29 Тамыз, 11:25 351 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

«Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 88 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығына арналған  «Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті.

Қазақ мәдениетінің қара нарына баланған, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің негізін қалаушы, қасиетті тайқазанның тарихи орнына оралуына үлес қосқан ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туған күнінде оныншы рет өткен көрмеге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары М.Тастанбеков, Ө.Жәнібековтің шәкірті, әрі қызметтесі Қанат Тұяқбаев, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Пернетай Досыбеков, Ө.Жәнібеков­тің қарындасы Айғаным Серім және Торғайдағы қызметтесі  Ыды­рыс Жұмабеков, музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Академик Манаш Қозыбаев: «Өзекең өзіндік ізі бар, өзіндік жігері бар, құрыштан сомданып құйылған батыр, ғалым, қайраткер, өнерпаз азамат ретінде қазақ тарихында есімі қатталды» деп жазса, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше» деп тебіренген.

Отырардай қасиетті өңірде дүниеге келіп, әл-Фарабидей бабасын рухани ұстаз тұтып, ата-баба мұрасымен сусындаған Өзбекәлі Жәнібеков өсе келе қазақтану ғылымының қара нарына, ұлт мақтанышына айналды. Ол қазақ халқының мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына орасан зор үлес қосты. ХХ ғасырдың 70 жылдарының өзінде-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды.

Көрмеге ұлттық өнер мен мәдениеттің жанашыры атанған ғалым-этнографтың 60-тан аса жәдігері қойылды. Олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттері, Қазақстандағы музейлерді ұйымдастырудағы шеберлігі, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімі, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалалары, Торғайда қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттары, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабы бар. Сонымен қатар Өзбекәлі Жәнібековтің жеке кітапханасындағы шетел әдебиеттері мен отандық жазушылардың кітаптары да көрмеге келушілерге таныстырылды.

 

Жәнібек ӘШІМ

 «Түркістан-ақпарат»

Соңғы жаңалықтар