1291
Дипломатия дарабозы – Мәлік Фазылов
Дипломатия дарабозы – Мәлік Фазылов
«Алдыңғы буын өкілдерінің көңілді адам әрі ақылды жетекші ретінде есінде қалған. Оның тұрқы партия шенеунігі немесе бюрократтың түріне келе бермейтін. Оған таңданудың реті жоқ еді. Бала кезден-ақ таудай еңбектің не екенін білетін. Мемлекет қайраткері ауылдықтар мен қалалықтардың мәселесін бір кісідей білетін азамат еді. Тыл еңбеккерлеріне барынша көмек қолын созды». Бұл естеліктер қазақстандық дипломатияның негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның шетелдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған тұңғыш қазақ Мәлік Фазылов турасында.
Мәлік Фазылов 1927 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Аштықтың азапты жылдарында тірі қалып, сұм соғыстың ызбары төгіліп тұрған 1942 жылы Петропавл қаласының қорғаныс зауыттарының біріне жұмысқа келеді. Токарлы станоктың тілін игеріп, минометтердің снарядтарын жасасады. Жасы келмегендіктен Ұлы Отан соғысына майданға алынбайды, алайда тылда еңбек етіп, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ұлы Отан соғысынан кейін жас Шымкенттегі мұғалімдер институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, кейіннен Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1950 жылы Мәскеудегі оқуын аяқтағаннан кейін Алматыдағы жоғары партиялық мектепте дәріс оқып, кейіннен Қазақ КСР сыртқы істер министрлігінің көмекшісі әрі хатшысы болып жұмыс істейді. Сол тұстағы жастардың оқу-ағарту саласына еңбек сіңірген Мәлік Фазылов алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті оқу орындары мен ғылыми бөлімінің жетекшісі болды. Ал 1973 жылы дипломатия саласына қайта оралып, Қазақ КСР сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады. Осылайша Фазыловтың дипломатия саласындағы қадамдары айқындала берген еді.
Жетпісінші жылдары Малиде ауыр саяси, экономикалық дағдарыс орын алған еді. Жаһан болып Малиге көмек қолын созса да, елдің жағдайы соншалықты мүшкіл еді. Сол тұста КСРО үкіметі Траоре режимімен ортақ келісімге келе алу үшін Бамако қаласына төтенше және өкілетті елші жолдау туралы шешімге келеді. Бұл жауапты іске Қазақ КСР сыртқы істер министрі Мәлік Фазылов тағайындалады. Аталған салмағы ауыр істі Фазылов мүлтіксіз орындап шықты. Фазыловтың сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалмай тұрып, министрдің көмекшісі болған тұсында сол тұстағы Қазақ КСР сыртқы істер министрі болған Т.Тәжібаев «1951 жылы сәуірде М.С.Фазылов Қазақ КСР сыртқы істер министрлігіне жұмысқа шақырылып, саяси мәселелер бойынша бірінші хатшы болып тағайындалды, ал шілдеден бастап министрдің көмекшісі қызметін атқарып жүр. Министрлікте жұмыс істеген уақыт аралығында М.С.Фазылов өзін қалыпты тұрғыда көрсете білді, саяси тұрғыда дамыған, жұмысты жақсы орындайды, тәртіпке бағынады», – деп мінездеме жазған.
Өзіне артылған жауапкершіліктің жүгін сезініп, оны жеткілікті деңгейде орындап, дипломатияның сардарына айнала білген Мәлік Фазылов Малидегі қызметі үшін Малидің ұлттық орденінің кавалері болды. Атап өтерлігі, дәл осы құрметке бұған дейін Жапония императоры Акихито, Нельсон Мандела және Британия патшайымы ІІ Елизавета ие болған еді. Қазақтан шыққан дипломат өзінің тапқырлығы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аталған әлемдік құрметтің шыңына шыға білді. Мұны бүгінде бірі білсе, бірі білмейді.
Фазылов 1962-1976 жылдары сыртқы істер министрі болған тұста Камбоджа, Мысыр, Канада, Шри-Ланка, Марокко, Мозамбик, Эфиопия елдеріне мемлекеттік сапармен барған. Көбіне Кеңес Одағы делегациясын басқарған.
Өзінің 1983 жылы Марокко патшалығындағы КСРО-ның төтенше және өкілетті елшісі болған тұсында да жемісті қызмет атқарған Мәлік Сабырұлы туралы Ресей Федерациясының дипломаты Валерий Воробьев өз естеліктерінде айтады. «Мәлік Сабырұлы Мароккодағы елшілік қызметі тұсында экономикалық серіктестікті орнатуға қаншама күш жұмсады. Мәселен, сексенінші жылдары Кеңес Одағы Марокко жақта жыл сайын 1 миллион тонна балық аулайтын. Бүгінгі күні Ресей үшін бұл көрсеткіш бар-жоғы 120 мың тоннаны құрайды» – дейді В.Воробьев. Мароккода қызмет еткен жылдары ІІ Хасан Мәлік Фазыловты Алауиттер тағының орденімен марапаттаған. Мәлік Сабырұлының қос мемлекет арасындағы байланыстың әрі қарай нығаюына қосқан үлесі орасан зор болды. Мароккода Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени күндерін өткізіп, тіпті Алматы мен Марокконың Мекнес қалаларының өзара достас қарым-қатынастың жаңа белес алуына күш салды. Мәлік Фазылов Африка құрлығында өмірінің 15 жылын өткізген. Сан алуан этнос өкілдері, тайпалардан құралған құрлық пен Кеңес Одағы арасындағы жылы қатынастың бекемделе түсуіне аталған уақыт аралығында барын салды. Мәлік Фазыловтың қазақ дипломатиясының негізін қалаушылардың бірі атануы да осынау ерен еңбегінің арқасы болса керек.
Ақтаңдақ дипломат 68 жасында өмірден озды. Бүгінде Мәлік Фазыловтың еңбек жолы елдің сыртқы саясат саласына орасан зор әрі адал қызмет етудің үлгісі іспетті. Қанша ауыр кезеңдерден өтсе де өз сертіне беріктігі мен қайсарлығы, қызметіндегі кәсібилігі мен құзыреттілігі баршаға үлгі болары анық.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
Журналист