Бейжіңде тоғызқұмалақтан жарыс өтті
Бейжіңде тоғызқұмалақтан жарыс өтті
Алғаш рет Қытай елінің астанасы Бейжің қаласында қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Аталмыш жарысты Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы Қытайдағы Қазақстан елшілігі және Бейжің мұражайымен бірлесе отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырды.
Ұлттық өнер тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыс қытай жеріндегі ұлттық мұраның жанкүйерлеріне арналды. Бейжіңде өткен айтулы шараның ашылу салтанатында сөз алған Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов бұл жарыстың маңыздылығына тоқталып, жарысты ұйымдастыруға көмек көрсеткен Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан елшілігі мен Бейжің Мұражайының басшылығына ризашылығын жеткізді.
Тоғызқұмалақтан өткен жарысқа 150-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан Республикасынан ат терлетіп Қытай жеріне барған бас жаттықтырушы Айнұр Жақапбаева мен Үрімжідегі тоғызқұмалақ қауымдастығының директоры Шынар Қапан қатысушыларға төрешілік етті.
Сонымен қатар, Қазақстаннан барған арнайы мамандар Бейжіңдегі Ұлттық университетте қонақ болып, студенттерге қазақтың төл спортының бір түрі – тоғызқұмалақ ойыны туралы кеңінен таныстырып, тоғызқұмалақты ойнаудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісті.