Судьялардың қызметтік сапасы  артады

  Судьялардың қызметтік сапасы  артады

   Судьялардың  қызметтік сапасы  артады
ашық дереккөзі
Қазақстанда қыркүйектен бастап судьялардың қызметтік сапасын бағалау қолға алынады. Бұл туралы  судья­лардың кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов мәлімдеді. «Судья болам деушілердің саны биыл 2 есе өсті. Бұрын өз еркімен кеткен судьялар өзгерістерді көріп, қайта судья боламын деп  конкурстарға қатысуда. Тіпті бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әріптестердің өзі жағдайды көріп, жұмысқа қайта шығуға шешім қабылдап жатыр», – деді Ж.Асанов. Жоғары сот төрағасы биылдың өзінде 434 судьяның сынақтан өтетінін атап өтті. «Біз соған арнайы комиссия құрдық. Ішіміздегі ең абыройлы судья­­ларды  соның құрамына енгіздік. Тамыз айының ішінде жүйемізді, әдістемемізді бекітеміз. Сол әдістеме бойынша әрбір судьяның қызметтік сапасына  баға беретін боламыз. Биылдың өзінде 434 судья осы сынақтан өтеді. 2,5 айдың ішінде аудандық соттардың 80 пайызы осы бағалаудан өтуі керек. Жалпы, сотты жаңғыртамыз десек  қолға алатын ең басты мәселе – судьялық кадрлар. Осы проблеманы түбегейлі шешпесек, заң да, мықты сот реформасы да ешқандай нәтиже бермейді, жағдайды түземейді», – деді Жоғарғы сот төрағасы. Сонымен қатар Ж.Асанов Парламент қарауында сот қызметіне байланысты жеті бірдей заңның жатқандығын атап өтті.  «Былтырдан бері бізде өте көп шара болды. 10-нан астамы тікелей эфирде өтті. Сол кезде «Жоғарғы соттың басшылары неге көп сөйлей береді, көп сөйлегенше соның барлығын іске асырмай ма?» деген әңгімені естідік. Әрине, оның барлығын біз айта алмадық. Бірақ оның себебі болды. Ең басты себебі біз өзіміздің бағдарламаларымызды жазғаннан кейін жағдайды жақсарту үшін біраз заңды өзгерту қажеттілігі пайда болды. Ал енді оны өзгерту үшін сол мәселеге қатысты барлық  мемлекеттік органдардың, басқа құрылымдардың келісімі керек. Кейбір мемлекеттік құрылымдар бізбен келіспей қарсылық білдіріп жатты. Сондықтан біз көп сөйлеуге мәжбүр болдық. Өйткені өзіміздің ұстанымымызды дәлелдеу керек болды», – деді ол 2019 жылдың 1 жартыжылдықтағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы қаралған кеңесте.