477
Халқын ойлап қамыққан...
Халқын ойлап қамыққан...
Кемеңгер М.Әуезовтің: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «40 мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі , өнер-білім , саясат жолындағы қажымаған қайраты , біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Шындығына ешкім дауласпайды», – деген бағасы бүгінгі күннің шындығы.
Ахаңның екі жинағы – «Қырық мысал» мен «Маса» қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен байытты. Абайдың ақындық дәстүрін ілгері дамытып, заман талабына сай поэзия туды. Қаласа, ол ақындықтың талай биігіне көтерілетін еді. Бірақ екі шағын жинақпен шектелді. «Ақын болмасаң болма, азамат бол» деген халық даналығы дәл осы Ахмет Байтұрсынұлына арналғандай. Ол кісі ең әуелі азамат еді. Өз қамын күйттемей, өз елінің тағдырын ойлайтын адамның қандай болатынын қазақ топырағында Ахаң тұлғасы көрсеткен.
А.Байтұрсынұлының әлеуметтік істеріне, шығармашылығына, дүниетанымын ықтарына өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – С. Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген арнаулы мақала жазды. «Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды». Бұл – Ахаңа берілген әділ де шыншыл баға еді.
«Қазақ» газеті мен А.Байтұрсынұлы есімі қашаннан егіз, үнемі қатар аталады. Өйткені «Қазақ» Ахаңның және оның пікірлестерінің алға қойған мақсаттарын жарыққа шығарушы, оның үнін халыққа жеткізуші болды. «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі қазақ өмірінің бірқатар көкейтесті маңызды салаларына ой қозғап, қалам тартқан. Ол кісінің қаламынан туған ірі-ірі публицистикалық мақалалар өз заманының үні. Бұл мақалалар кезінде «Қазақ» пен «Айқапта» және «Ақ жол» газеттерінде басылған. Ахмет Байтұрсынұлының А.Б., Байқаушы, Арғын, А деген бүркеншік аттары болған. Ахаң қара сөзді қиюластыра баршаға түсінікті етіп пайдалана білген.
«Қазақ» пен «Айқап» басылымдарында жарық көрген «Қазақ жерін алу туралы низам», «Орыс мейірманшылығы», «Көшпелі Һәм отырықшы норма», «Закон жобасының баяндамасы» т. б. мақалалары ХХ ғасыр басындағы қазақ ақыл-ойының айнасы десе де болады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың келешекте қандай жол таңдайтынына, қалай өмір сүретіндігіне зор мән берді. «Аңдаспаған мәселе» деген мақаласында: «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зары – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі. Бұл туралы түсінік жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турада қазаққа айтқанымыз, қазақты һәм басқалар да қата ұқпастай етіп, шындықтан ашып сөйлегеніміз абзал. Жақсы жеріңе жиналып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала боламын десеңдер, күн көре алмайсыңдар», – дейді. Ел мен жер тағдыры бүгінгі күннің өзінде де көкейкесті мәселенің бірі болып отырғаны жалған емес.
Ахмет Байтұрсынұлының тіл, оқыту мәселелерінде білім беруге байланысты айтқан пікірлері қазіргі уақытқа да қызмет ететінін көреміз. Мысалы, «ов» туралы » деген мақаласын оқи отырып, осыдан 80 жылдай бұрын жазылған емес, күні кеше ғана баспасөз бетінен көргендей боласың. «Газет-журналдарымызда көбінесе «ұғлы, баласы, қызы» дегеннің орнына «ов, ва» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті құлаққа тіпті ерсі естіледі «ов, ев, ин. валар» жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Европа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар? «Овтарды» орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұғлы, баласы, қызы» деп жазуымыз келіспей ме? Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газета-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді», – деп жазуы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Біздің заманымыз жазу заманы – сөздің жүйесін, қисынын келістіріп жаза білуге, сөз қандай орында өзгеріліп, қалайша бір-біріне қиюласып жалғасатын жүйесін білу керек», – деп жазған А.Байтұрсынұлы өзі де әдебиет майданында жемісті еңбек етті. Ұрпағына өлмес мұра қалдырды. Ол халық ақыны «Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор байлық» деген жолдардың иесі А.Байтұрсынұлы өзі де ұлы Абай салған соқпақ поэзия тілімен, сөз сиқырымен халқының санасын оятуға күш салады. Қалайда ұйқылы-ояу маужырап күн кешіп жатқан халқын оятуды, сезіміне, жүрегіне әсер етуді мақсат етіп қояды.
Ахмет Байтұрсынұлы тіл, жазу мәселесі турасында жасалған зор ғылыми еңбегінің бірі – ғалымның осы тұста, яғни араб алфавитінен латын алфавитіне көшуге науқан жасалып жатқан кездегі тұжырымдары. Ғалым латыншылдармен болған ғылыми айтыстарға белсене қатысып, мұның науқаншылық әрекет екенін, ғылыми негізі жоқ екенін жан-жақты дәлелдеді. «Жазу мәдениеті бар жұрттарға бір әріптен екінші әріпке көшу оңай жұмыс емес, жайлап көшуге көп уақыт, көп қаржы, көп күш керек. Сөйтіп, бұл мәселе әлеуметке шаруашылық жағынан өте зілді болғандықтан, шешушілерді халық алдында зор жауапкер қылатын мәселе», – деген үлкен маңыз берді. «Араб әрпін жақтаған баяндамасы», «Түзетілген әріп» аталатын мақалаларында араб графикасының анағұрлым тиімді жақтарына тоқталады. Осындағы араб графикасын жақтаған пікірі өз тұстастарының біразынан қолдау тапты.
Ахмет Байтұрсынұлы өз шығармашылығында көп уақытын, күш-жігерін оқу-ағарту ісіне, елді мәдениеттендіруге ұмтылған ағартушылыққа және әдебиеттану, тілтану саласын ұлттық ерекшелік тұрғысынан зерттеген ғалымдық қызметіне арнады. «Әліп-би», «Әдебиет танытқыш» «Тіл-құрал» атты еңбектер жазуы, қазақ тілі мен әдебиеті, мектептер мен ондағы оқыту жайы, қазақ тілін оқыту методикасы туралы көптеген мақалалары, Қазақстанның оқу-ағарту комиссариатындағы жұмысы – осының бәрі ол кісінің ағартушылық, ғалымдық қызметінің қомақтылығын аңғартады.
Ахмет Байтұрсынұлының соңына қалдырған мол мұрасы – рухани қазыналарымыздың тарихында орын тепкен ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, толықтыруға мүмкіндік беретін бай қазына. Сол қазыналарды іздеп, тауып, зерттеу халқымен табыстыру бүгінгі күннің міндеті.
Жандос Смағұл
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Қарағанды