"Жүз жылдық жылнама" оқырманға жол тартты
"Жүз жылдық жылнама" оқырманға жол тартты
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған "Жүз жылдық жылнама" атты 5 томды жинақтың тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсімінің алдында басылым тарихы баяндалатын деректі фильм көрсетілді. 1919-1976 жылдар аралығын қамтитын 5 томдық жинақ әзірге 2000 данамен баспадан шықты. "1919 жылы "Ұшқын" деген атпен шыға бастаған басылым әр жылдары түрлі атпен шықса да, тілдің, діннің, жердің, емленің мәселесін, ұлт мүддесін көтерді. Сол тұстағы зиялылардың арасындағы айтыс- тартыс, ашаршылық, репрессия, соғыс пен тың игеру сияқты тарихи оқиғалардың бәрі осы жинақта қамтылды. Қазақ тарихының шежірешісіне айналған газеттің бетінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов сияқты арыстардың ізі қалды. Көп адам ол тұста газетті орталық комитеттің органы болған деп ойлайды. Олай болмағанына осы бес томдықты оқып көз жеткізуге болады. Бұл жинақ газет оқырмандарына ғана емес, журналистика тарихы мен әдебиеттің өткенін зерттеп жүрген ғалымдарға, кәсіби тарихшыларға да таптырмас құрал болады деп ойлаймын", - дейді "Egemen Qazaqstan" республикалық газеті" АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. Жиында сөз алған филология ғылымдарының доктоы, профессор Намазалы Омашев: "Сәкен Сейфулиннің кезіндегі мемлекеттік тіл үшін баспасөз бетінде қалай күрес жүргенін, 1923 жылы ұлтқа қазақ атауын қайтару үшін кімдердің басын бәйгеге тіккенін көруге болады", - деді. Шараға шақырылған өзге де мәртебелі меймандар басылым ұжымына ақжарма тілектерін арнады.