«6 ай бойы дайындалдық»: Әлемдегі ең үлкен түйе керуені Гиннес рекордтар кітабына енді

/
«6 ай бойы дайындалдық»: Әлемдегі ең үлкен түйе керуені Гиннес рекордтар кітабына енді
«AMANAT» партиясы

Алматы облысында 1000 түйеден тұратын керуен Гиннес рекордтар кітабына ресми түрде енді. Бұл жоба «AMANAT» партиясының мүшесі, «Дәулет-Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Дәулетовтің бастамасымен жүзеге асты, деп хабарлайды turkystan.kz.

 «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Іле ауданының Ақши ауылында өтті. Жоба мақсаты – ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту. 

Әлемдік жетістік туралы сертификатты Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстады. Керуеннің бастамашысы әрі иесі Сыдық Дәулетов жобаға дайындық шамамен жарты жылға созылғанын айтты.

«Гиннес рекордтар кітабына ену оңай болған жоқ. 6 ай бойы дайындалдық. Түйе – кең далада еркін өскен жануар. Оларды бір бағытпен жүргізу, реттеп ұйымдастыру оңайға соқпады. Бірақ мақсат пен сенім болса, мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдедік. Бүгін сол еңбектің нәтижесін көріп отырмыз. Өте қуаныштымын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына, Үкіметке және «AMANAT» партиясына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Бұл жетістік тек менің емес, Ақши ауылының, облысымыздың және бүкіл еліміздің абыройы», – деді ол.

Әлемдік рекорд орнатқан азаматтың айтуынша, келесі жылы шұбат фестивалін өткізу жоспарланып отыр.

«Түйе керуенін халық қаншама жыл көрмей, ұмыта бастаған еді. Бұл көрініс жұртқа үлкен әсер қалдырды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Келесі жылы шұбат фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ата кәсіпті дәріптеу – келер ұрпаққа өнеге, ұлт болашағының кепілі», – деді Сыдық Дәулетов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары