Дипломатиялық қызметтегі алғашқы қадамдары 1977 жылы басталды. Сол жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия академиясының тыңдаушысы болып, 1980 жылдан 1981 жылға дейін КСРО СҚМ-нің Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы болады. 1981 жылдан 1985 жылға дейін Ауғанстандағы КСРО Бас өкілдігінің Мазари-Шариф қаласындағы консулы, ал 1985-1988 жылдар аралығында КСРО СҚМ-нің Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі, 1988-1991 жылдары Ирандағы КСРО елшілігінің Кеңесшісі болады. Қазақстан Республиканың Сыртқы істер министрі болып 1991 жылы тағайындалады. Ел егемендігін енді алып, елең-алаң шақта Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалған Төлеутай Сүлейменов бастапқыда қиын болғандығын өз сұхбаттарының бірінде айтқан еді. «Кеңес дәуірінде онда он шақты адам ғана жұмыс істеп, олардың қызметі консулдық виза берумен ғана шектелген. Одан басқа сыртқы саясат болған жоқ. Тәуелсіз ел атандық. Енді аз адаммен жұмыс істеу мүмкін емес. Қаншама құжаттарды дайындау қажет», – деген Төлеутай Ысқақұлы бұл кезеңде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына жүгініп, КСРО Сыртқы істер министрлігінде және елшіліктерде қызмет істеген отандастарды елге шақыру туралы ұсыныс айтады. Елбасы келіскеннен кейін, елге сол тұстағы білікті дипломаттар Сәлім Құрманғожин, Қайыр Омаров, Вячеслав Ғизатовтар келіп, бір жыл ішінде министрлікке жеті жүзге жуық адам жұмысқа алынған.
Тәуелсіз елдің алғашқы Сыртқы істер министрі атану жүгі ауыр қызмет болғанын еске жиі алатын Төлеутай Ысқақұлы: «Ол менің өмірім. Жігерге толы жастық шағым. Табанымыз жерге тимей, күн-түн демей жұмыс істедік», – деп ағынан жарылады.
Сыртқы істер ведомствасының басшысы лауазымын жемісті аяқтағаннан кейін де Төлеутай Сүлейменов дипломатия саласындағы қызметін әрі қарай табысты жалғап кете берді. 1994 жылдан бастап елшілік қызметте болып, 1994-1996 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы, 1996-2001 жылдары Венгриядағы, 2001-2003 жылдары Бельгиядағы, 2003 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Люксембург, Голландиядағы, 2003-2005 жылдары Польшадағы төтенше және өкілетті елшісі болды.
2003 жылдан бастап Төлеутай Ысқақұлы Қазақстанның Солтүстік Атлантика шарты ұйымындағы өкілдігінде атқарушы басшы қызметін атқарды. Ал 2005 жылдан бастап ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының директоры лауазымына тағайындалды.
Иә, Төлеутай Сүлейменов тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясын табысты қалыптастырған, сыртқы саясатта жемісті қызмет етті. Әрі егемен, топырағы бүтін Қазақстан Республикасының алғашқы сыртқы істер министрі болып тарихта қалды. Өлшеусіз еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен, Ауғанстанның «Даңқ» орденімен, «ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағымен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Төлеутай Сүлейменовтің бір сұхбатында «Дипломат болып тумайды, дипломат болып қалыптасады» деген орыс халқының сөзі бар деп айтқаны бар. Ақиқатында өмір жолы бұралаң ғой. Қарапайым цех қызметкерінен сыртқы істер министрі лауазымына дейін көтерілген қазақ жігітінің қайсарлығы, жан жақты білімділігі мен елі үшін адал берілген көңілі оны шыңға көтеріп, қазақ дипломатиясының шырағы сөнбес жұлдызы етті.
Олжас БЕРКІНБАЕВ