246
Халық үшін жасалған игі қадам
Халық үшін жасалған игі қадам
Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы маңызды шешімнің бірі латын графикасына көшу жайында болды. Болашақта латын әліпбиінде жазатынымыз анық. Рухани жаңғыру жобасы оңай біте салатын дүние емес. Халқымыздың қазақы рухын қайта жаңғырту үшін бір ұрпақтың біраз уақыты кетері хақ.
Егер бұл мәселе тіл төңірігенде болса абайлау керек. Себебі, халық қай тілде ойланса сол тілде жазады. Ал қай тілде жазса, сол елге қызмет етеді деген сөз. Өскелең ұрпақтың санасына қазақ тілінің өміршеңдігін, тамырының тереңдігін сіңіру керек. А.Байтұрсынов пен Н.Төреқұловтың ізін жалғап, қазақ зиялыларының латын графикасына көшуді қолға алғаны қуантады. Себебі, неше жылдан бері кейінге шегеріліп келе жатқан мәселені қарастырып, ұлт болашағының өзгерісіне оң қадам жасады. Қазіргі таңда қазақ тілінің өзге шет тілдік сөздермен араласып кеткендігі жасырын емес. Құдды қазақ тілі емес, қазақстандық тіл сынды. Осы қатерден латын әліпбиіне көшу құтқарады. Себебі, латын графикасына негізделе отырып, техника тілінде де, жалпы жұртқа да түсінікті болатындай етіп қазақ тілінің жаңа емлесі жасалады. Латын графикасына көшу – саяси жағдаймен еш қатысы жоқ. Бұл Елбасының ұлт болашағы үшін жасалған сауатты саясаты.
Екі жыл бұрын күдікпен қараған бұл жағдай қазіргі таңда шешімін тауып жатыр. Атап айтсақ, жастар латын графикасына көшуді қос қолмен қолдап отыр. Себебі, жастар кез келген эволюциялық жаңалықтарға оң көзбен қарайды. Үш тілді саясатты көріп өскен балаға әлбетте латын таңсық дүние емес.
Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны секілді аталған мәселені де майшаммен қарау барысында олқылықтарға тап болғанымыз рас. Алаш заманында екі жылдың ішінде 900 жылдан кейінгі араб графикасынан латынға ауысып кету рекорд деп есептеймін. Ал біздің уақытта латынға көшу 9 жылды талап етіп отыр. Бұл уақытша, шешімін табар дүние деп сенеміз.
Мен өз кезегімде халқымның игілігі үшін жасалған әрбір шешімді қолдаймын.
Ақбота ТҰРСЫНБЕКОВА
Тілдерді дамыту басқармасы
тілдерді оқыту орталығының оқытушысы