Күйеуінің тепкісін көрген нәзік жандылар көп
Күйеуінің тепкісін көрген нәзік жандылар көп
Еліміздің ең ірі мегаполисі саналатын Алматы қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен нәзік жандылар қатары көп екен. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Kazinform ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің деректеріне сай, оңтүстік астанада тұрмыстық зомбылықтан жапа шеккендігі туралы 3 мыңнан астам әйел құқық қорғау орындарына шағым түсіріпті.
Үстіміздегі жылдың басынан бері күйеуінің тепкісін көріп, таяғын жеген 3120 келіншек полицияға арыз жазған. Сол арыздар бойынша 475 адам психологиялық қысым жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылса, 2291 адамға ескерту жарияланған. Ал 15 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.
Осы орайда 25 қараша күні Алматыда отбасы құндылықтары күніне орай «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы өтеді. Алматы қалалық ІІД өкілі Майя Тоқсанова: «Мұндай шараны өткізу арқылы біз ең алдымен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу үшін не жасалып жатқанын көрсеткіміз, ана мен баланы қорғап, отбасылық құндылықтарды бірінші орынға шығаратынымызды білдіргіміз келеді», – дейді. Аталмыш акцияның аясында арнайы флешмобтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің отбасылармен тақырыптық кездесулері өтеді.