25 Сәуір, 13:11 688 0 Туризм Ахмет ӨМІРЗАҚ

ЕЛІҢНІҢ АТЫ ҚАЗАҚ БОЛҒАНДА, ЖЕРІҢНІҢ АТАУЫ ҒАЖАП БОЛМАС ПА?

Қай елде болса да, жер-су аттары өз бойына сол аймақты мекендеген халықтардың болмысын сіңіреді. Демек, атаулар жайдан-жай қойыла салмайды, бәлкім, сол арқылы ол атауларды тапқан халық қиялының ұшқыр, ойының терең екенін танытатын шығар...

Қазақ тумысынан ақынжанды халық. Содан болар, бұрынғы кезде жерге, суға ғажап бір талғаммен, шеберлікпен ат қойған және соның көбісі есте қаларлықтай. Мәселен, Сыр бойындағы Баршынкент, Жанкент, Жент, Қазалы секілді қала атаулары, Жалғызқұм, Жанаркөл, Жаңадария сияқты жер, су атаулары естіген адамның есінен кетпейді. Бүгінде ономастиканы билеп-төстеп отырған сауатты қауымның тілінен шығып, қаламынан туып, берілген жеріне тігілген тудай болып жараса кететін сондай атауларды білеміз бе? Есесіне Кеңдала, Гүлдала, Таусамалы секілді құлаққа әдемі естілсе де, жасандылығы сезіліп тұратын, елді мекеннің тарихына еш қатысы жоқ атаулардан көз сүрінеді. Бұл жер-су атауларына тым үстірт қарау ғана емес, атау берудің қазақи үрдісінен мүлде айрылып қалғанымыздың дәлелі.

Кеңес өкіметі орнамастан бұрын қазақ халқы жер, су атауларына адамның атын беруі өте сирек болған. Онда да «пәленшенің жайлауы», «түгеншенің құдығы» секілді адам есіміне білгілі бір мекеннің не заттың атын қосарлап отырған. Мысалы, Маңғыстаудағы «Ерсарының қайрағы», «Самның құмы» секілді атаулардың тарихи негізі, белгілі бір оқиғаларды еске салып тұрады. Бүгінде біз белгілі бір елді мекенге қазақша ат қойдық деп бөркімізді аспанға атамыз. Сондағы тапқанымыз «Мағжан Жұмабаев атындағы ауыл» не «Хамит Ерғалиев жағалауы» секілді орыстардың дәстүрімен қойыла салған атаулар.

Жерге, өзенге, көлге, тіпті, құдықтарға дейін ат қойған қазақ бірен-саран жағдайда болмаса, адамның атын бере бермеген. Тағы да Сыр бойы жағындағы атауларға жүгінсек, Кеңгішқұдық, Күйікқала, Қаракөз, Қарақұдық, Қылқылдақ, Құмбұлақ, Сәркеқұдық, Түбекбұлақ – Қызылқұмдағы құдық атаулары; Қарасары, Қарғалық, Сарылыасар, Тектұрмас, Шәуе құмы, Созықтабан, Ақтөбе – төбе атаулары; Түйекеткен, Маманкөл, Қарабөгет – көл атаулары. Қарап тұрсаңыз, бірінен бірі әдемі, қайталанбайтын атаулар. Осыларға қарап, қазір елімізде қаптаған қайталама атауларды көргенде расымен жерге, елге атау қою дәстүрінен ажырап қалғанымызға көзіміз жетеді.

Қазақтың қай өлкесіне барсаңыз да осындай ерекше атаулар алдыңыздан шығады. Қазір, мысалы Оқжетпес, Жұмбақтас, Баянауыл, Сұлутөр, Қазығұрт, Іле, Сырдария, Жаркент, Айша Бибі, Қарақия десеңіз мектеп оқушысына дейін оның Қазақстанның қай жеріндегі ненің атауы екенін жаңылмай айтып береді. Себебі ол атаулардың күллі қазаққа таныс, ұлттық деңгейдегі атаулар.

Кеңестік кезеңнің кесір саясаты қазақи ұғымнан туған жер-су атауларының талайын өзгертіп, халықтың жадынан өшіргісі келді. Өйткені онда қазақтың тарихы бар еді, ұлттың рухы бар еді. Мәселен, қанша ғасырлық тарихы бар Тараз атауын Қазақстанның оңтүстігіне үстемдік жүргізген Қоқан хандығы Әулиеата деп, соңынан КСРО мемлекеті Жамбыл (49 жыл сақталды) деп өзгертіп мыңжылдық атауды санамыздан ысырып тастағысы келді. Дегенмен 1997 жылы Тараз атауын қайтарып алдық. Себебі тарихта сол атымен белгілі болған қалада кезінде сол заманның өркениеттік жетістігінің бәрі болған, батыс-шығыстан талай жиһанкездер келіп, бұл қаланың мәдени жетістігі туралы жақсы жазбалар қалдырған. Сондықтан бұл тарихи қаланың ежелгі атын қайтару – мемлекетіміздің де ежелгі өркениеттің тікелей мұрагері екенін танытатын дұрыс қадам болды.

Сонымен бірге кейбір қалалар жаңа атауға ие болған кезде сол істің бас-қасында жүрген ұлттың жанашыр азаматтары болашақты ойлап, дұрыс ат таңдаған. Соның бір дәлелі – Қызылорда қаласының аты. Бұл кейбіреулер ойлағандай, қызыл империяның құрметіне қойылмаған, керісінше, астарлы түрде өткен тарихымыздағы айбарлы Алтын орда мемлекетін еске салып тұратындай етіп қойылған. Қазақ тарихында Ақ орда, Көк орда, Алтын орда мемлекеттерінің маңызы зор. Оның үстіне ерте кезде «қызыл» деген сөз алтын деген мағына бергенін тіл тарихын зерттеушілер мен тарихшы ғалымдар айтып жүр. Демек, Қызылорда атауы шартты түрде «Алтын орданы» білдіреді дей аламыз.

Қызылорда атауын кеңестік саясаттың қалдығы көретіндер оның ескі атауын қалпына келтіру керек деп те мәселе көтерген. Ал оның ежелгі атауын еске түсірсек – арыда «Қамысқала», бертінде «Ақмешіт» деп аталғанын білеміз. Соңғысы қоқандықтардың қойғаны. Демек қаланың бүгінгі атауы айтылуы жағынан да, мағынасы жағынан да үйлесім тапқан.

Бізде топонимикамен шұғылданып, зерттеу жүргізгендер аз емес, бірақ еліміздегі көптеген қала, елді мекен аттарының тарихы терең зерттеліп, атаудың шығу себептері жайында адамды сендірерліктей тұжырым жасалмайды. Есесіне атау сөздердің мағынасы туралы үстірт пікір, байлаусыз болжам көп.

Еліміздегі кейбір қалалардың аттарының мағынасы, шығу себебі туралы айтсақ, мынадай пікірлер бар:

Алматы – түбірі алма сөзінен шыққан. Себебі бұл қала тұрған аймақта аты әлемге белгілі апорт алмасы өседі. Кейбір деректерде ежелгі кезде осы жерде Алматы сауда мекені орналасқан.

Шымкент қаласы атауы «бау-бақшалы қала», «жасыл қала», «шымнан жасалған қала» деген мағына береді. Сондай-ақ, түркінің «шым» және иранның «кент» – қала, мекен деген сөздерінен құралған.

Қарағанды атауының мағынасы – «қараған қалың өскен жер». Қараған – өсімдік аты. Қараған сөзіне -ды қосымшасы жалғану арқылы пайда болған атау.

Ақтөбе қаласының аты жағасында төбенің етегінде салынғандықтан «ақ төбе» атауы шыққан.

Қостанай – қала атауының шығуы жайында әңгімелерде Тобыл жағалауында Қос және Тана есімді егіз қыздың өмір сүргені жайлы айтылады. Қала атауы осыған байланысты айтылады... т.с.с. кете береді.

Шынын айтсақ, бүгінде ел арасында жоғарыдағы қалалардың атына байланысты осындай түсініктер қалыптасқан. Ал шындығы солай ма? Ол жайында зерттеушілер не дейді? Өкінішке қарай, бұндай мәселеде бізде әлі толыққанды ғылыми сараптамалар, арнайы кітаптар аздау.

Бірен-саран авторлардың этимология мен топонимикаға, гидронимияға қатысты еңбектері бар, бірақ солар туралы талқылаулар, ғылыми жағын сараптаған мақалалар болмағасын, оларда жазылғандардың қаншасы шындыққа сай келеді, қайсысының ғылыми негізі бар деген мәселенің басы ашылмай қала береді де, жалпы жұрттың кәдесіне жараудан шет қалады. Мысалы белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың «тіл ұшындағы тарих» атты түрлі атауларға байланысты қызықты болжамдарға толы еңбегі бар. Сол халыққа қаншалықты қолжетімді болды, ол туралы қандай рецензия жазылды? Сол сияқты танымал өлкетанушы, этнограф ғалым Серікбол Қондыбайдың да атаулар сырына үңілген талай еңбектерінің құндылығын қалың оқырман қауымға кім түсіндіріп берді?

Міне, осындай олқылықтардың соңы жалпы жұрттың атаулар сырына қызықпауына, оның мән-мағынасын түсінбеуіне алып келеді де, солардың қатарынан шыққан әлдебір жауапты шенеуніктің жер, су атауларына салғырт қарап, елді мекен не қалалардың атауын өзгертерде ойына келгенін жасауына әсер етеді.

Қала аттарында үлкен мәдениет, тамырлы тарих жатуы тиіс. Қазір Қазақстан қалаларына ат қою туралы мәселе жиі көтеріледі. Қала атауы ойыншық емес, рухани тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да оны қайта-қайта өзгерте берудің зиянынан пайдасы аз. Ретіне қарай қолданса, қазақ жеріндегі Отырар, Бозоқ, Берел, Сарайшық, Сауран секілді ежелгі атаулар қандай қаланың да атына айбар беріп, сыр дарытпай ма?  Елімізде бұл секілді әлемге танымал жер, ежелгі қала атаулары аз емес қой. Тек өзіміздегі барды ұқсата алмай жүргеніміз болмаса...

Біз, әрине, жас мемлекетпіз. Бірақ тарихы бар, жерінде талай мәдениеттің іргетасы қаланған, қаласы, өркениеті болған елміз. Соларды қалпына келтіруге ұмтылыстың бір бағыты тарихи атауларды тірілту болуы тиіс.

Ақын сөзімен айтқанда, «Европа да, Азия да емес, жетінші материктей аралық» секілді, мемлекет құраушы ұлтының сөзі мен сазы үйлескен Қазақстан деген елдің елдік атаулары да ғажап болса, қандай керемет?!

Елдік, ұлттық тұрғыдағы көп мәселелерге келгенде әсіре пафосшыл сияқты көрінгенімізбен кешіріммен қарауға тиіс бір нәрсе бар, ол – ұлы мәдени әлемнің мұрагері екенімізді ұялмай айту. Айту ғана емес, сол мақтанарлық құндылықтарымызды атау қылуды түбегейлі ұлт мұратына айналдыру.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Соңғы жаңалықтар