тастың бала кезінде биік, үстіне шыға алмайтын жақпар тас екенін, қалқасына келіп талай жасырынбақ ойнағанын айтты. – Қазір ол жыл санап жерге кіріп, шөгіп бара жатыр дейді. «Қара тастың қашан, қалай пайда болғанын ешкім білмейді. Ауыл тұрғындары бұл тасты әулие тас санайды. Ертеректе осы тастың түбіне Арыстан баб әулие келіп ығына түнепті-мыс. Сәл арыда әулие бастау бар. Оның суын ел ем үшін пайдаланады. Жылда сәуір айының соңында ауыл тұрғындары бастаудың көзін ашып, арнасын тазалайды. Сол кезде су мына қара тастың қасындағы жыраға дейін келеді. Ал жазда суы тасқа сіңіп кетеді, – деді ол. Думанның айтуынша, Қаратастың киелілігі ығына Арыстан баб түнеп кеткеннен соң, бұлақтың емдік қасиеті бабаның бұлақтан дәм татқанынан кейін артқан. Кейбір кісілер мұнда бәйгеге қосатын тұлпарларын әкеліп, жарыстың алдында Қаратасты айналдыра аластап алатынын, бала көтермеген әйелдердің түнеп, құдайы таратып кететіндігін де ауыл жігіттерінен естідік. Тіпті бастаудан алған су да бұзылмай сол қалпы дәмін айлап сақтап тұрады екен. Өкінішке қарай бұлақтың басына бара алмадық. Бұлақ бұл арадан 400-500 метр жерде, сай қуысында екен. Оның үстіне қазір суы тартылып қалған деді жолбасшыларымыз.Алып қараағаш
Осы арада бағытымыз аяқасты тағы өзгерді. Ауыл жігіттері сайдың арғы бетінде қалқайып жалғыз тұрған үйдің ауласында адам мүсіні бейнеленген балбал тастың барын айтты. Мақұлбек ағамыз жақын жерде болса бірінші соны көре кетейік деп ұсыныс тастады. Жігіттер Теріс өзенінің бойында бастау барын айтты. Сөйтіп Қаратастың қасынан қайта көлікке отырып, өзеннің арғы бетіндегі үйді бетке алып жүріп кеттік. Теріс өзенінен өтетін жайдақ өткелге таяғанда бастаудан су ішуге тоқтадық. Ол арадан екі бастау шығып жатыр. Бірін ұйық басқан. Екіншісінен ел су алатын болса керек, қыш құбырды сыналай қағып, бастаудың көзін ашып қойыпты. Содан су сылдырап ағып жатыр. Шөліміз қанғанша іштік. Шөлімді қандырып, айналама көз жіберсем таяқ тастам жерде, жолдың арғы бетінде алып қараағаш тұр. Жақындап барып қарасам, діні жуан. Адымдап айналып шықтым, сегіз-тоғыз қадам. Міне, керемет. Шеңберінің өзі кемі алты метрді құрайды. Алып бәйтеректің бұтақтары да төрт құбылаға тең түсіп, төрт тарапқа бөлініп жатыр. Қазақ төрт құбылаң түгел болсын дегендей мына қараағаштың кереметін қара! Тамыры да төрт тарапқа жайылып, жерге қазықтай қадалған.Балбал тас
Ол үйге де жеттік. Жүргізушіміз Мұрат Әзімханов есіктің алдына барып бірақ тоқтатты көлігін. Оңаша төбеге қонған үйдің ауласында қоршау атымен жоқ. Есік алды толған күркетауық, қырғауыл, үйрек пен тауықтың балапандары. Ортасында екі ит жатыр. Ал, ауласында бетон плитаға орналастырылған адам бейнесі бейнеленген тас мүсін тұр. Аздап тозған. Адам бейнесі аздап көмескілене бастапты. Бейне қолын кеудесіне жинап алған әйел мүсіні сияқты. Балбал тастың айналасы қашалғаны, сирек кездесетін тас екені көрініп-ақ тұр. Есік алдына біреулердің келгенін естіп үй егесі де сыртқа шықты. Шыққан бойда Мақұлбек Рысдаулетті танып, «Бақатерек» кітабын оқығанын айтып, үйге шақырды. Алпыстың екісіне шыққан үй егесінің есімі Нілдебай Байғонысов. Нілдебай ағадан балбал тасты қайдан тапқанын сұрадық. Ол үйінің қасындағы егіс алқабын көрсетіп, «Осыдан 25 жыл бұрын көктемде егін егейін деп жер аудардым. Соқаны тереңірек салып айдасаң мол өнім алады екенсің деген біреулердің сөзін тыңдап, жер жыртып жатқам. Кенет шынжыр табанды тракторымның соқасы бірнәрсеге ілінді де сөніп қалды. Түсіп, соқа жақты қарасам бір ұзын жіңішке келген тас жатыр. Бетінде лайы баттасып тұр. Жәй тас қой дедім де былайырақ шығарып тастадым. Далада жатып, жаңбырмен жуылған тасты біраз уақыт өткен соң барып қарасам, адамның бейнесін көрдім. Біреудің басына қойылған құлыптас екенін түсініп үйге әкелдім. Әкем осында қой деген соң астына цемент құйып, есік алдына орнатып қойдым», – деді үй егесі. «Енді оны өлкетану музейіне бер. Ауданда өлкетану музейі ашылған. Мынау деген керемет дүние. Мұндай дүние Жуалыда бұрын-соңды табылған емес. Тарихшылардың қызығушылығын тудырады. Оның үстіне музейде тұрса ел көреді. Халыққа қызмет етеді», – деді Мақұлбек аға. Нілдебай талай адамның, тарихшылардың сат деп келгенін, ешкімге бермей әкесінің айтуымен осында орнатып қойғанын айтты. «Осында тұрады, біреудің басына қойылған құлыптасты сатпаймын да, бермеймін. Табылған жерінде тұра берсін. Көретін адам болса келіп көре берсін» – деді.Қаратас петроглифтері
Ауыл тұнған тарих. Соның бір куәсі балбал тасқа қашалған адам мүсіні. Осы мүсін ауданда жаңа ашылған өлкетану музейінде тұрса ғой шіркін, тарихшылардың Жуалыға деген қызығушылығын арттырар ма еді деген үмітпен аттандық. Біздің қатарымызға Нілдебай да қосылды. Жолда бағанағы қараағаштың қасына тағы тоқтап, бұлақтың дәмді суынан тағы іштік. Қараағашқа қайта жақындадық. Жүргізушіміз Мұрат аға бағана онша мән бермесе керек. Енді құлашымен ағашты құлаштай өлшеп, айналып шықты да, «шеңберінің өзі алты метрден асады. Қанша жыл болды екен бұл ағашқа?» деп төбесіне қарады. Жоғарыда үзілген әңгіменің түйінін Нілдебай тарқатты. – Әкем айтып отыратын. Ең алғаш осы жерге Ресейден бір орыс келіп, осы арадан дирмен салыпты. Ол келген жылдар 1880 жылдардың іші болса керек. Бұл ағаш сол кезде егілген. Содан бері жасап келеді. Ешкімге кескізбей, бүлдірткізбей үй жақтан қарайлап отырмын. Мұндай ағаш қазір жоқ. Бұл үш ғасырдың жүзін көрген ағаш. Жүз жылдан аса өмір сүріп тұр», – деп көкейдегі сұрақтың түйінін шешіп берді. Сонымен қаратас петроглифтерін көру үшін жотаға көтеріліп, Қауынбай сайға келдік. Бір төбені тұтас алып жатқан жартас Қаратастан көнеден келе жатқан суреттерді іздедік. Таптық. Аң аулап жаққан барыс, түйе, тау ешкілер тағы басқа суреттерді кездестірдік. Оның ішінде таңбалар бар. Келесі қыраттарда да суреттерді ұшырастырдық. Бірақ тасқа қашалып салынған көп суреттер көмескіленіп өшуге айналыпты. Оның үстіне жартас тастың көп жері құлаған. Қаратас петроглифтері орналасқан төбенің өзі желдің өтінде орналасқан екен. Қазіргі жартастың жай күйіне қарап, екі мың жылдық тарихы бар суреттерді алда сақтап қалу мүмкін болмайтын сияқты. Соны жүзімізден оқығандай-ақ, жолбасшымыз Нариман «Тағы болса мына жерден тас алу қиын. Әйтпесе баяғыда-ақ ауыл тұрғындары тасын құлатып, тасып әкетер еді» деді. Оның да көнеден жеткен мұраның осылай жоғалып бара жатқаны қынжылтқандай.Асхат Райқұл
Жамбыл облысы