15918
Темірхан Медетбек: Билік пен халықтың арасына алтын көпір болса
Темірхан Медетбек: Билік пен халықтың арасына алтын көпір болса
Жалпы қоғамдық негізде ұлттық сипаты бар ұйымдардың құрылып жатқаны бүгін ғана емес. Бұрыннан бар. Осыдан аз ғана уақыт Ұлттық кеңес деген ұйым құрылды. Ондай ұйым бұрын да болған. Бірақ солардың көбі белгілі бір жағдайда мемлекеттік саясатты жұртқа түсіндіруде, мемлекеттік идеологияға тірек болуға себі тиді демесек, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын айтып, билікті өзімен санастыруға жете қоймаған сияқты.
Ақсақалдар сенаты құрылды дегенді естіп жатырмыз. Оның құрамына кірген кісілер де халық білетін тұлғалар. Меніңше, Олжас Сүлейменов те, Мұрат Әуезов те, Төрегелді Шарманов та халыққа жаны ашитын, мемлекеттің болашағы үшін қам жейтін азаматтар.
Мәселе қандай да бір ұйым құруда емес, сол ұйымды құрушылардың қара басының абыройынан гөрі, елдің, халықтың жағдайын ойлап, ұлт үшін, мемлекет үшін әділ де белсенді түрде жұмыс істеуінде. Сондықтан олар, бүгінде қарым-қатынасында алшақтық байқалатын билік пен халықтың арасына алтын көпір болу міндетін атқарып жатса, неге қолдамасқа?!
Мемлекетте ашық сынға, сөз еркіндігіне шектеу болмаса даму болатыны сөзсіз. Халықтың сөзі билікке халықшыл ұйымдар арқылы жетіп жатса, ол да бір ғанибет.
Ел әрқашан жаңадан құрылып жатқан қоғамдық ұйымдарға үмітпен қарайды. Өкініштісі, «жанбай жатып сөнетін» ұйымдар аз емес. Сондықтан белгілі бір бастаманы көтергенде, ұйым құрғанда оны ақырына дейін апармаса жұрттың одан көңілі қалып, ондайға сенбейтін болады. Сенім жоқ жерде ешбір іс алға баспайтынын ескеруіміз керек.
Осы жайларды ескере келгенде, енді құрылып жатқан Ақсақалдар сенаты жайында әзірге бірдеңе дей алмаймын. Мен де өзге жұрт секілді, олардың алдағы уақыттағы белсенділігіне, ұлт үшін, мемлекет үшін істеген жұмыстарының нәтижесіне қарап қана баға бере аламын.
Темірхан МЕДЕТБЕК
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты