Діни ахуал және сауатсыздықпен күрес

Діни ахуал және сауатсыздықпен күрес

Діни ахуал және сауатсыздықпен күрес
ашық дереккөзі
Қазақстан толеранттылықтың, мәдениеттер мен діндердің жаһандық үнқатысуының тарихын қалыптастырып отырған мемлекет. Діни бірлестіктер туралы заңнамамыз теңдік пен ождан бостандығы қағидатына негізделген. Оған дәлел еліміздегі  18 конфессия бейбітшілікте, келісімде және бір-бірімен өзара түсіністікте бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқандығы. Біздің ширек ғасырдан астам тәуелсіздігімізде Қазақстан рухани қайта өрлеу дәуірін бастан өткерді. Дегенмен, қазақ қоғамында әлі күнге дейін дін мәселесі бір жүйеге түсіп, түбегейлі тұрақтала қойған жоқ. Уақыт өткен сайын мәселеден мәселе туындап, шетін дүниелер қазақтың өзін шетқақпай жасап жүргені анық. Бүтін бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған терроризм, экстремизм мен радикализммен күрес жүргізу тек күш қолдану арқылы мүмкін еместігін, ең әуелі ағартушылық, діни сауаттылық жұмыстарының атқарылуы керектігін сарапшылар әрдайым айтып келеді. Әрине бұл – аса жауапкершілікті талап ететін ауыр міндет. Қоғамдағы діни түйткілдерді ашып көрсетіп, онымен күресуді мақсат тұтқан және мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүргізетін, діни бірлестіктердің қызметін бақылайтын бірден-бір уәкілетті орган  ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Бұған дейін әртүрлі атаумен қызмет атқарып келген уәкілетті орган мемлекеттің және халықтың қауіпсіздігі үшін көптеген маңызды жұмыстарды атқарды. Әсіресе деструктивті діни ағым жақтаушыларының санының өсуі төмендеді, тіпті, тоқтатылды деп те ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлім етілді. Елдің арасында экстремистік идеяларды терістеу (қабылдамау) атмосферасы қалыптасыпта үлгерді. Дегенмен еліміздегі тұрғындардың, әсіресе жастар арасында теріс пиғылды ағымдардың алдын алу мен оларды дәстүрлі ортаға кері қайтару жұмыстары  бүгінгі нәтижелі көрсеткішпен тоқтап қалуға да болмайды. Әлі де болса бұл бағыттағы жұмыс қарқын алуды қажет етеді. Олай дейтінім ай сайын, тіпті, апта сайын ғаламтор желілері арқылы  терроризмді насихаттап, жиһадқа үндеп, Қазақстанда тыйым салынған ұйымдардың идеяларын таратып жүрген азаматтардың әлі де болса шығуы алаңдатарлық мәселе. Мәселен жақында ғана Ақтөбе қалалық сотында терроризмді насихаттаған екі күзетшіге қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шыққан. Олар қарулы жиһадқа үндеген 30 жастағы А.Баймурзинді 7 жылға, ал 27 жастағы Қ.Жайлаубаевты 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге мониторинг жүргізе отырып, деструктивті діни ағымды ұстанған 6 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, сот қаулысымен олардың әрқайсысына 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Бұл соңғы уақытта орын алған екі ғана мысал. Ал мұндай мазмұндағы келеңсіз іс-әрекеттердің орын алып жатқандығы туралы материалдарды өңірлердің ақпарат құралдарынан да оқуға болады. Сарапшылардың пайымдауынша деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, өз мүшелерін бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және тартылған азаматтарды өз идеологиясында ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Азаматтарымыз аз ғана уақыттың ішінде бөтен адамға айналып шыға келеді. Олар көбіне ғаламтор желілері арқылы әртүрлі уағыз насихат жұмыстарын жүргізіп отырғандардың арбауына түсіп отырады. Олардың барлығының іс-әрекеттері заңсыз діни қызмет түріне жатады. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының нормаларында діни қызметті жүзеге асырудың барлық заңнамалық шектері айқын белгіленген. Дегенмен теріс пиғылды діни ұйымдардың іс-әрекеті мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ. Мемлекеттік органдар үнемі бақылау жұмыстарын жүргізе отырып, олардың әлеуметтік желілері арқылы таралып жатқан идеологиялық жұмыстарын жіті бақылап, дер кезінде олардың ақпараттарын бұғаттауда. Біз бір нәрсені білуіміз керек, ол жастардың бойында еліктеушіліктің басым болатыны. Қазіргі таңда сол жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді. Сол тәуелділіктің адам денсаулығына зиянды екенін дәрігерлер де, психолог мамандар да бір кісідей айтып келеді. Ал дін мамандары теріс пиғылды топтар осы бір «тәуелділікті» ұтымды пайдаланып отырғандығын тілге тиек етуде. Жарнама аясы кеңейген сайын желіде жаңылған жастар аз ғана уақыттың ішінде «жиһадшыл» болып, жәннатқа баруды қалағандардың қатарына қосылып, қаншама қаракөз қандастарымыз тура жолдан тайып адасты. Негізінде, кез келген дәстүрлі дін жер бетінде зұлымдық жасауды емес, көркем мәміле мен адамдарға жақсылық жасауды бұйырмап па еді?! Дінге бет бұрған азаматтарымыз неге әсіредіншілдікке бой алдырды. Бой алдырып қана қоймай қатып қалған қасаң қағидалармен өмір сүруге не мәжбүрледі?! Әрине оның бір ғана себебі бар, ол білімі таяз, сенімі солқылдақ болғандықтан. Тіпті ер азаматтармен қатар  басын қатерге тіккен нәзік жандылардың да радикалды идеологияның жетегіне кетіп қалуы мәселені одан сайын ушықтырғаны рас. Себебі бұған дейін шетел асып, жұмақ іздеп кеткен қандастарымыздың ішінде әйел азаматтардың да болғаны мәлім. Жыл басында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала қайтарылған. Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері.  Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – үлкен сауатсыздық, әрі ислам шариғатына қайшы. Расымен де, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, жағдайды ушықтырып, шиеленістіре түсері ақиқат. Шындығында, адамзат үшін бүгінгі ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес.  Тіпті, «үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», - деген Мұхаммед пайғамбардың өсиеті мұсылман баласына әрдайым өмірлік ұстаным болуы тиіс деп есептеймін. Ғасырлар бойы халқымыздың 70 пайыздан астамы  ұстанып келе жатқан Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса, ағайын-туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынастан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар ешуақытта болмаған. Экстремистік және лаңкестік әрекеттер ислам дініне мүлдем жат екенін  жастарымыздың хабары болса,  ешуақытта  қару ұстап, қолын былғамас еді. Сондықтан елімізде ағартушылық бағытта әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Елімізде Жаратқан Құдайдың атын ардақтауға ешқандай кедергі жоқ. Оған еліміздегі 18 конфессияға жататын барлық діни бірлестіктердің қызметін айтуға болады. Қазақстан әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет. Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, тіпті, атеистік немесе бейтарап қалуына да еркіндік, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Бірақ барлығы заң аясында болуы қажет-ақ. Дегенмен қазіргі таңда діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланған теріс пиғылды діни ағымдардың іс-әрекеті де орын алуда. Қазіргі таңда адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзелмейтіндей зиян келтірген теріс пиғылды діни ағымдардың әрекеті алаңдатушылық туындатуда. Халықтың осы тұрғыдан сақтануы, оның алдын алуда жан-жақты ақпараты болуы маңызды. Қазіргі таңда теріс пиғылды діни ұйымдар көбіне идеология түрінде қызмет етеді, сондықтан оларға қарсы күрес те идеологиялық-ағартушылық сипатта жүргізіліп келеді. Бұл ең алдымен тұрғын халыққа, әсіресе жастарға теріс пиғылды діни ағымдар қызметінің зардаптары, олардан сақтану жолдары жөнінде жан-жақты түсінік беретін ағарту шараларынан, дінтанулық және құқықтық сауаттылықты жетілдіру бағытындағы жұмыстардан, БАҚ-тарға жүргізілген талдау жұмыстарының көрініс табуда. Былтырдың өзінде, яғни 2018 жылы         ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына сүйенсек Республика бойынша дін саласындағы ақпараттық түсіндіру топтарының саны 300-ден 211-ге дейін қысқарған. Дінтанушылардың, ҮЕҰ сарапшылары мен БАҚ өкілдерінен құралған түсіндіру топтарының құрамы қайта қаралған. Бүгінде ақпараттық түсіндіру топтарының құрамында 2623 адам жұмыс жасайды. Ақпараттық-түсіндіру топтарымен 2 млн адамды қамтыған 38 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде жастармен 800 мыңға жуық адамды қамтитын 14 мың іс-шара өткенін айта кетуге болады. Сонымен қатар ақпараттық түсіндіру топтың лекторлық құрамының біліктілігін арттыру бойынша барлық деңгейдегі 2,5 мың дәріс берушілер оқудан өткен.  «Дін мәселелері бойынша аймақтық АТТ мүшелерін даярлау және қайта даярлау» жобасы қосымша іске асырылып, барлығы 5 семинар аясында 500 дәріс берушілер қайта даярлаудан өткен. Республикалық, өңірлік және қалалық АТТ мүшелері жұмыс барысында әрдайым  конфессияаралық мәселелерді, мемлекеттің зайырлылық ұстанымдарын,   толеранттылық пен азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, еліміздегі діни бірлестіктер мен дін атын жамылған теріс ағымдардың қызметтері туралы, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын идеологиялардың таралуының алдын алу, радикалдық діни идеологияны жақтаушылардың, оның ішінде қылмыстық-түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды қоғамдық орта мен дәстүрлі діннің құндылықтарына қайтару және оңалту, сонымен қатар дәстүрлі діндердің қызметінің мән-мағынасы кеңінен қозғап келеді. Аталған жұмыстар елдегі діни ахуалды орнықты жағдайға келтіріп, діннің дұрыс арнадағы ағымына өз септігін тигізді. Тек қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйретуге,  ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығын бұзуға бағытталған жат ағымның алдын алу мен қатар сауатсыздықпен күресу ортақ міндет екенімізді ұмытпасақ жөн болар еді. Бақытжан Сатершинов, Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы, филос.ғ.д., профессор