310
Сыр өңірі қай жағынан да алда
Сыр өңірі қай жағынан да алда
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында кезекті есеп беру кездесуін өткізді. Өткен жылды қорытындылап, 2019 жылға арналған жоспарларды баян етті.
Жиынға ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті Әкімшілігінен Н.Тілешев, Премьер-Министр кеңсесінен М.Сұлтанғалиев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Б.Әбдірайым арнайы қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференция арқылы барлық жеті аудан және Байқоңыр қаласы байланысқа шықты.
Аймақ басшысы мұнайлы өлкеге жататын аймақтың экономикасы әртараптандырылғанын айтты.
«Соңғы 6 жылда аймақта мұнай өндіру 10,7 млн тоннадан 6,4 млн тоннаға дейін азайды. Тек 2018 жылдың өзінде мұнайдың 420 мың тоннасын жоғалттық, ағымдағы жылы болжам бойынша тағы 1 млн тонна кем өндірілмек. Барлық өнеркәсіп экономиканың барлық саласына тікелей немесе жанама әсер ететіні түсінікті ғой. Сондықтан, Мемлекет басшысы нақтылағандай, біз 2013 жылдан бастап индустрияландыру арқылы экономиканы әртараптандыруды алдымызға басты міндет етіп қойдық», - деді әкім.
Мұнай өңдеу көлемінің айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, соңғы 4 жылда алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы жалпы өңірлік өнімнің көрсеткіші бойынша 2016 жылғы деңгейден 100,8% көтерілді.
2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн. теңге тікелей инвестиция тартылса, былтырдың өзінен инвестиция көлемі 25,5% артқан. Бұның 22,4% өсімі кәсіпорындардың өз қаржысын салу есебінен болғанын атап өткен жөн.
Өнеркәсіп саласы бойынша 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді. Бұл саладағы еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25% артты. Өнім өндіру 31,6% артса, шикізаттық емес өнім экспорты 22,7% ұлғайған. Экспорт демекші, облыстан шетел асатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 3 түрі соңғы 6 жылда 15-ке жеткен.
2018-2020 жылдар Қызылорда облысы үшін «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» үш жылдығы ретінде жарияланды. Нәтижесінде өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13% артты. Рейтинг бойынша облыс бизнеске қолайлы ең үздік аймақ болып танылды. Мемлекет Басшысының қолынан «Алтын сапа» марапатын алды.
Ал, енді баяндама ішіндегі біз бөліп алған деректердің бірнешеуін назарларынызға салсақ.
Тәуелсіздік жылдары алғаш рет 2017-2018 жылдары облыста 500 мың тоннадан астам күріштің рекордтық көлемі жиналды.
2016 жылдан бастап бақша өнімдерін Ресейге экспорттау қайта қолға алынды, 2017 жылы Иранға, Біріккен Араб Әмірліктері мен Моңғолияға көкөністер мен мал экспорттау басталды. Ал, былтыр мақсары майы алғаш рет Қытайға жіберілді.
Барлық мал түрлерінің саны бүгінде өңір үшін ең табысты болған 1993 жылғы көрсеткіштерінен асады.
Егер ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер 2013 жылы ауыл шаруашылығына 1 млн. доллардан астам қаржы салса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 15 млн. доллардан асты.
«Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер» себебімен кезекте тұрған 645 отбасы жаңа баспаналы болды.
Елбасы бастамасымен «САРАТС» жобасын іске асырып жатқан аймақта су мәселесінде күрмеулі түйткілдер жетеді. Ол Мемлекет Басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да сөз болған. Есеп беру жиынында бұл мәселелер тағы да қозғалды.
«Жыл сайын Тоқтағұл және Қайраққұм су қоймаларында судың мол қоры болған кезде өңірдегі вегетациялық кезең су тапшылығы жағдайында өтеді. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттерге тәуелділікті азайту үшін облыста жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын 3 және одан да көп млрд. текше метр су тасқынын шоғырландыру көлемі бар 6 жобаны іске асыру жоспарланған», - деді облыс әкімі.
Алты жобаның ішінде ең маңыздысы - шоғырландыру көлемі 600 млн. текше метр "Күміскеткен" су қоймасын және шоғырландыру көлемі 1,5 млрд. текше метр "Қараөзек" ағысында су қоймасын салу, болып табылады. Қызылорда су торабын қайта жаңарту және Көкарал бөгетіндегі дамбаны нығайту бойынша жедел шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды.
Елбасының алдында сөз болған екінші және үшінші бөлімдер мұнай - газ саласы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту, атап айтқанда, жаңа Жылу электр орталығы мен "Қызылорда-Жезқазған" автомагистралінің құрылысы мәселелерінен тұрады. Төртінші бөлім - "Байқоңыр" кешенінің мәселелері.
«Қызылорда-Жезқазған» автомагистралін салу жұмысы биыл басталады. Ол пайдалануға берілген жағдайда оңтүстік облыстар үшін көкөніс, бау-бақша өнімдерін орталыққа тасымалдауда үлкен мүмкіндік туып, шағын және орта бизнестің тынысы одан әрі ашылатын болады.
Жұмыссыздықты жою мақсатында үй-үйді аралап, жыл бойы өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 97,5 мың адамның 70% ресми түрде тіркеп, оның ішінде 44 мың адамды жұмысқа тартылып, сол арқылы оларды еңбекпен қамту мүмкіндігі туды. Ағымдағы жылы қалған 30 мың адамды еңбекке тарту бағытында жұмыстар жалғасын табады.
Соңғы 6 жылда 3млн. шаршы метр шамасында тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығының өзінде бес жылдың ішінде 15 жаңа шағын аудан салынды.
Айта кету керек, есеп беру барысында аймақ басшысы қысқа мерзімде халықтың әлеуметтік қорғалмаған санатын: көп балалы отбасылар, мүгедектер, жетім балалар және т. б. тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жалпы құны 34 млрд. теңгені құрайтын 118 жоба жүзеге асуда.
Апатты жағдайдағы денсаулық сақтау орындарының 86 пайызы шешімін тапты. Апатты мектептердің орнына 37 жаңа мектеп салынды. Биыл Жаңақорған және Жалағаш аудандарында апатты жағдайдағы 2 мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Сондай-ақ, үш ауысымдағы мектептер мәселесі жоқ.
3-тен 6-жасқа дейінгі балалар 100% мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Балабақшалардың 71% жеке болып табылады. 2013 жылдан бастап мұндай балабақша саны 2 есеге өсті.
Қызылорда мектептерінің 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97% орта және жоғары оқу орындарына түсті. Қызылорда облысы – 2014 жылдан бастап 520 түлекке Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқуын ұйымдастырған еліміздегі бірден-бір аймақ. Алғашқы 32 түлек оқуды былтыр аяқтап, аймақ кәсіпорындарында жұмыс істесе, қалған 42 түлек магистратуда да оқуларын жалғастыруда. Биыл тағы 123 студент оқуын аяқтайды. Былтырғы жылы Мәскеу және Санкт-Петербург жоғары оқу орындарына тағы 58 қызылордалық талапкер оқуға түсті.
Бұдан басқа, 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды. 2018 жылы аталмыш грант саны 2 есеге артып, 205-ке жетті, қазір 900 жас аймақта еңбек ресурстары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылдың 30 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғындардың кіріс және өмір сапасы – бұл еліміздің негізгі басымдықтарының бірі, мемлекет дамуының басты критерийі екенін айтты. Сондықтан, біздің бастамамызбен осы жылдың 7 ақпанында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтерілген мәселелер бойынша ағымдағы жылы жұмыстар жүргізуіміз керек», - деді Қ.Көшербаев.
Облыс әкімінің кейін сөз сөйлеген азаматтар жылдық есепті жақсы бағалады. Әр аудан, қаладан онлайн режимде сөз алған азаматтар өз өңіріндегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Көкейкесті сауалдарына жауабын алды. Республика бойынша үздік бестікке кірген облыстың алда да атқарылар шаруалардың аз еместігін азаматтардың сауалдарынан бағамдадық. Аймақ басшысына алдағы атқарылатын іс-шаралардың жемісті болмағына сәттілік тіледі.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облысы.