2 қарашаға қараған түні Түлкібас ауданында атыс болды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
— Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу аттанды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің тұлғалары қысқа уақыт ішінде анықталды. Олардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.
Аталған факт бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Қазір оқиғаның барлық мән-жайын және екінші қатысушының орналасқан жерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды ведомство өкілдері.
Істің тергелуі Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.