213
Солтүстік Қазақстанға америкалықтар көшіп келуде
Солтүстік Қазақстанға америкалықтар көшіп келуде
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 151 адам тұрақты тұруға өтініш жазса, оның 8-і алыс шет елдерден қоныс аударушылар.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірге көшіп келуге ниет еткендердің бірі - 89 жастағы Вера Бурлакова. Солтүстік Қазақстан оның туған жері. 2004 жылы АҚШ-қа қызының қолына көшіп кеткен ол енді 15 жылдан кейін туған елге сағынышпен оралуда.
«Мен осы жерде туып, өстім. Фабрикада, автобус паркінде жұмыс істедім. Күйеуіміз екеуіміз алты баланы өмірге әкелдік. Шетелге 75 жасымда қоныс аудардым. Бірақ, көшкеннен елді сағынумен болдым. Қайтып келгеніме қуаныштымын. Бұл жерде менің туыстарым, немерелерім мен жиендерім тұрады», - дейді Вера Ивановна Бурлакова.
АҚШ-тың тағы бір тұрғыны Кристен Дениелсон Қазақстанға көшіп келуді жоспарлаған. Облыстық Көші-қон қызметі басқармасына ол құжаттарын маусымның 7-сі тапсырды. Әзірше тек бір айға ғана тіркелді. Айтуынша, шетелдік 2016 жылы солтүстікқазақстандықпен танысып, енді қалған өмірін соның Отанымен байланыстырмақшы.
СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілевтің айтуынша, тұрақты мекенжайға тіркелу үшін екі айға жуық уақыт кетеді. Өтініш бермес бұрын бірқатар құжаттарды әзірлеу керек. Ең алдымен көшетін елден кету парақшасын және соттылық жөнінде анықтама алу қажет. Жалпы керек құжаттардың саны шамамен онға жетеді.