ТАБЫСҚА ТАЛПЫНДЫРҒАН БІР МИЛЛИОН

ТАБЫСҚА ТАЛПЫНДЫРҒАН БІР МИЛЛИОН

ТАБЫСҚА ТАЛПЫНДЫРҒАН БІР МИЛЛИОН
ашық дереккөзі
Әр ел жұмыссыздықты өз бетінше шешуге ұмтылады. Жұмыссыздықты жоюдың түрлі жолы бар десек, соның бастылары – көп жұмыс орнын ашу және жеке кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келгендерге мемлекет тарапынан қаржылай көмек беру. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз» деген еді. Елбасының бұл сөзі еліміздің барлық саласында қолдау тауып жатыр. Соның бір көрінісі – еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздықты жою үшін жасалған жобалар. Қазақстанда жастар корпусын дамыту жобасы биыл да жалғасып, тың бастамаларды әрі қарай дамыта түсу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Жобаға 2019 жылы өтетін конкурсқа үш жарым мың адам қатысуы күтіліп, олардың әрбіріне 1 миллион теңге көлемінде грант бөлінбекші. Грантқа иелік еткендер өз жобаларын жарты жылдың ішінде орындауы тиіс. Бұл аралықта оларға шәкіртақы беріледі. Атап айтсақ, бұл жобаға жұмыссыз немесе жалақысы төмен жастар қатысады. Жобаға қатысуға 14-29 аралығындағы жастар ғана мүмкіндік алады. Дегенмен оған қатысушылар жұмыссыз немесе оқу оқымайтын болуы керек. Сол сияқты жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастарға да мүмкіндік бар. Жоба алғаш рет 2017 жылы қолға алынып, оған екі жыл ішінде 5,5 мың адам қатысқан. Ал орындалған жобаның саны 1600-ден артық. Биыл аталмыш жоба Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Астана мен Алматы қалаларында жүргізіледі. Еліміздің бұл аймақтарында 3500 талапкер қатысып, 1100-дей әлеуметтік жобалар қаржыландырылады деп күтілуде.