346
«Халық даңғаза әңгімеге ермеуі қажет»
«Халық даңғаза әңгімеге ермеуі қажет»
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады екен» немесе «көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі», «мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен» деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін өз мүдделері үшін пайдалана білетін адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді», – деді. Сонымен қатар, Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты.
Адам капиталын дамыту жайында сөз қозғаған саясаттанушы Саясат Нұрбек ең алдымен білім алу және еңбек ету мәселесіне тоқталды. «Бірінші мәселе: білімге деген жаппай сұраныс жоқ. Жалпы ішкі өнімнің азайып кеткеніне қарамастан, бізде тиімсіз жұмыс орындары сақталған. Білім беру жүйесі білім экономикасының мамандарын әлі күнге дайындамай отыр. Жоғары білімнің бұқаралық сипат алып кеткенін Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында да көтерді. Жоғары білімнің бұл мәселесіне енді ғана жүйелі қарап жатырмыз. Сөйте тұра, білім беру жүйесі бизнеске құлақ аспайды. Жұмыс берушілердің 91 пайызы түлектердің практикалық білімі мен машығы жоқ екенін айтады. Диплом иелерінің жартысына жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. 25 жастан кейін біздің адамдар білім алуды тоқтатады. Біліктілігін арттыруға зер салмайды. «Еңбек кедейлігі» деген түсінік қалыптасты. Мысалы, бізде дәрігер мен көлік жүргізушісінің айлықтарындағы айырмашылық 20 пайыздан аспайды. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 260, Германияда – 174, Бразилияда – 172 пайыз. Осылайша, неғұрлым жоғары білікті, шығыны елеулі мамандықтарға сұраныс байқалмай отыр. Бұл – өте күрделі мәселе», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Мемлекет басшысының Ұлытауға жасаған сапарының тарихи маңыздылығына ақын Қазыбек Иса тоқталды. Таяуда ұлт тарихындағы Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Еуразия кеңістігінде ерекше зор алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген Мемлекет басшысы: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде елімізде және шетелдегі жұртшылықтың көпшілігі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет» деп атап өтті. Мемлекет басшысының Ұлытау сапары мен ұлағатты сөздері рухымызды көтеріп, еңсемізді биіктетті. Иә, Алтын орданың атасы Жошы ханның тұлғасын сақтау түгел түркі жұртына ортақ іс», – деді Қазыбек Иса.
Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі үш топқа бөлініп жұмыс істейді. Экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыру топтары елдің сөзіне құлақ асып, ол ұсынысты Қоғамдық сенім кеңесінің отырысына шығарады. Кешегі өткен алғашқы отырыстың өзінде қоғамда қордаланған бірқатар мәселелер ортаға салынды. Енді кеңес мүшелері көшпелі отырыстар өткізуге ниетті. Алғашқы отырыс аймағы Арыс болып бекітілді. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы 3 айдан кейін ұйымдастырылатын болады.
Әсел ӘНУАРБЕК