667
Оразкүл Асанғазықызы: Мемлекеттік тіл үшін тарихи кезең келді
Оразкүл Асанғазықызы: Мемлекеттік тіл үшін тарихи кезең келді
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді. Шын мәнінде дәл осы тарихи кезең келіп жетті. Өйткені, біз осыдан 30 жыл бұрын кеңес үкіметі тұсында алғашқы заңды қабылдасақ, тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» заңды қолданысқа енгіздік. Шыны керек сол кезеңде жетіспей тұрған тұсы демографиялық жағдай еді. Қазақтардың пайыз саны аз болды. Қазір құдайға шүкір дейміз. Әуелі Алла, екінші Елбасының «қазақпен қазақ қазақша сөйлесін» деген сарабдал саясаты, үшіншіден алтын құрсақты аналардың арқасында Қазақстандағы қазақтың үлес салмағы бүгінде 75 пайызға жетті. 10 пайызын құрайтын түркітектес халықтар мемлекеттік тілді толық біледі. 2009 жылғы халық санағында славянтектес халықтардың 1 млн 350 мыңы «мен мемлекеттік тіліміз қазақ тілін білемін» деп айтқан еді. Яғни қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына толық мүмкіншілігі бар. Енді оны жүзеге асырудың төте жолы қандай?
Тіл туралы заң өзі 27-ақ баптан тұрады, осы баптар іс жүзінде орындала бермейді. Мысалы, қаржы саласы мемлекеттік тілде жүргізілсін делінген. Ал енді сол қаржы саласында іс-қағаз құжаттарының қазақша нұсқасы бар. Бұл тек аталған салаға тән мәселе емес. Медицинада да сол. Адам ағзасына қатысты атаулардың қазақшасы бола тұра, орысша айтып, дайын бланклерді де сол тілде жазып қояды. Неге қазақшаламасқа. Сот жүргізу ісінде де жағдай мәз емес. Өткен жылы Ақмола облысында біраз жайтпен таныстым. Сотқа түсетін арыз-шағымның 1-2 пайызы ғана қазақ тілінде келеді. Ішкі істер басқармасы, кеден комитеті, әкімшілік болсын сотқа істі тек қана орыс тілінде жөнелтіп отыр. Сосын «Тіл туралы» заңның 19, 21-баптары жарнамаға арналған. Қазір дүңгіршектер мен жарнама орындарындағы жазбаларға қарасаң көз сүрінеді. Толған қате. Бұл жөнінде прокуратура мен тіл басқармасының өкілдеріне арнайы тексеріс жүргізуге рұқсат беріп, жарнамаларды ретке келтіріп алған жөн.
Ешқандай қиындықсыз орындалатын көп бап мән бермегендіктен, сұралмағандықтан, орталық атқарушы билік өкілдері немқұрайлы қарағандықтан заң заң жүзінде орындалмай отыр. Тіл туралы заң қабылданғалы бері заңды орындамағаны үшін ең болмағанда әкімшілік жауапқа тартылған бірде-бір мемлекеттік қызметкер жоқ. Президент жолдауда тіл мәселесін көтере отырып, кезек күттірмейтін осындай олқылықтарды түзеуге бірінші кіріседі деп ойлаймын.