975
ЖАР ТАҢДАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН БАБАМЫЗДЫҢ ӨСИЕТІ
ЖАР ТАҢДАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН БАБАМЫЗДЫҢ ӨСИЕТІ
Есімі орта ғасырлардан біздің заманымызға жеткен белгілі ақын, қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» деп аталатын еңбегінде әйел адамдарды бірнеше топқа жіктеген.
Жастық шақтың буымен жігіттердің көбісі сыртқы сұлулыққа көп назар аударып алдамшы сезімнен аса алмай жатады. Ал сырты сұлу арулардың ішкі сұлулығының қос кездесуі – өте сирек құбылыс. Сұлулықтың көп адамға мойын бұрғызатындығы анық, сұлуға үйленген азаматтың бар өмірі жарын күзетумен өтеді. Бұл туралы ақын:
«Сұлуқұмар, сұлуды аңсап сор қума,
Қызыл жүзді сарғайтпа Һәм қор қылма», – дейді. (4485-бәйіт)
Кейбіреулер "қатын алма, қайын ал" деген бағытты ұстанып, бай әйел алып, дайын өмірге кірісіп кетуді ойлайды. Дүниенің бәрін өзі жиған жардың еріне бой ұсынуы екі талай. Соның салдарынан ол отбасының басшысы кім екенін айыру да қиын болады. Сондықтан ақын:
«Ей, тыңдаушы бай әйелден үміткер,
Құлы болып қалма оның, білікті ер», – дейді. (4491-бәйіт)
Бәріненде қайын жұртына шын беріліп, отағасын ерекше құрметтейтін, қонағына қолы ашық, етегі жабық иманды, ақ ниетті, адал жар табу қиынның қиыны.Сондықтан ақын:
«Қайын алма, алсаң нағыз қатын ал,
Адамшылдық сіңген асыл затына», – деп ой қорытқан. (600-бәйіт)
Жүсіп Баласағұн бабамыз да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, әйелді иманына, рухани байлығы мен ішкі жан дүниесінің сұлулығына қарап таңдауды өсиет етеді.
«Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,
Ол сенің ақыреттік жақын кісің»,– деп Шал ақын айтқандай жарық дүниеде жартымызды таңдауда жаңылыспайық.
Аян АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ