340
Nur Otan - апталық шолу
Nur Otan - апталық шолу
Аналарға берілген мүмкіндік
«Nur Otan» партиясы көпбалалы аналарға қолдау көрсетуді тоқтатқан емес. Соның бір айғағы – аналарға берілген мына бір мүмкіндік. Апта басында елордалық 20 көпбалалы анаға тігін шеберлігін меңгергенін айғақтайтын арнайы сертификат пен алғашқы кәсіптерін бастауға жол ашатын тігін машинасы берілді.
Көпбалалы және өмірде қиын жағдайға тап болған отбасында бала тәрбиелеп отырған аналарға мұндай мүмкіндікті «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы және «Ютария» тігін фабрикасы беріп отыр.
Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы «Бақытты отбасы» партиялық жобасының аясында «Жәрдем» бағдарламасын іске асырған болатын. Аталмыш бағдарлама сәбиі бар аналар баласын қараусыз қалдырмайтындай етіп олардың үйде жұмыс істеуіне, сондай-ақ, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылардың қаржылық жағдайын жақсарту үшін мүмкіндіктер жасауды көздейді.
Маңызды шараға қатысқан «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей аналардың қоғамдағы рөліне, ұлттық болмыс пен ерекшелігімізді сақтап қалу жолындағы олардың ерен еңбегіне ерекше тоқталды. «Соғыс өрті мен талай қуғын-сүргінді басынан өткерген ұлт рухының қайта тірілуіне бірден-бір себепкер болған – ақ жаулықты аналарымыз. Ер-азаматы майданға аттанғанда басқа түскен ауыртпалыққа мойымай, балаларын асырап, ел қатарына қосқан аналар болды. Сондықтан анаға деген құрметіміз шексіз. Сіздердің көпбалалы ана ретінде қолға алған кәсіптің отбасыларыңызға табыс әкелетініне сенімдіміз. Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы бар. Бірақ ынта мен жігер болса, кез келген қиындықты жеңуге болады», – деді партия хатшысы.
Сондай-ақ, Әлібек Әлденей мұндай игі бастамалардың жалғасатынын және партияның көпбалалы аналармен тікелей байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді. «Ютария» тігін фабрикасының өндірістік базасында екі апта бойы қайта даярлаудан өткен аналарға Тұңғыш Президент – Елбасы қоры демеушілік жасап, тігін машиналарын тарту етті. Осы орайда, Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева «Жәрдемді» жүзеге асыруға қолдау білдірген Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен «Ютария» фабрикасына алғысын білдірді. «Ананың бала тәрбиесінен қол үзбей-ақ, үйде отырып жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін тігіншілік және аспаздық курстар аштық. Бүгін осы курстың алғашқы легі оқуды тәмамдады. Курс барысында аналарға тігіншіліктің қыр-сырынан бөлек, қазіргі таңда елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Сонымен қатар, аналардың алғашқы тапсырыстар алып, дайын өнімдерін сатуға қол ұшын беру үшін нарықта қалыптасқан кәсіпкерлер де осы жұмысқа жұмылдырылды. Сондықтан аталған бағдарламаны өте тиімді, кешенді әрі пайдалы болды деуге негіз бар», – деді Динара Закиева.
Осы курсты тәмамдаған төрт баланың анасы Индира Миықбаева балалары кішкентай болғандықтан, бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істемегенін, енді тегін қайта даярлықтан өту арқылы жаңа кәсіпті меңгергенін қуана жеткізді. «Негізгі мақсатым – үйде отырып-ақ жеке бизнес ашу. Ол үшін мемлекеттің жасаған барлық мүмкіндігін пайдаланғым келеді. Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы туралы естіп-білдім. «Жәрдем» бағдарламасының игілігін өзім көріп отырмын. «Атамекен» ҰКП-ның мамандары осында келіп, бізге қазір қандай мемлекеттік гранттар бар, оларды қалай алуға болады, шағын кәсіпорынды қалай ашады, жеке кәсіпкерлікті қалай тіркейді деген сауалдар төңірегінде семинар-тренинг өткізді. Сондықтан, өз кәсібімді бастауға дайынмын», – деді көпбалалы ана Индира Миықбаева.
Айта кетейік, «Ютария» тігін фабрикасы аналарды тігін шеберлігіне үйретіп қана қоймай, балаларын балабақшаға орналастырып үлгергенін жұмысқа қабылдауға да дайын. Сондай-ақ, тігіншілікті меңгергісі келетін өзге де көпбалалы аналарды курстың екінші легіне қабылдау басталды.
Кешен жұмысы қарқынды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Нұржан Әлтаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар кездесулер өткізді.
Сейсенбі күні депутат «Continental Logistics Shymkent» көлік логистикалық орталығының жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті. 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылған А+ санатындағы «Continental Logistics Shymkent» кешенінің бүгінгі жұмысы қарқынды. Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдары бар.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік магистраліне және әуежайға жақын орналасқан «Continental Logitics Shymkent» жаңа көліктік-логистикалық орталығында тікелей теміржол желісі де қарастырылған. Мұндағы мамандар маркетинг пен менеджментті кеңінен қолдана отырып кешеннің мүмкіндіктерін толық пайдалануға кіріскен.
Орталықпен танысу барысында депутат Нұржан Әлтаев Шымкенттегі алып кешенге келудегі мақсатымен бөлісті. «Көлік-логистикалық орталығы біздің ауылшаруашылығының көптеген мәселелерін шешетін маңызды жобаның бірі. Біздегі көптеген фермерлердің, солардың өздерінің продукциясын қалаларға шығару үшін логистикалық орталық, қоймалар қажет. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өнімдерінің бағасының өсіп жатқаны осындай қоймалардың жоқтығынан. Бірақ қазір бұл үлкен жобаның іске асып жатқанына өте қуаныштымын. 93 гектар аумақта орналасқан нысан тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталықтың негізгі артықшылығы – нысанның қолайлы жерде орналасуында. Осында сақталатын отандық өнімдер жергілікті сауда орталықтарына жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ, тағы бір жоба логистикалық орталықтың жанынан 200 гектар аумағында агро-индустриалды орталық салынайын деп жатыр. Ол жерде фермерлердің келген тауарларын өңдеп, қоймаларда сақталады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ары қарайда жұмысты атқаратын боламыз», – деді Нұржан Әлтаев.
Орталықта бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқайсысының аумағы 10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар.
Жастар игілігіне – жаңа орталық
«Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» партиялық жобасы аясында білім орталығы ашылды. Мәжіліс депутаты Ирина Аронованың Қостанай облысындағы Қарабалық ауданына жұмыс сапары аясында жаңа орталықтың тұсауы кесілді.
Мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Орталыққа келушілер қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға мүмкіндік алады.
«Бастысы, жастардың жаңаша білім алып, оны дұрыс пайдалана білуде. Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасының шеңберінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде», – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Аронова.
Орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің де қадірін арттырып, көпшіліктің уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізеді. Айта кету керек, бұл – өңірдегі осымен алтыншы білім орталығы. Енді аудан тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, бірқатар қызмет түрлерін ала алады.
Тұрғындар сауалына жауап қатты
Халық қалаулыларының аймақтарға сапары жалғасуда. ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова Атырау облысына арнайы іссапармен барып, жергілікті кәсіпорын мекемелерінің ұжымымен кездесулер өткізді.
Депутат сапар барысында Атырауда мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан жобаларды көріп, олардың келешекте дамуы үшін қажетті қолдаулардың жасалатынын жеткізді. Халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалында тұрғындармен жүздесті.
Қабылдауға келген тұрғындардың бірі К.Әубекеров өзін мазалап жүрген мәселе жайлы сөз қозғап, депутаттан көмек сұрады. «Топырақтың 80-нен астам түрі бар. Топырақта баға болмауы тиіс. Топырақ жер қойнауының қазба байлығына жатпайды, бекітілген халықаралық стандарттарда солай болатын. Бұл жөнінде 7 рет сот отырысында жеңіп те шыққанмын. Алайда қазір сол топыраққа баға қойып, жол салу жұмыстары шамадан тыс қымбатқа шығуда. Оны түзету үшін заңдылықтарға өзгерістер енгізілуі тиіс», – деді атыраулық тұрғын.
Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған депутат мәселенің шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Көтерілген мәселелерге назар аударған Мәжіліс депутаты түйткілдерді шешудің заңдық жолдарын түсіндірді. Депутат атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау және жалақыны арттыру төңірегінде Елбасы қабылдаған тапсырмаларды халыққа таныстырып өтті. Жиын соңында тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетілмек
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қанат Мусин, Шавхат Өтемісов келді. Депутаттар Зашаған кентіндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының негізгі мақсаты – халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыру.
«Жалпы Орал-Саратов трассасы бойында бекітілген құжатқа сәйкес 9 үй салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда оның 7-еуі салынуда, яғни осы жылы 774 пәтер қолданысқа беріледі. Аталмыш үйлерден басқа осы жылдың төртінші тоқсанында Зашаған кентінде кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға арналған құрылыс нысанын тапсырысқа беру жоспарда бар», – деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.
Ал Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов: «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазіргі таңда елімізде мыңдаған пәтер салынуда. Нәтижесінде, көптеген жерлестеріміз тұрғын үйге қол жеткізіп жатыр. Бәрімізге белгілі соңғы уақытта көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына басты назар аударылып отыр. Елбасының тапсырмасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Бүкіл қаражат нақты, тікелей көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жұмсалады», – деп атап өтті.
Пәтер кілті табысталды
«Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау жұмыстары жалғасын табуда.
Ауылдық жерлерде тұратын тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға «Парыз» қорының қаржысы есебінен сатып алынған баспаналар берілді. «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде өңірлік қоғамдық комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті. Құрамына көпбалалы аналар қосылған аталған комиссия сатылымдағы үйлердің тұруға жарамды, ауылдық жер болғандықтан мал ұстап, бақша өсіруге ыңғайлысын таңдап ұсыныс жасады.
Көпбалалы отбасыларға үйлердің кілтін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Серік Ақтанов табыстады. Салтанатты шарадан соң баспаналы болған сегіз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Жаңылхан Буканова сөз сөйледі. «Осыған дейін отбасымызбен пәтер жалдап тұрдық. Өзіміздің үйіміз болмады. Бүгінгі қуаныштың орны бір бөлек. Аудан әкімінің қолынан пәтердің кілтін алдық. Дәл мендей қуанып отырған өзге де көпбалалы отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын. Көпбалалы отбасыға жағдай жасап жатқан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, аудан әкімі Серік Қасымбекұлына ризашылығымды білдіргім келеді», – деді ол. Баспаналы болғанына шаттанған көпбалалы аналар басшылыққа алғысын жеткізді.