20 миллионға қашан жетеміз?

20 миллионға қашан жетеміз?

20 миллионға қашан жетеміз?
ашық дереккөзі
844

Министр ханымның ойынша Қазақстан халқы 2030 жылы ғана бұл көрсеткішті бағындыратын сияқты

Биылғы жылдың 1 қазанындағы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің есебі бойынша Қазақстан халқы 17 миллион 608, 22 мың адамды құрап отыр. Ал Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу туралы меже қойғаны белгілі. Халық санын бұл межеге жеткізу қолымыздан келе ме?

Демографиялық саясат қай мемлекет үшін де өте маңызды. Өйткені мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Ал бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан қаншалықты бай? Алдағы 5 жыл ішінде халық санын 2,5 миллионға арттыру қолдан келер ме екен? Дәл қазір бұл жағы өте күмәнді болып тұрғаны жасырын емес. Дегенмен ел Президенті қойған міндет-меже  баяу болса да жүзеге асырылуда. Бірақ нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Тіпті, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Елбасы міндеттеген межеге 2030 жылға қарай ғана жетуіміз мүмкін деп мәлімдеп үлгерді. Министрдің болжамы бойынша, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,3 миллионға жетуі ықтимал. Ал демографтардың болжамы бойынша жасалған ресми зерттеулер 2020 жылы халық санының 18,33 миллионға әзер жететінін көрсетіп отыр.

26 жыл ішінде қаншалықты көбейдік?

Елімізде жүргізілген халық санағына көз жүгіртіп көрелік. 1989 жылы Қазақстанда жүргізілген халық санағы кезінде ел тұрғындарының саны 16 миллион 537 мың адамды құраса, егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің туын желбіреткеннен кейін халық саны біршама азайды. Бір ерекшелігі, 1993 жылға дейін еліміздегі тұрғындар саны артып, 16 миллион 986 мыңға дейін жеткен. Алайда 1994 жылдан бастап жыл сайын республикамызда қоныстанған халық саны азая бастады. Мұндай кері кету елімізде 2001 жылға дейін сақталған болатын. 1994 жылы 16 миллион 942 мың болған халық саны 2001 жылы 14 миллион 800 мыңды ғана құрады. Осылайша, Қазақстан халқының саны 7 жыл ішінде 2 миллионға қысқарып қалған еді. Өлім-жітімнің көбеюі, бала туудың кемуі, табиғи өсімнің құлдырауы Кеңес Одағы құрамынан шыққан өтпелі кезеңдегі демографиялық жағдайдың негізгі көрінісі еді. Оның үстіне кезінде елімізде саны көп болған неміс, украин, грек, поляк сынды ұлт өкілдерінің тарихи отандарына қайта көшіп кетуі де өз әсерін тигізгені анық. 1993-1998 жылдар аралығында республикадан 1 миллионнан астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларусь) мен 400 мыңға жуық немістер көшіп кетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кезінде тәуелсіздік алған тұста,  1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандастарымыз сырттан келді», – деген болатын. Расында да, ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке қол жеткізгеннен кейін миллиондаған қандастарымыз тарихи отанына қайта оралып, демографиялық ахуалдың ілгерілеуіне ықпал етті. 1999-2009 жылдар аралығында сыртқы көші-қон үдерісінде бетбұрыс байқалып, елге келушілердің саны одан тысқары кетушілерге қарағанда көбейді. Он жыл ішінде тарихи отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Ираннан ресми статистикалық дерек бойынша 650 мыңнан астам адам оралыпты. Сондай-ақ, Қазақстанның тұрғылықты халқы да өсіп-өне бастады. Бүгінде республикадағы өлім-жітімге қарағанда туу көрсеткіші жоғары. Алайда бұл қанағаттанарлық нәтиже емес. Қазақстан халқының саны 2002 жылдан бастап қайта көтеріліп, 2005 жылы 15 миллионнан асты. Араға бес жыл салып, яғни, 2010 жылы халық саны 16 миллионның үстіне шықты. 17 миллиондық көрсеткішке қазақстандықтар саны 2014 жылы ғана қол жеткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Таиланд елі алғаш тәуелсіздік алған кезде халық саны 16 миллион болса, қазір 65 миллионға жеткен. Бар болғаны 40-50 жылдың ішінде халық санының өсімі айтарлықтай өскен. Біздің елдегі 2050 жылға жоспарлаған бағдарламада 2020 жылға қарай халқымыздың саны – 20 миллионға жетсе екен деп ойлағанмын», – деген еді.

Елбасының алаңдауы да орынды. Егер 1989 жылы еліміздегі халық саны 16,5 миллион шамасында болды десек, 2015 жылы бұл көрсеткіш 17,5 миллионға тұрақтап отыр. Демек, арадағы 26 жыл ішінде халық саны 1 миллионға ғана өсті деп айтуға болады.

Өткен жылы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов соңғы 10 жыл ішінде еліміздің бірқатар өңірлерінде халық санының азайып кеткендігі туралы хабарлады. Депутаттың айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны 210 мың адамға азайыпты. «Қазақстан халқы санының артуына қарамай, жекелеген өңірлердегі халық саны азайып келеді. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысының халқы 100 мың, Шығыс Қазақстанда 60 мың, Қостанай облысында 30 мың, Ақмола облысында 15 мың адамға қысқарды», – дейді Нұртай Сабильянов. Ал өңірлердегі халық санының азаюы жұмыс қолының жетіспеушілігі, мектептердің жабылуы, ауылдардың қаңырап бос қалуы секілді мәселелерді туындататыны сөзсіз.

2015 жылдың ресми статистикалық деректері бойынша оңтүстік өңірлердегі халық санында өсім байқалады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында халық саны 1,1, Алматыда 0,8, Маңғыстауда 1,9, Жамбылда 0,6, Ақтөбеде 0,8, Қызылордада 0,9, Атырауда 1,3, Қарағанды облысында 0,3 пайызға өссе, Алматы қаласындағы халық саны 2,2, Астанада 1,5 пайызға артқан. Ал Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының саны үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында 0,2 пайызға тағы да төмендеп отыр.

Санымызды арттыруға не кедергі?

Елімізде соңғы рет жүргізілген 2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша, республика халқының 63,1 пайызын қазақтар құраған болатын. Республика халқының 23,7 пайызы – орыстар, 2,9 пайызы – өзбектер, 2,1 пайызы – украиндер, 1,4 пайызы – ұйғырлар, 1,3 пайызы – татарлар, 1,1 пайызы – немістер болған. Ал статистика жөніндегі мемлекеттік агенттіктің 2013 жылғы деректеріне сәйкес, республикадағы қазақтардың үлесі 65,2 пайызға, яғни, 11 миллион 58 мыңға жетіпті.

Тәуелсіз Қазақстанның жүргізген алғашқы санағы кезінде еліміздегі қазақтардың үлесі 53,4 пайызды ғана құраса, 2005 жылдың басында 4,5 пайызға артты. Республикаға аты берілген қазақ ұлтының саны еліміздің барлық облыстарында өсіп отырды. 1989-2005 жылдары қазақтар саны 34,2 пайызға өсті. Қазақтар Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында басым болды. Қызылорда облысында – 94,2, Атырау облысында – 89, Маңғыстау облысында – 78,7, Ақтөбе облысында – 70,7, Оңтүстік Қазақстан облысында – 67,6, Батыс Қазақстан облысында – 64,7 пайыз қазақтар қоныстанған. Бұл 1999 жылғы санақтың қорытындысы. Ал Солтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстанда қазақтар ол кезде тым аз еді. Солтүстік Қазақстанда – 29,5, Қостанайда – 31,1, Ақмолада – 37,4, Қарағандыда – 37,6, Павлодарда – 38,2, Шығыс Қазақстанда – 48,5 пайыз ғана болатын. Дегенмен, кейінгі жылдары барлық облыстарда дерлік қазақтар саны мен үлесі өсе түскені байқалады. Биылғы жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 66,01 пайызға жетіп отыр.

Статистикалық деректер бойынша, еліміздегі халық санында, оның ішінде қазақтардың үлесінде өсім байқалатыны басты қуанышымыз. Қазақ халқының саны өскенімен, соңғы жылдары көп балалы қазақ жанұяларының қатары сиреп келеді. Тіпті, мұндай жайт қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан өңірінде көрініс табуда. Әрине, халықтың табиғи өсімінің төмендеуі нарықтық жағдайға, әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарға, қымбатшылықтың орын алуына, жұмыссыздықтың көбеюіне және өзге де кезеңдік ауыртпалықтарға байланысты. 2009 жылы елімізде экономикалық жағдай төмендеп, қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келген тұста халықтың табиғи өсімі баяулағаны рас. Дәл осындай аумалы-төкпелі уақыттың көрінісі бүгін де көз алдымыздан өтіп жатқандай. Ал бұл өз кезегінде тағы да еліміздегі халық санының артуына кедергі болуы мүмкін бе? 2009 жылы орын алған қаржылық дағдарыс кезінде Қазақстандағы халық саны күрт төмендемесе де, аса үлкен өсім де байқала қоймады.

Халық санын, әсіресе, қазақ ұлтының санын арттыру үшін шет жұртта жүрген қандастарымыздың өз Отандарына оралуына жағдай жасауды мықтап қолға алуымыз қажет. Осы мақсатта елімізде «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асырылған еді. Бірақ бұл бағдарламаның соңы да қарапайым жұртқа түсініксіз болып кетті. Егер сырттағы 5 миллионға жуық қазақ Қазақстанға оралса, 2020 жылға дейін Президент міндеттеген межеге еш қиындықсыз жететін едік. Алайда бұл мәселені шешу бүгінгі күні үлкен қиындық туғызып отыр. Өйткені шет жұрттан атамекенге оралғандар үшін баспана, тұрақты жұмыс табу, балаларын оқыту мәселесі қиындық тудырады. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Алайда ел билігі бұл мәселені шешуге ыждағаттылық танытып отырмаған тәрізді. Қазақстан халқының санын өсіруге ниетті екеніміз рас, бірақ іске көшуге құлықсыз болып тұрғанымыз қалай?

 Еліміздің демограф ғалымы Мақаш Тәтімов 2020 жылға қарай елдегі қазақ халқының үлесі 75-80 пайызға жетуі мүмкін екендігін айтқан. Сондай-ақ, солтүстік аймақтардағы қазақтар 50 пайызға жететіндігі туралы да мәлімдеме жасаған еді.

Жұмыссыздық та аяқтан шалып тұр

Жалпы, халық санының көбеймеуіне не әсер етуі мүмкін? Осы сауалға жауап іздеушілер аз емес. Ең басты мәселе – әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жұмыссыздық. Қазіргі уақытта әлем экономикасы құбылып тұрғаны аян. Осындай қым-қуыт сәтте әлем елдерінің көпшілігінде жұмыссыздық мәселесі белең алуда. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпеді. Биылғы жылдың басында еліміздегі жұмыссыздар саны 459,2 мың адамға жетіп, 5 пайызды құрады.

Қазіргі уақытта әлем елдеріндегі жұмыссыздық күрделі мәселе болып отыр. 2015 жылы бүкіл әлемде қылаң бере бастаған қаржылық қиындықтардың ұшқыны бұл мәселеге тағы да кесірін тигізетіні анық. Өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандар саны 55,5 мыңға артыпты, яғни, пайыздық көрсеткіш 0,6 пайызға өсті. 2014 жылдың соңғы тоқсанында еліміздегі өз еркімен жұмыс жасайтындардың 71,7 пайызы нәтижелі болса, 28,3 пайызы өнімсіз жұмыс атқарған екен. Қаңтар айының соңына қарай 47,3 мың адам жұмыспен қамту орталықтарында ресми түрде тіркеліпті. Бұл көрсеткіш «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының қатысушыларынсыз есептелген нәтиже. Қазақстандағы жұмыссыздық мәселесін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еуроаймақтағы жұмыссыздық  11,5 пайызды құрайды. Көрдіңіздер ме?! Бүкіл әлемде осындай жағдай, ал біз сол әлемнің бір бөлігі болғандықтан Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Бұны біз сезініп те жатырмыз», – деп түсіндірген  болатын.

Елімізде жұмыссыздық мәселесі күн тәртібіне шығатын болса, халық санының өсімін сөз етудің өзі орынсыз секілді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың отбасын құрып, бала тәрбиелеп, демографиялық ахуалды жақсартуға үлес қосуға талпыныс білдірмейтіні белгілі. Әлеуметтік жағдай нашар болған жағдайда, бала туу көрсеткішінің өспейтіндігі қанша жерде айтылып та, жазылып та жүр.

Қазіргі жағдайда халықтың санын арттырып, демографиялық жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін екі ғана жол бар. Бірі – көп балалы отбасылардың қатарын көбейтіп, бала туу көрсеткішін арттыру. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен, балаларға, аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы мәселесін шешу қажет. Екінші жолы – шетелдегі қандастарымызды елге көшіру. Мұны жүзеге асыратын құзырлы органдар сырттағы қазақтардың кедергісіз елге оралуына жағдай жасауы керек.

Кез келген елдегі халық саны – әрбір мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайының басты көрсеткіші. Сондықтан халықтың өсімін арттыруға қажетті шаралардың барлығы ешбір кедергісіз орындалуы тиіс.

 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары