Соңғы кездері елімізде бойжеткендерді соққыға жығу жиілеп барады

Соңғы кездері елімізде бойжеткендерді соққыға жығу жиілеп барады

Соңғы кездері елімізде бойжеткендерді соққыға жығу жиілеп барады
ашық дереккөзі
507

Заман өзгерді, заманмен қатар адам да өзгерді. Дәл осы сөзді соңғы уақытта жиі еститініміз рас. Бұл сөздің де өз шындығы бар. Тіпті, уақыт өткен сайын қазақтың қазақылығы да жоғалып бара жатқандай. Қызын қадірлеп, төріне шығаратын қазақ жігітінің бүгінгі келбеті мүлдем өзгерді. Қазір «жігіттер қыздарға күш көрсетті», «жігіттер қыздарды соққыға жықты» деген сөздер ешкімді де таң қалдырмайтын болды.

Аруға аяқ көтерген арсыз

Бүгінде ғаламтор желілерінде қыздар­дың соққыға жығылып, ер азаматтардан таяқ жеп жатқандығын бейнелейтін қатыгез бейнежазбалар көбейіп кетті. Нәзік жандыларды аялауға тиісті ер азаматтардың қатыгез әрекеттері әрбір адамның заңды ашуын тудырары да белгілі. Бірақ мұндай оқиғалар күт өткен сайын өршіп барады.

Қыркүйек айындағы жұртты шулатқан оқиғаның бірі Астана қаласындағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде орын алды. 14 қыркүйек күні Астана қалалық ІІД жедел басқарма орталығына елордадағы кинотеатрда белгісіз біреудің шу шығарып, дене жарақатын салғаны туралы мәлімдеген. Дәл осы оқиғаның бейнежазбасы сол күні-ақ ғаламторды шарлап кетті. Бейнежазбаға белгісіз бір жігіттің кассада тұрған жас қызды тепкіге алғаны анық жазылған. Кассада тұрған қыз балаға әуелі жігіт стакан лақтырады, қыз да ер азаматтың бұл әрекетіне қарсы жауап береді. Осыдан кейін ашуына мінген жас жігіт қызды тепкінің астына алады.

Кейінірек кинотеатрда шу шығарып, Меруерт Керімбердиеваға дене жарақатын салған күдікті жігіттің аты-жөні де анықталды. Мұндай әрекетке барған жігіт 22 жастағы Қуаныш Турагелдиев есімді азамат екен. Қуаныштың әкесі Қазақстан Премьер-министрі кеңсесінің бас инспекторы Болат Турагелдиев екендігі де анықталды. Ұлының осы әрекетінен кейін Болат Турагелдиев өз еркімен қызметінен кетті. Ал кассир қызға қатысты бұзақылық жасаған Қуаныш Турагелдиев уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ, дөкейдің ұлы кепіл арқылы бостандыққа шықты. Соққыға жығылған Меруерт туралы ешқандай нақты дерек көзге түспеді. Өзі осы оқиғадан кейін бірден жұмыстан шығып кеткен. Тіпті, адвокаттың қызметінен де бас тартып, өз арызын қайтарып алыпты. Оқиғадан бір айдай уақыт өткенде, яғни 16 қазанда бұл оқиға екі тараптың ымыраға келуімен аяқталды. Іс аяқталғанмен, қызға аяқ көтерген жігіттің әрекеті ақтауға келмейді емес пе?

Қалай ақталарын білмеген жігіт «бұл оқиғаның қалай орын алғаны есімде жоқ» десе, оның қорғаушылары «ашу үстінде өз-өзін тежей алмай осындай қадамға барды» деп мәлімдеген. Қызға соққы жасаудан жасқанбаған жігіт өз кінәсін неге мойнына ала алмады? Қолымен жасағанын мойнымен көтеруге қауқарсыз болғаны ма? Аруға аяқ көтерген арсызды қорғаған адвокаттардың өз қыздары жоқ па? Меруерттің орнында өзінің қызы болса не істер еді?

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ғаламторда Шымкенттен бір бейнежазба тіркелді. Бейнежазбаға ер адамның бір қызды аяусыз ұрып-соққаны түсірілген. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға Шымкенттегі Ташкент тоннелі ауданында, Көмеш бұлақ базарына қарсы маңда орын алған. Көліктердің дабыл қағып жатқанына қарамастан қызды аяусыз соққыға жыққан азамат қызды аулалардың біріне алып кіріп кетеді. Желіге жүктелген бейнежазба да осы жерден аяқталады. Бұл оқиғаның мән-жайын анықтау мүмкін болмады.

Дәл осындай оқиға 1 қыркүйек күні Павлодар облысында тіркелді. YouTube желісіне Руслан Клим есімді ғаламтор қолданушысы жүктеген бейнежазбада қыз бен жігіттің арасында кикілжің туындап, соңында жігіт қызды ұрып жіберген. Ер азаматтың қатты соққысынан қыз асфальтқа құлап, қозғалыссыз қалған. Осыдан кейін қыз бен жігіттің арасына түскен жергілікті тұрғындар төбелесті тоқтатады. Бейнежазбаның авторы көшенің ортасында жаға жыртысқандардың ащы су ұрттап, осындай күйге түсулері әбден мүмкін екендігін айтады. Ал соққыға жығылған қыз ер азаматтың бөтелкелесі болуы да ықтимал.

Ұрылар да қыздарға жұдырық сермейді

8 қазан күні де жұрт ғаламтордағы тағы бір бейнежазбаны көріп, жаға ұстады. Бұл жолғы оқиға Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің алдында орын алған. Бейнежазбадан бір жігіттің қыздың соңынан ілесіп келіп, бірер секунд ішінде соққыға жығып, тепкінің астына алып, қашып кеткені анық көрінеді. Кейін белгілі болғандай соққыға жығылған қыз журналист Ботагөз Жұманова екен. Осы оқиғадан кейін журналист қызға шабуыл жасаған жігіт жайлы нақты мәлімет ұсынғандарға сыйақы берілетіндігі хабарланды. Сыйақы беруді кәсіпкер Ерлан Нұрпейісов есімді азамат мойнына алды. Ал бейнежазбаны көріп, даурыққан жұрт Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың журналист Ботагөз Жұманованың ісін жеке бақылауына алуын сұрады. Көпшілік бұл оқиға жас қызға емес, журналистке жасалған қастандық деп қабылдады.

Арада 20 күндей өткенде Ботагөз Жұмановаға шабуыл жасады деген күдікпен Алматы облысы, Жаркент қаласының 1993 жылы дүниеге келген азаматы қолға түсті. Айта кетейік, қолға түскен 22 жастағы азамат Ботагөз Жұманованың БАҚ өкілі екендігінен бейхабар болған. Бұл туралы кейін тек жаңалықтардан естіп-білген. Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, жігіт өзінің құрбанын әдейі таңдамаған, тек көшеден көріп, ізінен еріп келген. Жігіттің басты мақсаты – Ботагөзді тонау. Алайда көршілердің айғайынан кейін қызды тонай алмай, қашып кетіпті.

Қыздарды тонау үшін соққыға жыққан жігіттердің бұл алғашқысы емес. Оқиға 19 мамыр күні Алматы қаласындағы Орталық стадион маңында орын алды. Әңгімелесіп отырған үш қызды ту сыртынан белгісіз жігіттер таспен ұрып, сөмкелерін алып қашқан. Оқиға орнына жедел жәрдем жеткенше, қыздардың бірі қансырап қалған. Бұл істі тергеуді Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасы қолға алып, күдікті азаматтардың бірін қолға түсірді. Қолға түскен күдікті 1979 жылы дүниеге келген азамат. Бұл азамат бұрын да ұрлық үшін сотталған екен.

Тіпті, 2013 жылы Семей мен Ақтөбеде танысудан бас тартқан қыздарға шабуыл жасаған жігіттер де қолға түскен. Иә, бейтаныс жігітпен сөйлесуден бас тартқан жас қыздар ибалығы үшін таяқ та жеді. Семей қаласында 18 жасар қыз үйіне кетіп бара жатқан жолда бір жігіт соңынан қуып жетеді. Артынан келген жігіт қызға танысуға ұсыныс білдіреді. Ал қыз бөгде адамдармен тілдеспейтіндігін жеткізген. Сол сәтте жігіт қызды көтеріп алып, жерге бір соғады да, әрі қарай кетіп қалады. Жергілікті полиция жігітті тауып, қылмыстық іс қозғады. Қолға түскен азамат 22 жаста. Ал Ақтөбеде танысудан бас тартқан үш қызға ер жігіт травматикалық тапаншадан оқ атқан. Аялдама тұрған арулар жандарына келген бейтаныс жігіттің танысу туралы өтінішіне құлақ аспаса керек. Осы сәтте ашынған жігіт қыздардың аяқтарына оқ атады. Қыздарды жаралаған күдікті 21 жастағы ақтөбелік азамат.

Қыздарға жұдырық сермеудің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. 2015 жылдың 20 шілдесінде Қарағандыда көлік үшін қызды аяусыз ұрып өлтірген күдікті азамат қолға түсті. 24 жастағы жігіт өзі армандап жүрген БМВ көлігін сатпақшы болған қызға ақшасын бөліп төлеуге ұсыныс білдіреді. Алайда көлігін саудалаған қыз мұнымен келіспей қойған. Ал ашуға булыққан жігіт қызды қала сыртына шығарады. Басынан бірнеше рет соққы жұмсап, мәйітті жақын маңдағы қоқыс төгетін жерге тастап кеткен. Қолға түскен күдікті азамат бар кінәсін мойындап, қылмысты өз мойнына алды. Жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

«Әке көрген оқ жонар»

Нәзік жандылардың соққыға жығылып, теперіш көруі отбасында да жиі кездеседі. Статистикалық деректер жыл сайын 500-ге жуық әйелдің тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұматынын дәлелдеп отыр. Тіпті, әрбір үшінші отбасындағы әйел зорлық-зомбылық көреді екен. Алайда мұндай жағдайға тап болған нәзік жандылардың басым көпшілігі көрген құқайын ішінде сақтап қалады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың даналығы бар. Ал мұндай отбасында тәрбиеленген ұл бала ертеңгі күні әкесінен көргенін жасамасына кім кепіл?! Сөйтіп, дәл осы жағдай қоғамның кеселіне айналып шыға келеді. Еліміздің ең ірі мегаполисі саналатын Алматы қаласында да тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен нәзік жандылар қатары көп екен. Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің деректеріне сай, оңтүстік астанада тұрмыстық зомбылықтан жапа шеккендігі туралы 3 мыңнан астам әйел құқық қорғау орындарына шағым түсіріпті. Үстіміздегі жылдың басынан бері күйеуінің тепкісін көріп, таяғын жеген 3120 келіншек полицияға арыз жазған. Сол арыздар бойынша 475 адам психологиялық қысым жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылса, 2291 адамға ескерту жарияланған. Ал 15 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Тәрбие – тал бесіктен. Осындай отбасылық зорлық-зомбылықты көріп өскен балалар үшін әйел адамға қол көтеру қалыпты жағдай болып көрінеді. Сондықтан, нәзік жандыларды соққыға жығудан үйде де, түзде де еш қымсынбайды.

Қайда барасың, қазақ жастары?

Мұндай оқиғаларды тізе берсек аяқталмайтын тәрізді. Әлгі Астана кинотеатрында қыз баланы теуіп құлатқан «каратист» жігіт соңынан әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан кешірім сұрап, өзінің жасаған ісіне өкінетіндігін жазып қойыпты. Бірақ сол «батырдың» әлгі өзі жұдырық сілтеген бойжеткеннен кешірім сұрауға ақылы жетпегені өкінішті. Ал тонау үшін қыздарға қол көтеретіндер ше?

Отбасының қорғаны болады, елдің тұтқасын ұстайды деп сенген кейбір азаматтарымыздың бүгінгі бет-бейнесі осындай болып тұр. Тарихта аты қалған батырлар мен кешегі тәуелсіздік үшін күресте жанын аямаған ержүрек ағаларымыздың жалғасы сұйылып барады. Желтоқсан оқиғасы кезінде әскери форма киген басқа ұлт өкілдері шашынан сүйреп, тепкінің астына алған қазақ қыздарын арашалаған қазақ жігіттері емес пе еді? Бас-көз демей қазақ қызына жұдырық жұмсаған әскерилердің жағасына жармасқан өрімдей қазақ жігіті еді ғой.

Әрине, барлық жігіттерге бірдей күйе жағудан аулақпыз. Бірақ... Бүгінгі күннің шындығы осындай. Бүгінгі қазақ жігітінің мінезі мен көзқарасы, ойы мен жігері мүлдем өзгерген тәрізді. Жалпы, өзінен әлсізге әлімжеттік көрсету адамның мықтылығын көрсетпейді. Ал қыз балаға жұдырық ала жүгіру адамшылыққа да, батырлыққа да жатпайды. Кейбір жігіттердің осындай әрекетке бой ұруына не ықпал етіп отыр? Бүгінгі ер азаматтардың қыз баланы соққыға жығып, тепкінің астына алуына не себеп?

Әлгі өзіміз ғаламтордан көріп, жағамызды ұстаған оқиғалар желілерде қайдан пайда болды? Мұны бейнетаспаға түсірген кімдер? Әлеуметтік желілерге жүктеген кімдер? Әлдекімдер қыздарды соққыға жығып жатқанда жүрегі шым етпестен ұялы телефонға түсіріп тұратын тас жүректер табылады арамыздан. Сол азаматтар оқиғаны кино көргендей тамашалағанша, жәбір көріп жатқан нәзік жандыларға неге көмектеспейді? Осындай оқиғаларды көзбен көріп, құлағымен естіп тұрса да, бұрылмастан кетіп қалатын жандар бүгінгі қазақ қоғамында тым көп. Оқиға орнында қыз балаға жанашырлық таныта алмаған азамат ғаламторға жазбаны жариялау арқылы әділдік іздегені ешбір қисынсыз. Осы орайда, елімізде блогерлер, журналистер түрлі әлеуметтік эксперименттер жүргізіп отырады. Сондай сынақтар кезінде көшедегі жұрттың басым бөлігі мұндай оқиға кезінде сырт айналып кететіндігі дәлелденуде. Әрине, қол ұшын созып, араша түсетіндер де бар. Алайда қоғамда жанашырлықтан жұрдай жастар жетіп артылады. Елдің ертеңі – бүгінгі жастар. Ал жастарымыздың бүгінгі бейнесі осындай. Мұндай жастар көз алдымызда жүргенде болашағымыздың қандай боларын елестету де қиын.

Серіктес жаңалықтары