590
Түлектер кеші мектепте өтуі керек
Түлектер кеші мектепте өтуі керек
ҚР Білім және ғылым министрі мектеппен қоштасу кештерін өткізуге қатысты пікір білдірді.
"Негізі, бұл мәселе жыл сайын көтеріліп тұрады. Бірақ бұрыннан бері келе жатқан жақсы бір дәстүр бар. Ол - түлектердің кешін мектепте өткізу. Ондайда мұғалім мен оқушы арасында салиқалы әңгімелер айтылады, түлектердің өзара қарым-қатынасы да басқаша жүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері кім және қайда өткізеді, кәдімгідей бәсеке болып кетті. Меніңше, түлектердің кеші бұрынғыдай өтуі керек. Біздің ата-аналарымыз солай өткізді. Біз де мектепте өткіздік. Сонда нағыз мектеппен қоштасу кеші болады", - деді К.Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Министрдің айтуынша, кез келген шарада мектеп те, ата-аналар да балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет. "Сол себепті біз ондай кештер тек мектептің территориясында ғана өтуі керек деп санаймын. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші ол үшін жасалмайды. Өзара бәсеке үшін жасалмайды. Мектеппен қоштасу кеші жанға жайлы кездесу болып өтуі керек. Балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің салиқалы бір отырысы болуы қажет", - деп атап көрсетті К.Шәмшидинова.