Парасат биігінде...

Парасат биігінде...

Парасат биігінде...
ашық дереккөзі
307
«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, аңғарған, естіген дүниелерін жадында түгел сақтаған, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Ұстаз – мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық көрсетіп, ізгілікті насихаттайтын ержүрек иесі болуы тиіс». Бұл кесек ойдың авторы – ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби. Біздің кейіпкеріміз данышпан әл-Фараби қойған қатаң талаптың үдесінен шыға білген ұлағатты жан – Абдрахимова Гүлнәр  Бәзілқызы. Ғұмырының 48 жылын ғылыми-педагогикаға арнаған оның өмір жолы – өнегелі жол... Үлгілі жол... Гүлнәр Бәзілқызы – 1949 жылы 14 шілдеде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келді. Бұл өлке – Кенесары хан тұлпарының тұяғы тиген тарихи аймақ. Бұл өлке – күллі қазаққа құрметті, қала берді әлемнің жартысына әйгілі математик ғалым Мұхтар Өтелбаев туған топырақ. Бұл өлке – елге белгілі ақын-жазушылардың,  өнер қайраткерлерінің, жаны жомарт, қолы ашық ірі меценат-кәсіпкерлердің кіндік қаны тамған жер. Тау бөктеріндегі осы бір сулы, нулы қасиетті мекенде Гүлнәр Бәзілқызының балалық шағы өтті. Ол Maсанчи атындағы  орта мектепті бітіріп, 1967 жылы Алматы педагогикалық шетел тілдері институтына түсті. 1971 жылы аталмыш институтты үздік бітіріп, сол институттың неміс тілі факультетінде  неміс тілі фонетикасы кафедрасына мұғалім болып тағайындалды. Міне, содан бері Гүлнәр апай Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ұстаздық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқарып келеді. Еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері Университетінде оқытушы, доцент, магистратура деканы қызметтерін атқарған. Ғылымның ізіне түсіп, оқу іздеп Мәскеу қаласындағы Морис Торез атындағы педагогикалық шетел тілдері институтына аспирантураға оқуға қабылданады. Бұл 1980 жылдар еді. Сол заманда атағы аспандап тұрған Мәскеуде оқу – қазақ қызы үшін зор жетістік. Ғылым жолы – бұралаңы көп, қиын жол. Бірақ Гүлнәр Бәзілқызы бұл жолда адаспады, сүрінбеді, жалықпады. Морис Торез атындағы педагогикалық шетел тілдері институтында тіл теориясы мамандығы бойынша мүйізі қарағайдай, тіс қаққан мәскеулік профессорлардың алдында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми жұмысқа, ғылыми атаққа аса сақ қарайтын, кірпияз, білімпаз диссертациялық құрам мүшелерін мойындатты. Тіл білу – адамның көкжиегін кеңейтеді. Өзге халықты танып, зерттеуге мүмкіндік ашады. Ал сол тілдің байлығын толық игеріп, жетік меңгеру – зор талғам, парасатты қажет ететін жұмыс. Гүлнәр Бәзілқызы – неміс тілін жетік білетін, академиялық деңгейде сөйлейтін маман. Германия мемлекеті оның бұл талантын жоғары бағалап, Гүлнәр апайға сол елде бі­лі­мін жетілдіруге 6 мәрте шақырып, жағ­дай жасаған. Сөйтіп, ол Алматыдағы Германия өкіметінің  неміс тілін және мәдениетін насихаттау мақсатымен құрылған  Гете атындағы институтта сабақ берген. «Басқаларды оқытып, үйрету нәтижелі болу үшін ең әуелі педагогтың өзі оқу керек. Оқығанда да талмай, тынбай, қартайса да оқуы тиіс». Бұл – Гүлнәр Бәзілқызының ұстанымы. Сондықтан ол әдістемелік тәжірибесін толықтырып, білімін шыңдау үшін шетелдік мамандармен жиі тәжірибе алмасады, сан алуан семинарларға қатысады. Бүкіл жиған-терген, оқыған-түйген дүниесін күллі республика көлеміндегі орта мектептер мен жоғары оқу орындарында неміс тілін оқытатын мұғалімдермен бөліседі. Өйткені, Гүлнәр апай – білгенін басқаға үйретпеу, жерді жыртып, дән сеппегенмен бірдей екенін  терең ұғынған жан. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл». Гүлнәр Бәзілқызы – өн бойына өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаған кемел ұстаз. Ол филология саласы бойынша із­деніп жүрген көптеген жасқа ғылыми бағыт-бағдар беріп, жетекшілік етті, маман ретінде қалыптасуына себепкер болды. Гүлнәр Бәзілқызы 60-тан астам ғылыми мақаланың 9 типтік аудар мамандығына арналған бағдарламалардың авторы. Ол жұмыс талғамайды. Еңбекқор. Ғылыми жұмыстарынан, оқытушылығынан бөлек, білім саласындағы барлық шараларға белсене қатысады. Мәселен, Гүлнәр апай еліміздің Білім және Ғылым министрлігінің  жанындағы  Тестілеу орталығының магистратура және докторантура талапкерлеріне арналған тест сұрақтарын тексерудің  тұрақты эксперті ре­тін­де болған. Ғалым-әдіскер ретінде  аударма ісі және шетел тілі мамандығы бойын­ша оқылатын пәндерден тест тапсырмасын жасауға атсалысқан. Ол халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға жиі қатысады. Тіл білімі саласындағы проблемаларды қозғап, сапалы, мазмұнды баяндамалар жасаған. Германияда, Италияда өткен әлемдік құрылтайларда Гүлнәр Бәзілқызының  халықаралық деңгейде  аударма ісі мамандығын меңгеру туралы  баяндамасы дүниенің төрт бұрышынан жиналған оқымыстыларды таңқалдырған. Үш жыл бұрын Гүлнәр Бәзілқызы көркем аударма ісіне мықтап ден қоя бастады. Осы жолдағы кәсібилігін арттыру үшін де білімді көздеп талай шетелге барды, айтулы мамандардан сабақ алды. Міне ол осылайша, өзінің ешқашан ізденуден, оқудан талмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның бұл ісі «тумай жатып қартайған», жаңалыққа ұмтылмайтын қаншама жасқа үлгі, қаншама жанға мотивация?! Гүлнәр Бәзілқызы бүгін де жетпістің белесіне шықты. Алайда ол әлі де ғылыми-педагогикалық бағыттағы жұмысын тоқтатқан жоқ. Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде дәріс оқиды. Біріккен Филология және көптілді білім беру институтының шетел тілдері кафедрасында студенттер  мен магистранттардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді. Гүлнәр Бәзілқызының тәуелсіз Қазақстанның білім беру ісіне, тіл білімі саласына қосқан ұшан-теңіз үлесі елеусіз қалған емес. Ол бірнеше медальдің иегері. 1998 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ел ертеңі жастарды оқытып-тәрбиелеуге табанды  түрде атсалысқан еңбегі еленген құрмет грамоталары, алғыс хаттары да жетерлік. Ал   Гүлнәр Бәзілқы­зының 48 жылдық өтілі үшін берілген ең басты марапат – шәкірттерінің жетіс­тігі, педагог ретіндегі беделі... «Тағдыр арбасы – кімдерге жеңіл, кімдерге ауыр». Гүлнәр Бәзілқызы да талай сынақты басынан өткерген. Бірақ сынбаған. «Қиындықты Алланың сыйы, маған берген өмірлік сабағы деп қабылдадым», – дейді. Ғылым жолында жүрсе де, ол ешқашан отбасын жоспарының екінші бағанына ысырған емес. Отбасы – ол үшін бәрінен маңызды. Сондықтан шығар, жетпіске келіп, қазыналы қарияға айналғанда, маңайы бос емес. Үбірлі-шүбірлі. Немерелердің шат күлкісі үзілмейтін шаңырағы берекелі. Гүлнәр апайдың өмірлік қағидасы – адалдық, еңбекқорлық, мейірімділік, шынайылық. Өзі осы бір адами асыл қасиеттердің шеңберінен шықпаған. Сондықтан да ол – алыс-жақын ағайынға, әріптестеріне, шәкірттеріне құрметті, сыйлы, беделді. Сондықтан да ол –әрдайым парасат биі­гін­де...

Мақпал Мадияр

Серіктес жаңалықтары