Ұлы даланың өркениетіне аналған халықаралық жиын өтті  

Ұлы даланың өркениетіне аналған халықаралық жиын өтті  

Ұлы даланың өркениетіне аналған халықаралық жиын өтті   
ашық дереккөзі
346
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ұлы дала өркениетінің мәні мен құндылықтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз орталығы хабарлады. Алыс-жақын шет мемлекеттерден келген қоғам қайраткерлері мен ғалымдар және зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан ғылыми конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларды жүзеге асыру жолдары талқыланып, қолға алынған игі шаралар сараланды.  width= Алқалы жиынды Әуезов университетінің ректоры, академик Дария Қожамжарова ашып, Мемлекет басшысының мақаласы қазақ деген ұлттың халықаралық аренадағы өзіндік орнының бар екенін, тарихи сахнада өткені мен бүгіні  және  болашағы  зор  екендігін айқындауға септігін тигізгенін атап өтті. – «Кеңістік – барлық нəрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана əдемі афоризм емес» деп санамызға кереметтей терең әсер беретін, ой тастайтын жолдармен басталған Елбасының мақаласы Ұлы дала өркениетінің маңызы мен құндылықтарын терең түсінуге, ауқымды зерттеулерді жүргізуге қазақстандық ғана емес, орталық Азия және түркітілдес қоғамның назарын өзіне аударды, – деді Д. Қожамжарова. Сондай-ақ ол мақаланың түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға үнілуге мүмкіндік беретініне назар аударды. – «Жұт – жеті ағайынды» дегендей біріне-бірі жалғасқан зұлматтардан ұрпақ жады көмескіленіп, ата-бабалары туралы нақты деректерден қол үзіп қалып, кейбір ірі һәм тарихи тұлғалар ұмыт бола бастап еді. Қасиетті Тәуелсіздіктің арқасында жоғалған құндылықтарымызды қайта іздеп, тарихи тұлғалармен қайта қауыша бастадық. Бүгінгі конференцияда ежелгі Түркістан, Отырар қалаларының, Ұлы Жібек жолының құндылығы, ұлы есімдердің, ойшылдар мен ақындардың, ел билеген тұлғалар бейнесін кеңінен талқылайтын боламыз, – деп атап өтті өз сөзінде университет ректоры. Сонымен қатар конференция барысында Түркияның Мармара университетінің профессоры Женгиз Томар, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, белгілі ғалымдар Құлбек Ергөбек, Мұхтар Қожа, қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов пен Әселхан Қалыбекова сынды азаматтар сөз сөйлеп, тағылымды ойларымен бөлісті. Жиынға қатысушылар пленарлық отырыстан соң оқу орнының жанындағы  «Мұхтартану», «Елбасытану» ғылыми-әдістемелік орталығының қызметімен, онда қолға алынып жатқан жобалармен танысты. Сондай-ақ шара аясында Әуезов университеті ғалымдары мен студенттерінің ғылыми жетістіктерінің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Конференцияға барлығы 200-ге жуық мақала келіп түсті. Пленарлық және секциялық мәжілістерде 67 баяндама тыңдалды. Алдағы уақытта конференция материалдары негізінде арнайы ғылыми жинақ шығарылады, – деді шара ұйымдастырушылары.

Серіктес жаңалықтары