Ел алғысын арқалаған Түймебаев

Ел алғысын арқалаған Түймебаев

Ел алғысын арқалаған Түймебаев
ашық дереккөзі
559
Жансейіт Қансейітұлы әр жылдары Президент кеңесшісі, протокол басшысы, Білім және ғылым министрі, Ресей Федерациясындағы және Түркия Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. 2016-2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып, 2018 жылдың 20 маусымынан жаңадан құрылған Түркістан облысының тұңғыш әкімі болды. Елбасының шақыруымен туған жерге оралып, қызметке кіріскен күннен бастап шет елде жинаған мол тәжірибесін пайдалана отырып, халыққа жақын әкім ретінде абырой-бедел қалыптастырды. Ел ішіндегі “гуманитар, дипломат адам қыруар шаруаны алып кете алар ма екен?” деген бастапқы күмәнді көзқарас көп ұзамай сейіліп, еңбек адамы, іскер басшы ретінде танылды. Әсіресе, түрік инвесторларын оңтүстік өңірге көптеп тартып, әр салада тығыз ынтымақтастық орнатты. Түрік ағайындардың еңбекқорлығын алға тарта отырып, шағын және орта кәсіптің дамуына мән берді. Ауыл шаруашылығын алға сүйреп, кәсіптің көзін табуға табуға күш салды. Нәтижесінде шағын және орта кәсіптің өркендеуі республика бойынша екінші орынға шығып, дәнді дақылдар өсіруден рекордық көрсеткішке қол жеткізілді.  Ешбір облыста кездеспейтін “Әр ауылға өз шебері” бірегей жобасы аясында алыс ауылдардағы жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімдік кәсіптік курстарда тегін оқытып, жұмысқа орналастырды.  width=Дипломмен ауылға келген жас мамандар тұрақтап қалу үшін 2 қабатты, 10 пәтерлі үйлер салдырды. Миллионға жуық тұрғыны бар үшінші шаһардың айналасында гүлге оранған жасыл-желек пен ел еркін қыдырыстап жүретін саябақтың жоқ екенін айтып, көгалдандыру жұмыстарын қолға алды. Қошқар ата өзенінің бойын абаттандырып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салып, демалыс аймағына айналдырды. Тіпті аудандар арасында осы күнге дейін жолаушылар аялдайтын бекеттердің жоғын ескеріп, аялдамалар мен әжетханалар қойғызды.  Тарихи ескерткіштер мен киелі орындардың тізімін жасап, туристік мекенге айналдыру жолдарын қарастырды. Халықты жұмыспен қамту мақсатында оннан аса ірі өндіріс орнын ашып, қаржылық тұрақтылық орнады.  2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Түркістан облысы құрылғаннан кейін бұл жұмыс тіпті қайнай түсті. Шымкент қаласы бөлініп шыққан соң бюджеті екіге бөлінген өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттырып, жаңа кіріс көздерін көбейтуге күш салды. Жаңа облыс орталығына айналған көне шаһардың даму жоспарын құрып, мыңға жуық қызметкерімен Түркістанға көшіп келді. 2018 жылдың қыркүйек айында алғаш рет «Көне Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан сияқты шет мемлекеттен 500-ге жуық делегат қатысты. Ауыл шаруашылығына айрықша мән беріліп, 19 бағыт қарастырылған Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленді. Тұңғыш рет Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне ет жөнелтіліп, Түркістан облысы экспорт саласында республика бойынша көш бастады. 4 миллионнан асқан қой-ешкінің саны жағынан да әзірге алдына ешкім түскен жоқ. Сүт, жұмыртқа алу жоспары да асыра орындалды. Аймақ ақ алтынымен алға шықты.  width=Бақша дақылдарын егіп, жинаудан рекордық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тонна көкөніс Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне сатылды. Халықтың тұрмыс сапасы жоғарылап, 385 елді мекендегі 1 млн. 72 мың адам от жағу тауқыметінен құтылды. Төрт мыңға жуық пәтер өз иесін тапты. Денсаулық саласын ақпараттандыру бойынша қала және аудан орталықтары 100 пайыз интернетке кіру мүмкіндігін иеленді. Облыс бойынша электрондық денсаулық паспорттары толық жасақталды. Жыл сайын өңірде шамамен 50 мың бала дүниеге келетіндіктен, бірінші кезекте ана мен бала денсаулығын сақтау күн тәртібіне қойылды. Ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 62 модульдік медициналық пункт сатып алынды. Аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық өсімге ғана емес, тарихи ескерткіштер мен ұлттық құндылықтарға да баса назар аударды. Қасқасу жобасы мен Сарыағаш курортының өңірлік маңызын анықтап, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Отырар және Сауран қалашықтары әлемдік туристік тартымдылық тізіміне кіргізді. Туризмді дамыту мақсатында «Silk Road Fair» туристік жәрмеңкесі, «Бұл біздің таулар: тау тұлғалар» және «Сафари Шардара» фестивалі өтті. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы облыста қолдау тауып, алғаш рет дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын кешенді шаралар жүйесі қолға алынды. «Салбурын – саятшылық мерекесі», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра», «Қош келдің, әз Наурыз», «Ақсу-Жабағалының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» халықаралық қызғалдақ фестивалі, «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» іс-шарасы аясындағы «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» жастар форумы ұйымдастырылып, көпшілік көңілінен шықты. Сонымен қатар, «Қымызмұрындық», «Қауын FEST», Халықаралық өнер фестивалі, «Агро FEST», «Safari Shardara», «Open Saryagash», «Тау самалы – жан самалы» фестивалдері ойын-сауық үшін емес, туризм тарту, кәсіпкерлікті дамыту, сол арқылы қаржы табысын ұлғайту мақсатында ойластырылды. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасымен 24 нысан республикалық тізімге енгізілді. 60 тарихи-мәдени ескерткіштер облыстық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне кірді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағы мен Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталып, Укаша Ата кесенесі мен Аппақ Ишан мешіті күрделі жөндеуден өтті. Ханқорған қалашығы, Оңтүстіктегі таңбалы тастар зерттеу нысанына айналады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш (Сауран қалашығы, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар оазисінің ескерткіштері, Бөржар қорғаны) туралы тұңғыш рет деректі фильм түсірілді. Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 100 сериялы телехикая көрерменге ұсынылды. «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» атты тарихи-анимациялық фильмдер көрсетілді. «Түркістан», «Оқсыз», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері мен 10 сериялы «Төле би» телесериалының түсірілімі аяқталды. Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мақсатында қалашық қақпасын қайта құру, іргелес аумағын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталды. «Отырар төбе» қалашығы мен «Арыстан баб» кесенесі аралығында сервистік орталық салу, демалыс аймағын жасау, абаттандыру, көгалдандыру жүргізілуде. Отырар қалашығының Визит-орталығының құрылысы орта шеніне жетіп қалды. Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп,«Киелі Түркістан және түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық халықаралық конференция өткізіп, АҚШ, Түркия, Үндістан, Венгрия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа ТМД елдерінен делегаттар келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұсынған «Түркі әлемінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің 100 тұлғасын» анықтау мақсатында түрколог-ғалымдар мен зерделі зерттеушілер өз ойларын ортаға салды. Соңынан Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды.  Күні кеше Түркістан облысы ақын-жазушыларының таңдамалы 10 кітабы шығарылып, республикаға және облысқа белгілі қаламгерлердің туындысы жарық көрді.  Жансейіт Түймебаев Түркістанның дамуына да айтарлықтай қолтаңба қалдырды. Жаңа әлеуметтік және мәдени нысандарының концепт-эскиздерін дайындауға арналған «TURKISTAN ARCHITECT AWARDS» халықаралық сәулет байқауы ұйымдастырылып, 32 елден атақты және жас сәулетшілер өз жұмыстарын ұсынды.  ЮНЕСКО тізіміндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен айналасындағы көне қалаларды қалпына келтіріп, археологиялық зерттеулер негізінде құрылыстар басталды.Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық пен Рухани-мәдени орталықта құрылыс қарқын алды. Осы тұста Жансейіт Қансейітұлы қала салу өнеріндегі қайталанбас идеяларын ортаға салып, сәулеткерлік және іскерлік қабілеттерімен де жарқырай көзге түсті. Ғимараттар кесенеден биік болмауы керектігін айтып, жаңа нысандар орта ғасырлық шығыстық стильде салынатынын жеткізді. Құрылыс мерзімге сай аяқталуы үшін апта сайын аралап, екі маусымдық жұмыс тәртібін бекітті.  Жақында өткен есеп беру жиынында Түркістан қаласының тұрғындары төрт тіл білу керектігін айтып, қазақ, орыс, ағылшын тілімен қатар, түрікше үйрену уақыт талабы екенін еске салды. Сондай-ақ қандай жиын немесе халықпен кездесу өткізсе де облыс тұрғындарының рухани деңгейі биік болуы керектігін алға тартып, жастарды еңбексүйгіштікке шақырды. Кез келген түйткілді мәселеде жол тауып, жөн көрсете білді. Тіл маманы ретінде шешен сөйлеп, қол астындағы қызметкерлердің “бюрократ емес, демократ” болуын талап етті. Өзі де елдің ортасына жиі шығып, аудан әкімдерінен де тұрғындардың мұң-мұқтажына көңіл аударуды тапсырды. Ел алғысына бөленген Жансейіт Түймебаевтың жаңа қызметте де талай табысқа жетеріне сеніміміз мол!

Серіктес жаңалықтары