27 Тамыз, 15:25 461 0 Әдебиет Túrkіstan International Political Weekly

Балабақшаға кезексіз баратын балалар

Мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беріледі. Бұл туралы бүгін  Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында министрлік  «Педагог мәртебесі туралы» және «Кейбір заңнамалық актілерге педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі. Заң жобаларын әзірлеу кезінде арнаулы жұмыс тобы құрылды. Олар еліміздің барлық аймағында педагогикалық қауыммен кездесті. Осы аралықта жалпы 18 мыңнан астам ұсыныс талданды. Барлық ұсыныстар мұғалімдер мен сараптамалық қоғамдастықпен кеңінен талқыланып өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде 5 тікелей трансляция өткізілді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, заң жобаларын дайындау барысында педагогикалық қызметті реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілді. Атап айтқанда бірқатар шет елдің заңдары, ЮНЕСКО-ның мұғалімдердің жағдайы туралы ұсыныстары қарастырылды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы  19-баптан тұрады. Ал қосымша заң жобасы 192-бапты қамтиды. Жалпы заң жобасы ауқымды 5 бағыттан тұрады.

Атап айтқанда, материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту. Материалдық емес ынталандыруға келер болсақ, олар мұғалімдердің жүктемесін төмендету, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы мемлекеттік наградасыне беру, тағы басқа да материалдық емес ынталандырулар қарастырылған», - деді ол.

Оның айтуынша, мұғалімдердің кәсіби құқықтары кеңейтілді. Мәселен, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін қолдану, біліктілікті арттыру курстарын өздері таңдау құқықтары беріліп отыр. »Сайлану және сайланбалы лауазымдарға орналасудың жаңа құқықтары да енгізілді. Бұл шаралардың барлығы мұғалімдердің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік жасайды деп сенеміз«, - деді А.Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар