"Қымыз - 2015" форумы басталды

"Қымыз - 2015" форумы басталды

"Қымыз - 2015" форумы басталды
ашық дереккөзі
1076

Бүгін Астана қаласында «Қымыз – 2015» ІІІ халықаралық форумы басталды. Халықаралық форум бұған дейін Тараз, Алматы қалаларында өткен болатын. Форумға мемлекеттік, халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік елшіліктер, жылқы өсірушілер, қымыз өндірушілер қатысты.

Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған форум қазақтың ұлттық сусынын, ұлттық құндылықтарын насихаттауды, сол арқылы ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруді көздейді.

Аталмыш форум аясында Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов қымызды әлемдік дәрежеге жеткізу қажеттігін айтты. «Ұлттық брендіміз, ұлттық тағамымыздың бірі – қымыз. Біз қымызбен мақтануымыз керек. Қымызды әлемнің кока-кола сияқты ең керемет сусынының дәрежесіне жеткізуіміз қажет. Кока-коланы жұрт сүйсініп ішетін шығар, бірақ оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін мен білмеймін. Кейбір ғалымдар оны денсаулыққа зиян деп жатыр. Ал таза қымыз – бұл экологиялық сапалы қымыз. Оның өте пайдалы екені ғылыми түрде дәлелденген», – деді сенатор.

Сондай-ақ, Сенат депутаты бұрынғыдай қымызбен емдеу ісін қайта қолға алып, қымыз өндірісінің мемлекеттік стандарттарын бекіту қажеттігіне де тоқталды.

Айта кетейік, халықаралық форумда жылқы өсіру, қымыздың өнеркәсіптік өндіріс мәселесі, жылқы шаруашылығының өзге өнімдерін өндіру, оларды сақтау және сату секілді мәселелер талқыға түсті.

Серіктес жаңалықтары