Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы

Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы

Азия қаламгерлерінің тұңғыш форумы
ашық дереккөзі
Кеше Жазушылар Одағы ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Азия елдері қаламгерлерінің I форумы» басталды. «Бір тамыр, бір көзқарас, бір өркениет» атты ұранмен өтіп жатқан форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қ.Тоқаев бұл маңызды шара шығармашылық қауымның диалог алаңына айналуы керектігін айтты. Жиынға 38 елден 80-дей қаламгер қатысуда. Осы тұрғыда аға қаламгерлердің пікірін білген едік. Темірхан  МЕДЕТБЕК, ақын:  width= – Қаламгерлердің көптен күткен бас қосуы болғандықтан,  дәл бүгін шешілмесе де, болашақта ескерер талай тірліктің басы ашылып қалар деген үміт­те­міз. Алдағы уақыт­та рухани даңғыл жолға дайындық деп ойлаймын. Өйткені, соңғы жылдары, жасыратыны жоқ, шетел, әлем әдебие­ті­мен байланысымыз үзілді, қай елдің әдебиетшілері қан­дай бағытта жұмыс істеп жатқа­ны­нан мүлдем бейхабармыз. Сондықтан бұл форумның бізге, қаламгерлерге ғана емес, қалың оқырманға да берері мол деуге болады. Саяси жағынан болсын, әлеуметтік-экономикалық жағынан болсын, түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан Азия елдері – бір-бірімізбен халықтық мәселелерімізді кеңінен қоз­ғап, тығыз рухани байланыста болғанымыз қажет-ақ. Ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен бейбітшілік тұрақты болуы үшін әдебиеттің маңызды екенін ескерсек, бұл ретте аударма мәселесі тереңірек сөз болуы тиіс. Көркем шығарманың болмысына нұқсан келтірмейтіндей маман-аудармашылар мәселесі де тілге тиек етілуі керек. Ол Әлем әдебиеті не болмаса қазақ әдебиеті бол­сын, оның ортақ мәселесі – адам десек, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың тағдыр-талайы, тіпті өз жерінен безіп, босып кеткен, жоқшылық пен ашаршылықтан көздері ашылмай келе жатқан елдер де баршылық. Сондай-ақ, сөз еркіндігі мен ой еркіндігінен айырылған ұлттар да жоқ емес. Міне, осының бәрі әдебиеттің, қай ұлттың әдебиеті болса да тамыры тереңде жатқан  өзекті мәселесі. Сондықтан да, әлем әдебиеті қатарында қазақ әдебиетін дамытуға арналған іс-шаралар тереңдеп сөз болып қана қоймай, алдағы күн жоспарларынан белсенді орын алатын болады деп сенеміз. Қазақ әдебиетінің қоры терең, мол. Тоқырау тұ­сын­да тұсауланып қалған сәттері де болды, әң­гіме-хикаяттар жазылып жатса да, көлемді про­залық шығармалардың аздығы көңілге кірбің де түсірген. Поэзиямызда да ілгерілеу бар. Дегенмен, осы заман­ның көздегенін дөп басатын шығар­ма­лар әлі де кемшін. Бұл кемшілікті – Азия қалам­гер­лерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ортақ тақы­рып, ел мен жер мәселелеріне байланысты ортақ шығармалар одан сайын көбірек болғаны, құптарлық шара болмақ.   Кәдірбек  СЕГІЗБАЕВ, жазушы:  width= – Әлем әдебие­ті­нен, оның ішінде Азия қалам­герлерімен байланыс бұрыннан жақсы болған, ертеректе Ә.Әлім­­­жан­овтың ұйым­дастыруымен «Азия-Африка жазушыларының кон­ференциясы» аясында біраз халық­тар­дың шығармалары өзге тіл­ге аударылып, баспадан кітап болып шығып жатты.  Кеңес дәуірі тарағаннан кейінгі біраз жылдарда, яғни, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезеңде, тек әдебиетте ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайында да тоқырау болғаны әлі естен шыға қойған жоқ. Егемендіктің алғашқы жылдары ел басына түскен осындай ауырт­палықтар, әдебиеттің түп негізі – адам факторы болғандықтан, әрине, елді айналып кете алмасы анық. Алыс және жақын шетел әдебиеті түгілі, өз қаламгерлеріміздің шығармаларында да осындай «дүмпулер» болғанын жасыруға болмас. Ал бүгінгі болып жатқан басқосу мемлекетаралық қатынастардың нығаюына ғана емес, әлем әдебиеті, оның ішінде Азия қалам­гер­ле­рі­мен тығыз байланыс орнатудың сәтті қадамы бол­ғалы тұр. Ұлт руханияты үшін жасалынып отырған бұл әдеби форумның алға қоятын бағыт-бағдары мен жауапкершілігі сондықтан да маңыз­ды болмақ. Қазір шынтуайтына келгенде, жастар түгілі, мына біздің тұстастарымыздың өзі мына іргеміздегі өзбек, қырғыз, тәжік халықтарының қаламгерлерінің туындылары түгілі, өздерін ұмыту­ға сәл қалдық. Бұл форумның ең басты мақ­са­ты да, сол – ұлыс пен ұлт өкілдерімен жүзбе-жүз жолығып, танысып, білісе түсу деп ойлаймын. Одан ары қарай тығыз шығармашылық байланыс орнату да басқосудың ең өзекті тақырыбы дер едім. Ең керегі алдағы уақытта  бір-бірімізді осындай жиындарда ғана көріп, қауышып қоймай, екі ел арасындағы барыс-келіс мәселесін де назарда ұстасақ. Бұл ұлттар достығына да жол сілтер сара жол болмақ. «Ойды ой қозғайды» деп жатамыз, олармен шығармашылық байланыс жасау, жаңа бір тың ой-идеялардың туындауына әкелетіні сөз­сіз. Бұл ретте, әдеби-мәдени байланысты жақсар­та түсетін ең керекті құралы – туынды­лар­дың бастапқы болмыс-бітімі еш өзгеріссіз таза аударылуы дер едім. Сондықтан да осы жағына баса назар аударылуы тиіс. Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшылығына, одақтағы проза, поэзия комиссиясы қатаң бақылап, назарда ұстап отырса деген ұсыныс бар. Қазақ әдебиетінің қоры мол, құнарлы дүниелер жеткілікті. Көркем шығарма болсын, поэзияда да артымыздан еріп келе жатқан талантты жастар да жоқ емес. Олардың аты-жөндері ғана емес, шығармаларының да танымал болуына, жарыққа шығып жатқан дүниелерін оқитын оқырмандар қатарын өзге ұлт өкілдерімен толықтыру мақсатында жарнамалау жағын қадағалау керек сияқты. Қалай дегенде де, бұл қаламгерлердің басқосуы әдебиеттегі талай түйткілдерді шешуге, сөйтіп жаңа серпін тудыруға жол ашатын болады. Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ