16 Тамыз 2019, 10:26 613 0 Туризм Túrkіstan International Political Weekly

Түркістанға шетелдік журналистер келді

Түркістан облысына бір топ шетелдік басылымдардың тілшілері келіп, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне саяхат жасады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын халықаралық деңгейде ілгерілету шеңберінде шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен «мәдени» баспасөз-туры Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Аустрия, Германия, Италия, Корея, Қытай, Мысыр, Ұлыбритания, Үндістан, Франция, Швеция, Швейцария сынды мемлекеттердің, атап айтқанда «Specchio Economico» (Италия), «Global Times» (Қытай), «Le Figaro» (Франция), «Korean Broadcasting System» телеарнасы (Корея), «The Holiday Magazine» (Ұлыбритания) 20-ға жуық журналисі тұран даласының тарихымен танысуды алдымен Арыстанбаб кесенесінен бастады.
Ондағы көне жәдігердің архитектуралық ерекшелігі мен тарихи мән-маңызы журналистердің қызығушылығын оятып, таң-тамаша етті.
Мұнан кейін «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі мен көне Отырар қалашығын аралап көрді. Арнайы жайылған дастархандағы ұлттық тағамдардан дәм татты.
Шетелдік журналистер аялдаған келесі орын – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан шаһарының бай тарихымен танысқан баспасөз-турының қатысушылары, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығын да аралап көрді.
Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы саяси және экономикалық оқиғаларды жариялау үшін шетелдік тілшілердің баспасөз-турларын тұрақты түрде ұйымдастырып отырады.
Сонымен қатар, «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде өтіп жатқан бұл төртінші баспасөз туры туризмді дамытуға және жалпы Қазақстанның дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға атсалысады.

 

Соңғы жаңалықтар