«ТҮСІМДЕ ҮНЕМІ ЗЕКЕҢДІ ҚЫЗҒАНЫП ЖҮРЕМІН»

«ТҮСІМДЕ ҮНЕМІ ЗЕКЕҢДІ ҚЫЗҒАНЫП ЖҮРЕМІН»

«ТҮСІМДЕ ҮНЕМІ ЗЕКЕҢДІ ҚЫЗҒАНЫП ЖҮРЕМІН»
ашық дереккөзі
955
Алматы аппақ көрпеге оранып, айнала ақ түтек боранмен тыныстап жатты. Жапалақтап жауған қар көз алдымызда бірімен-бірі  жарыса қонақтап жатыр. Біз де көптен мұндай табиғи керім таза ауамен тыныстамағандай, терең дем алып келеміз. Кеше ғана көктемді сезіндіріп тұрған қала тіршілігі де баяу қалыпқа түскендей. Өйтпегенде ше, жаңбырдан кейінгі ызғардан секем алғандай ма, қалай?!. Іздеген мекен-жайымызды тез-ақ тауып алдық. Табиғаттың тамаша сәтін тамашалап келе жатып, ойымызға тағы да сол бір қазақтың зиялы азаматы оралды. «... Суреткерлік талғампаз болмысы адами-имани болмысымен, азаматтық бітімімен жарасым тапқан сыншы», «ХХ ғасыр басында, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақтың Бас ақыны» атапты. Абай әлі күнге солай. Зейнолла Серікқалиұлы ХХІ ғасырдың басында «қазақтың Бас сыншысы» атанған тұлға»,– депті бір мақаласында өнертанушы, театр зерттеушісі Әлия Бөпежанова. Ал Алаштың абыз ақсақалы, қайталанбас талғам-талант иесі Шерағаң, марқұм Шерхан Мұртазаның: «Әдебиетке, жазу-сызуға келгендердің бәрі дерлік алдымен өлең жаза бастайтыны секілді  мен де поэзиямен «ауырғандардың» бірі едім. Алғаш талантты жастардың жыр жинағында бір топ өлеңдерім жарияланғаны бар. Содан жас сыншы Зейнолла Серікқалиев әлгі өлеңдерімді қатал сынға алып, шимай-шатпағын шығарыпты. Содан «қой,  өлең жазу менің қолым емес екен» деп қарасөзге бет бұрдым»,– дегенін де құлағымыз шалып қалғаны бар. Лайықты баға! Талантты таланттың мойындауы!  «Ойлар, толғаныстар» жинағынан бастап, өмірінің соңына дейін сын саласында тапжылмай еңбек еткен көрнекті әдебиет-мәдениеттанушы Зейнолла Серікқалиевтің қара шаңырағына осындай ойлар жетелеп келді. Жарқырай қарсы алған жары Майра Сатыбалдина бізді жазу үстеліне қарай бастады. – Өз басым осындай сұхбат беруден қашып жүремін. Неге дейсіз ғой, өткенді еске алғанда мидың үстіңгі қабатындағы елестер ғана еске түседі де, ең қажетті, айтылуға тиіс біраз сырлар айтылмай қалып жатады. «Қап, одан да ананы айтуым керек еді, мынау қалып қойды» деп өзіңді өзің мүжіп, біразға дейін ес жия алмай жүретін әдетім бар. Сондықтан да ол кездер жайлы, жастық шақ жайлы ойлана бастасаң, жүректі қимас бір сезім билеп, еріксіз жанарға жас толатыны тағы бар. Мен де сонау Баяннан  1966 жылы  Алматыға оқу-білім іздеп келгендердің бірімін. Институтқа түсіп, студенттердің күздік жиын-терім шаруашылығына барғанымызда, бізге жетекші болып аспирант Зейнолла еріп барды. Картоп тереміз, кешке жиналып алып ән салып, би билеп, от жағып, соны айнала қоршап отыра қалып өлең оқимыз. Күздің қоңыр салқын желі санамызды жаңғыртып, көңілімізді одан сайын қуанышқа бөлейді. Мен тумысымнан ұяңдау болдым, бірақ бір шатырда жататын он қыздың ішінен сөзшең, «оқымысты» болған болуым керек, төбедегі жалғыз шамға жақындау үшін үстелдің үстіне орындық қойып алып, шамның жарығымен кітап оқып беремін. Арасында қыздарды күлдіріп аламын. Зекеңмен осылай таныстық басталды. Оның отбасылы екенін де сол кезде білдім. Жары Эльвираның да сауатты, көзі ашық, жоғары оқу орнының түлегі екенін, екеуінің студент кездерінен бас қосқанын естіп-білгендіктен, ұстаз санаймыз. Ол да өте салмақты, ойы ұшқыр, білімді. Өз жасынан әлдеқайда ересек көрінетін. Күзде сабақ басталды, жылдар жылжып өтіп жатыр. Оқудың соңғы жылы ойламаған жерден тағы да кездесіп қалдық. Жақын құрбым Зекеңнің досына тұрмысқа шықты да, екеуміз екеуіне қыз-жігіт жолдас болдық. Институт бітіріп, елге кеттім, ұлым Рүстемнің әкесіне жолықтым да, күйеу Семейде, мен Павлодарда тұрып жаттық. Шынымды айтсам, өмірге ұл әкелгенім болмаса, менде тұрмысқа шыққан не болмаса күйеуі бар әйелдікіндей жұбайлық сезім болған емес. Әлде екеуміздің екі жақта, екі облыста өмір сүріп жатқанымыздан болар, әйтеуір, өзімді тұрмыстағы әйел сезінбедім. Сөйтіп жүріп, Алматыға қайта келдім. Аспирантураға түстім. Сол кезде жиі кездесе бастадық. Ортақ таныстарымыз пайда бола бастады. Елден келген ас-суымызды бірге ішеміз. Сондай дастарқан басында көп сөйлемейтін, өте сабырлы еді. – Сөзіңіздің басында «ол кезде Зейнолланың отбасы бар» дегенді айтып қалдыңыз... – Иә, отбасы болды. Әйелі Зекеңнен біраз ғана бұрын, әжеп­­­тәуір жасқа келіп қайтыс болды. Ол кісілердің не себепті екіге бөлінгенін анық білмеймін, бірақ біз қосылған кезде ол «бойдақ» еді. Қанша жыл тұрсам да, отбасынан не үшін кеткенін сұраған емеспін. Философ-ғалым, жоғары оқу орнында сабақ беретін, зиялы, сауатты әйел болған. Бірақ аралас-құралас жолдастары бір көңілді дастарқан басында: «Бұл үйдің есігі сен келгелі ашылды» дегенді қалжыңдаса да айтып қалды. Соған қарағанда, орыстілді, орысша оқып, орысша тәлім-тәрбие алған алғашқы жұбайы бұл ортаға сіңісе алмаса керек. Мен де орысша оқыдым, қаланың қызымын. Дегенмен әкемнен дарыған бір қасиет – әнге құмар болдым, домбыра шерттім. Екеумізді тағдырлас еткен де осындай өнерге жақындығым болар деп ойлаймын. – Ащы да болса, бір сұрақтың тіл ұшына келіп тұрғаны, мүмкін араларында бала болмағандықтан емес пе екен? – Олай емес болар, егер дәл сол себепті ажырасқан болса, Зекең мені де тастап кетер еді... Жиырма алты жыл бірге тұрдық. Бірнеше рет түсік тастадым, біздің де арамызда бала болмады. Ішінде не жатқанын қайдам, бірақ сыртқа ештеме шығармайтын-ды. Ал мен қатты уайымға түстім. Мүмкін қазіргі кез болса, медицинаның жаңаша дамыған заманы, өмірге бала әкелуге мүмкіндіктер мол. – Өкінесіз бе? – Әрине! Зекеңдей азаматтан бала сүю, артында тұяқ қалдыру – менің ең басты уайымым болды. Күйзеліске түскенім сонша, бір жылдары тіпті үйден шыға алмай қалған кездерім де болды. – Сіздің ұлыңыз Рүстемді қалай қабылдады? – Жаны жұмсақ, үлкен жүректі азамат еді ғой, біз бас қосқан кезде Рүстем бес-алты жастағы бала. Ойын баласы ғой, әсіресе, футболды, доп қуғанды жақсы көрмейтін бала жоқ шығар. Зекең де таза теріден жасалған футбол добын әкелген күнгі Рүстеммен балаша қуанып, ойнағаны әлі күнге көз алдымда. Тым балажан еді. – Педагогиканы бітіргенмен, бүгінде медицинаға ауысқан секілдісіз. Терапевт-психолог ретінде, ғалымның күйзеліске түскен сәттері болмады емес, болды ғой. Сондай сәттерде көмегіңізге жүгінген кездері болды ма?.. – Зейнолла әдебиеттің осы бір дау-дамайы көп, көпшілікке жаға бермейтін сын саласына ертерек араласқан кісі. Ал жарыққа шыққан дүниесін, ішінен шыққан шығармасын тас-талқан етіп сынап-мінеп жату, ол «іштен шыққан немесе туған балаңды жамандағанмен» бірдей емес пе?! Оған кім шыдас берсін...  Сондықтан да ондай келеңсіз көңілсіздіктер, әрине, көп болды. Жұмыссыз жүрген, қудаланған кездері де болды, бірақ өте білімді, салиқалы болмысы бәрін де жеңіп шығатын. Адам баласы біреуді мінеп-сынау үшін, білімді ғана емес, адами қасиеттерге де бай болуы қажет. Осындай қасиетімен ортасына сыйлы. Ешкімді жасына қарамай, алаламайтын қасиеті болар, араласатын ортасы да сондай болды.  Ішкі жан-дүниесі бай, жаратылысы бөлек Зекең кез келген проблема, қандай қиыншылық болсын ішінде пісіріп, күресе білетін қайраткерлігі де басым сыншы. Сондықтан менің көмегіме титтей де зәру емес-тін. – Қызғанған кездеріңіз болды ма? – Біз бір-бірімізге сендік. Сенім бар жерде, тұрақтылық болатыны өмір заңдылығы. Сенім бар жерде мейірім болады. Кешірім қатар жүреді. Бірақ... мен Зекеңді тек түсімде көріп, қызғанып... жылап жатып оянамын. Үнемі қасында бір әйел мен бала жүреді...  Осы түсті бірнеше мәрте көрдім, көрген сайын жан-дүниемді өртеген  қызғаныштан  ағыл-тегіл жылаймын.. Өңімде де тоқтай алмаймын!.. Майра Бірләнқызы жанарына келіп қалған жасты аппақ беторамалымен сүртіп, әлсіз ғана күліп алды. Кешегі бір өткен замандағы әділ билеріміздің көзіндей болған сыншы Зейнолла Серікқалиұлы жайлы әлі талай  мақала-естеліктер жазылары сөзсіз. Біз де сыншы жарымен болған әңгімеге нүкте емес, үтір қоюды жөн санадық...  

Сыр-сұхбатты жазып алған

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары