Ақтөбеде полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында бойжеткеннен ақша бопсалаумен айналысқан ер адамды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Күдікті жігіт бір ай бұрын танысып, жақын қарым-қатынаста болған Ақтөбе қаласының 21 жастағы тұрғынын қорқытып, одан ақша талап ете бастаған.
Жедел іс-шаралар барысында анықталғандай, ер адам бойжеткенді интимдік сипаттағы фото-бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялайтынын айтып бопсалаған. Күдікті алғашқыда жәбірленушіден 30 мың теңге алса, кейін бопсалауды жалғастырып, тағы 70 мың теңге талап еткен.
Ұйымдасқан қылмысқа күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция барысында күдіктіні ақшаның екінші бөлігін алу кезінде ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бопсалау дерегі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркілене отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.