240
Қоғам апталық шолу №33
Қоғам апталық шолу №33
Солтүстікке бет алған көш
Түркістан облысында «Еңбек» бағдарламасы бойынша халық арасында ақпараттандыру іс-шарасы басталды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама аясында халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру жұмыстарын насихаттау мақсатында басқосу өткізді.
Жиынды «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған еді. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстарын насихаттауды қолға алдық», – деді Бейсен Тәжібаев.
Бағдарламаны жүзеге асыру өңірде 2015 жылы басталып, бүгінгі таңда солтүстік өңірге 881 отбасы (3 377 адам) қоныс аударған. Олар мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етілді. Халықты қоныс аударуға ынталандыру мақсатында солтүстік өңірінің өкілдері кезең-кезеңімен облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар солтүстік, шығыс өңірлеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет ай сайын алынып, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының базалық мәліметтеріне енгізілді. Статистикалық мәлімет бойынша, тек ағымдағы жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық жұмыс орындары ұсынылыпты.
Айта кетейік, 2018 жылға республика бойынша бөлінген 1 706 квота негізінде облыстан 455 отбасы (1 768 адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Олар квотамен, көшу үшін берілетін субсидиямен қамтамасыз етілді. Тұрақты мекенжайларын ауыстырғандардың басым бөлігі Сарыағаш (91 отбасы), Сайрам (63 отбасы), Мақтаарал (75 отбасы), Ордабасы (49 отбасы) аудандарының тұрғындары. Ал биылғы жылы облыстан 427 отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Бүгінде 284 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударып үлгерді. Олар Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысына көшіп барды.
Еске салайық, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (88 375 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Бүгінгі таңға дейін Түркістан облысынан қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері берілуде. Тұрғындарға бос тұрған ғимараттар ұсынылып, олардың көпшілігі сонда қоныстанып жатыр. Солтүстік өңіріне барған азаматтар сондай-ақ көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Орталық жұмысымен танысты
Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі Зағипа Балиева Балаларды ерте оңалту орталығының ұжымымен кездесті.
Орталық 75 балаға арналған, мұнда балалар 15 күннен ем алады. 3-тен 7 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Орталықта медициналық қызметкерлерден басқа балалармен ұстаздар, логопедтер мен психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта арнайы сенсорлы бөлмеде сөйлеу қабілеті төмен балаларға жеке және топтық сабақтар ұйымдастырылады. Ұйым қызметкерлері өз тарапынан депутатқа денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер, қоғамдық көлік мәселесі, баспанамен қамтамасыз ету және жалақы мәселесіне қатысты сауалдарын қойды.
«Бүгін жұмыс сапары аясында Балаларды ерте оңалту орталығына келдім. Бұл оңалту орталығы балаларымызға өте қажет. Алматының өзінде осындай төрт орталық бар. Сұрақтарды «Nur Otan» партиясымен бірлесе қарастырып, орталық аппаратқа жолдаймыз және Мәжілісте, үкімет аясында көтереміз. Орталықта 65 бала бар, жағдайлары жақсы. Міндетті түрде тек қана қалада емес, аймақтарға да барып жүрміз. Сайлаушылармен кездесу барысында түрлі сұрақтар туындайды, әсіресе, әлеуметтік төлемдер мәселесі, жер, баспана мәселесі көтеріледі. Өткен жылы денсаулық саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілді. Енді міне, мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр, олардың жалақысы 4 жылдың ішінде екі есеге көтерілетін болады», – деді Зағипа Балиева.
Сондай-ақ, кездесу барысында балалардың кешенді көмек алуға мүмкіндігі болуы үшін осындай орталықтардың көпсалалық бағытқа ауысуы қажет екендігі де атап өтілді.
Балалар бір қуанып қалды
Еліміздің әр аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл шара аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуді мақсат етеді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығында өткен «Мектепке жол» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының Астана қалалық филиалы Есіл ауданындағы көмекке мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсетті. Шараны ұйымдастырушылар мен демеушілер мектеп жасындағы 70 шақты ұл мен қызға мектеп құралдары салынған сөмкелерді сыйға тартты.
Кездесу барысында партияның Есіл аудандық филиалының консультанты Әділет Сапқұлов балаларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. «Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау оңай жұмыс емес. Бұл орайда «Мектепке жол» акциясына үміт артып отырған көпбалалы отбасылар көп. Көмекке мұқтаж жандарды, оның ішінде балаларды мейірім шуағына бөлейтін осындай қайырымдылық акциялары өңірлерде көптеп ұйымдастырылса деген тілек бар. Балалардың қуанышы – біздің қуанышымыз. Сондықтан акцияға белсенді түрде атсалысып, бүлдіршіндерді қуантуға асығайық», – дейді ол.
Акция кезінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың тізімі жасалып, мектепке қамтылмай қалған балаларды анықтау, мектепке бармауды болдырмау мақсатында рейд жүргізілген болатын. Мектепке қажетті жабдықтар салынған сөмкелерді сыйлыққа алған балалар салтанатты шарадан соң Happylon орталығының ойын аттракциондарына барды. Жаңа оқу жылының алдында балаларға жарқын көңіл күй сыйлаған қайырымдылық акциясынан оқушылар көңілді, ата-аналар да риза болып тарқасты.
Көп балалы ана пәтерлі болды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен барып, Көкпекті ауылында көпбалалы отбасыларға, дәрігерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және толық емес отбасы өкілдеріне 13 баспананың кілтін табыс етті.
Баспаналы болған көпбалалы ананың бірі – Альфия Гусейнова. Төрт баланың анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Баспанаға қол жеткізіп, ерекше қуанышқа кенелген Альфия төрт бөлмелі жер үйді өзі таңдаған екен. «Әр отбасы баспаналы болуды армандайды. Соның ішінде біз де бармыз. Сәті түсіп баспанаға қол жеткіздік. Көпбалалы ана ретінде бізге тегін үй берілді. Осы орайда барша көпбалалы отбасыларға көмек қолын созып, оларды назардан тыс қалдырмаған облыс басшысы Даниал Ахметовке шын көңілден алғысымды білдіремін», – деді Альфия Гусейнова.
Отбасының қуанышымен бөліскен аймақ басшысы жаңа қонысқа арнайы барып құттықтап, көрімдік ретінде үлкен теледидар, балаларға екі смартфон және ойыншықтарды сыйға тартты. «Бұл жұмыс облыста жалғасады. Баспаналы болған барлық тұрғынды куаныштарымен құттықтаймын», – деді Даниал Ахметов.
Салтанатты шараға қатысқан Көкпекті аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Желкишев те тұрғындардың қуанышымен бөлісті. «Бюджеттік қаражат есебінен тұрғын үй бөлу бағдарламасы бойынша жоба жасалып жатыр, келесі жылы берілетін баспаналардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Қайрат Жұмағалиұлы.
Құқықтық кеңес берілді
Атырау облысының Исатай ауданында «Халыққа көмек» жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.
«Nur Otan» партиясы Атырау облысы Исатай аудандық филиалы ұйымдастырған қабылдауға аудан әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Сисатов, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Кездесу барысында аудандық әділет басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығы, облыстық кәсіпкерлік палатасының Исатай аудандық филиалы, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімдері, тағы басқа сала басшылары тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.
Шара халыққа қолданыстағы заң шеңберінде құқықтық көмек беру мақсатында жүзеге асырылды. «Қабылдауға келген тұрғындарға өздерінің көкейтесті сұрақтарына қолданыстағы заңдар аясында жауап беріліп, құқықтық көмек көрсетілді. Тұрғындар мәселесінің басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмектің қандай отбасыларға тиетіндігі, жұмысқа орналасу, тұрғын үйді кезексіз алу жайы болды», – дейді аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы.
Атаулы әлеуметтік көмектен айырылған тұрғынның сұрағына аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Рашид Мұқанов жауап берді. Ол өз кезегінде қаржылай көмектің кімге қалай тағайындалатынын, қандай жағдайда тоқтатылатынын, қайта алу жолдарын толық түсіндірді. Жаңа кәсіп ашу туралы, оған берілетін көмек түрлері мен жеңілдіктер жөнінде сұраған Аман Меңдіғазиев қабылдау барысында сауалдарына толық жауап алды.
Ынта болса, жұмыс жоқ емес
Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдау өтті.
Іс-шара «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында ұйымдастырылды. Акцияға 60-қа жуық жұмыс іздеуші азамат қатысты.
Атап айтар болсақ, қабылдауда Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, партиялық фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов, қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, «Жұмыспен қамту» орталығының мамандары және жұмыс берушілер жұмыссыз жастарға кеңес берді. Қабылдауға келген азаматтардың көтерген жұмыссыздық, атаулы әлеуметтік көмек, несие алу мәселелеріне тиісті жауап берілді.
Жалпы, бағдарлама кәсіби білім беру кәсіптік оқыту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты үш бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2019 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 15 582 тұрғын жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту шараларымен 13 797 азамат, оның ішінде 9 365 тұрғын тұрақты жұ-мыспен қамтылса, 368 жас әлеуметтік жұмыс орындарына тұрақтаған. Ал ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 000-нан астам азамат жолданды. Бағдарлама шеңберінде 2 009 азамат жастар практикасына қатысса, 402 мүмкіндігі шектеулі азаматқа жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама берілді.