307
Архив ел тарихынан сыр шертеді
Архив ел тарихынан сыр шертеді
Қай мемлекет болса да, өзінің архив және архивтегі қор істерін маңызды салалардың бірі санайды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы атап көрсетілген «Архив – 2025» бағдарламасын әзірлеу бастамасы елімізге серпіліс алып келгені сөзсіз.
Елбасының 2013 жылғы 8 қаңтардағы №464 Жарлығымен бекітілген «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін құруды бастады. Осы кезден бастап құжаттарды электронды қорға көшіру жұмыстары басталды. Ал сандық жүйеге қосылған соң ең соңғы үлгідегі технологияларды қолданғанда кітапты сөгіп әуре болмайды, 1 минутта 150-180 парақты көшіріп беруге болады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы республикамызда 2017 жылы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарлама халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды және шалғайдағы елді мекендерде 2022 жылға дейін интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Яғни цифрлы экономиканы жоғары білімді, білікті мамандарсыз қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда ІТ мамандар бар дегенімізбен, архивтің ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұны мен құрамын толықтай меңгерген цифрландыру процесін игере алатын ІТ мамандар жеткіліксіз.
Қазақстанда жалғыз архив ісі мамандарын даярлайтын оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Мұндағы білім алушылар саны өте аз. Себебі бөлінетін гранттар саны шектеулі. Тіпті соңғы жылдары докторантураның ашылғанымен оған тапсырушылар да аз екені белгілі. Бұл кәсіби даярланған мамандардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сол себепті елімізде алдағы жылдарда архив ісі саласында ІТ мамандар даярлайтын мамандықтар ашу керек. Сонымен қатар архив саласына цифрландыруды жүргізуге заманауи талаптарға сай техникалық жабдықтар қажет, ол үшін мемлекеттік бірнеше жобалар дайындалу үстінде.
Бүгінгі күні архив саласындағы мемлекеттік қызметтердің ерекшелігі сан алуан және күрделене түсуде. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімді болуы, оның сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың жариялылығы – үкімет тарапынан қойылып отырған басты талаптардың бірі.
Жамбыл облысы бойынша бүгінгі күні 1 облыстық, 1 қалалық, 10 аудан көлеміндегі мемлекеттік архивтер халыққа қалтқысыз қызмет етуде.Солардың бірі Талас ауданының мемлекеттік архиві. Аталған архив Талас және Сарысу аудандары тарихының сан қырлы тұстары: саясат, экономика, мәдениет, ауылшаруашылық, халық ағарту тақырыбындағы 1925-2017 ж.ж. аралығындағы барлығы 261 қорда 58958 сақтау бірлігі құжаттар сақталып отыр.
Бүгінгі таңда архив саласында мемлекеттік сақтаудағы барлық құжаттарға сандық көшірме жасалып, «электронды архив» жасақталуда. 2016 жылдан бастау алған «Электрондық үкімет»-e-gov порталы арқылы және «ХҚКО» департаменті арқылы қызмет көрсетудің бүгінгі таңдағы көрсеткіштері жақсы, оның ішінде жеке тұлғалар жүз пайыз электрондық үкімет арқылы өз сұраныстарына жауап алып отыр.
Бүгінгі күннің басты талабы – тұтынушы үшін жеңіл, әрі ыңғайлы, әрі тиімді тәсілмен, заманауи технологиялардың арқасында қарым-қатынас жасау, қағазбастылықтан арылту екенін халыққа түсіндіру, жеткізу. Осы орайда архивте жоспарлы түрде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Архивте адалдық алаңы жобасы қолға алынып отыр. «Архив-2025» бағытын халық арасында кеңінен насихаттап, аудандағы округтерде түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Талас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сандық қолтаңба алу, «Электрондық үкімет» e-gov порталы арқылы өтініш беру, түрлі салалардан архивтік анықтама алудың және мобильді байланыс арқылы ақпарат алудың жолдары мен тиімділігін насихаттауға арналған жәрмеңкеге біздің мамандар үнемі атсалысып келеді.
Бір ғана жылғы статистикалық мәліметтерді алып қарасақ, 2018 жылы әлеуметтік сипаттағы әртүрлі, барлығы – 2559 өтініштер мен хаттарға архивтік анықтамалар дайындалды.
Жалпы архивтен берілетін мемлекеттік қызметтің түрі «Архивтік анықтама» болғандықтан келіп түсетін сұраныстың түрі мен сипаты да әртүрлі. Көпшілігі зейнетке шығу үшін еңбек өтілі, айлық табысы, аударылған зейнетақы жарнасы, мекеме атауы туралы сұраса, енді бірі оқу орнын бітіргенін, акт жазбаларын, сату-сатып алу келісім шарттары мен жекешелендіру шарттарын, енді бірі иелігіндегі жері туралы шешім, қаулы, қарарды анықтауды сұрайды.Сондай-ақ, алыс-жақын шет ел азаматтары да хат арқылы, сенімді өкілдері арқылы сенім хатпен өтініш білдірсе, кейбірі Сыртқы Істер Министрлігі арқылы әр түрлі сұраныстар жолдайды. Мысалы Германиядан түсетін сұраныстардың талабы өзгеше, ол елдің зейнетақы қорлары әрбір азаматтың Қазақстандағы еңбек өтілі 30 жыл немесе 40 жыл болса, сол жылдардағы жұмыс күнін, ауырған күнін, еңбек демалысын, оқуға байланысты, бала күтіміне байланысты демалыста болған күндерінің толық есебін сұрайды.
Архив мекемелеріне мұнымен қоса Қазақстанның өзге аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден сұрау хаттар үнемі толассыз түсіп жатады. Әрине, осындай сұраныстардың нәтижесінде кейде жоғын іздеп тапқан, аз ғана архив мәліметтерінен төбелері көкке жететін тұрғындарды көргенде өз мамандығыңның мәртебелі екенін ұғынасың. Адамдардың көздеріне жас үйіретін мұндай жұмыстардың орындалуы рухани, кәсіби қанағаттанарлық сезімін тудырады, өйткені әрбір сұраудың артында адам тағдыры тұр.
Алмас МҰХТАРОВ,
Жамбыл облысы,Талас ауданының мемлекеттік архивінің директоры