3 Ақпан, 15:18 261 0 Жаһан Назым Тойлыбаева

Google + сервисі жабылды

Google корпорациясы Google+ әлеуметтік желісін жабуға шешім қабылдады. Сервис 2 сәуірден бастап қолжетімсіз болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Google+ әлеуметтік желісін қолданушылардың барлық парақшалары, фотосуреттері, видеолары өшіріледі.

Әлеуметтік желі қызметінің тоқтауы Google-дың басқа сервистеріне әсер етпейді. Gmail, YouTube және Google карта сияқты сервистермен байланысты Google есептік жазбалары жұмыс істей береді. Тек әлеуметтік желі ретінде ашылған Google+ есептік жазбасы жойылады.

Халықаралық корпорация «әлеуметтік желіні қолданушылардың тым аздығы және оны тұтынушылар талабына сай деңгейде ұстап тұрудың қиындығына байланысты» осы сервистен бас тартатынын мәлімдеді. Аталған «қиындық» осы желі қолданушылардың жеке ақпараттарының «әшкереленуіне» байланысты болуы мүмкін. Оны компания 2018 жылдың наурызында анықтаған, бірақ алты ай бойы құпия сақтап келген.

Бастапқыда компания әлеуметтік желіні биыл тамыз айында жабуға шешім қабылдаған еді. Алайда, 2018 жылдың қарашасында желінің қауіпсіздік жүйесінен табылған кемшілік оны жылдамдатуға себеп болды.

 

Соңғы жаңалықтар