Түйенің танитыны жапырақ

Түйенің танитыны жапырақ

Түйенің танитыны жапырақ
ашық дереккөзі
1186
Қазір ақпарат тасқынының заманы. Кез келген мәселе бойынша қажетті мәліметті қиналмай-ақ таба аласыз. Тіпті, сол жайында бүге-шігесіне дейін білгіңіз келсе, арнайы әдебиет те жетерлік. Қысқасы, өлшеулі етіп берген өміріңізді мәнді де, сәнді сүргіңіз келсе, өзіңізді дамытатын дүние көп. Алайда бәзбіреулер неге өз ақылымен емес, өзгенің дегенімен жүруге құлықты? Бүгінгі қоғамды интернетсіз елестете алмайтын халге жеттік. Интернет адамның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл әлемде де бір қауым ел тірлік кешуде. Одан азғантай уақыт қол үзіп қалсақ, әлденені жоғалтқандай дегбірсізденетініміз рас. Неге біз ғаламтордың шырмауына байланып қалдық? Бағамдасақ, оған түрлі себеп бар. Біріншіден, қазір онлайнда отырып алып, өмірден азды-көпті түйгенінен «ақыл» айтатындар көбейіп кетті. Бұл – онсыз да кітап оқуға мойны жар бермейтіндерге жақсы мүмкіндік. Былайша айтқанда, әлгі «жол көрсетушілер» оқығанын шайнап беріп қана отыр. Әрине, «қазіргідей жанбағыс, күнкөріс заманында кімнің кітап оқуға уақыты бар?» дейтіндер аз емес. Десек те, олардың «ақ дегенін – алғыс, қара дегенін – қарғыс» деп түсінетіндердің көптігі қарын аштырады. Әлеуметтік желідегі парақшаларына қаншама адамның көзін телмірткендердің не айтары бар? Бір мезетте 7-8 мың оқырманды үйіріп әкетушінің көздегені не? Ақыл-кеңес беру ме, ақша табу ма? Осы жайттың анық-қанығын білу мақсатында соңғы кезде ақылы семинар-тренингтер өткізіп жүргендердің парақшасын бақылауда ұстауға тура келді. Адамды қызықтыру қиын емес. Алдын ала «пәлен күні, сағат мұншада тікелей эфирге шығамын» деп хабарландыру жасайды. Бұдан соң парақшасына жазылушылар саны да көбейе береді. Мәселен, бүгінде әйел қауымына есімі жақсы таныс Құралай ханымның 427 мың оқырманы бар. Өз сөзінің бісмілләсін «кішкентай ғана Қошмамбет ауылынан шығып, осындай дәрежеге жеткен 6 баласы бар Құралай ханым бата береді» деп бастайтын ханымның ақылы семинар-тренинг өткізіп жүргеніне біраз жыл. Әуелі инстаграмдағы парақшасы арқылы көптің көңілінен шыққан ол біртіндеп еліміздің түкпір-түкпіріндегі әйел қауымымен кездесіп, «ақылын» ақылы айтуға көшті. Билетін де кез келгеннің қалтасын көтере бермейді. Тіпті, оның 20 мың теңгеге бағалаған семинар-тренингіне кейде билет жетпей де қалатын көрінеді. Ал билет сату, ұйымдастыру жұмыстарымен әр өңірдегі сеніп тапсырған өкілдері айналысады. «Көп әйелге көмегім тиіп жүр» дейтін Құралай ханым «не айтар екен?» деп желідегі тікелей эфиріне бірнеше рет кірдім де. Тұрмыс құрмаған қыздар «Күйеуге сәтті шығудың жолын айтыңызшы...» деп бәйек болса, келіншектер «отбасын сақтап қалудың «техникасын» сұрап жатады. Тіпті, үйге ақша шақыру, жол ашу, жалақының өсуі, т.б. адамға еңбек арқылы келетін дүниенің бәрінің өз техникасы бар екен. Ол ол ма, қазір мотиваторлар қарапайым жұрттың білімсіздігін пайдаланып, өз бизнесін дөңгелетіп жүр. Өзіне имандай сенгендерге «ақша шақырады» деген әмиянын саудалайтындар да бар.

«Хитке» айналған жасыл түс

 Соңғы кезде қоғамда жасыл түске байланысты пікірталас көбейді. Бұл қызу талқы қайдан шықты? «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, тележурналист Жанар Байсемізова өзінің инстаграм парақшасында «Жасыл шұлық сатып алғандардың байлыққа кенеліп, қарыздан құтылатыны» туралы жазған еді. Бүгінде «Ешнәрсеге қарамастан бақытты бол» деген тақырыппен семинар өткізіп, рухани психология туралы кітап жазып, сатылымға шығарған тележурналист жасыл түстің киелі екенін, ақша шақыратын қасиетке ие екенін, доллардың суретінде осы түстің пайдалануы да тегін емес екенін айтқан. Әлеуметтік желіде талай сынға қалған оған күле қарағандар да, тіпті айтқанын істегендер де табылып жатты. Ол өз жазбасында: «Жалпы, жасыл түстің долларға пайдаланылуы тегін емес. Белгілі бір топтағылар ұзақ уақыт бойы құпия ақпараттарды жария қылмай, жасы­рып келді. Ұзын сөздің қыс­қа­сы, эзотерика іліміне сәйкес, қарыз­дан құтылғыңыз келсе, жасыл нәски киіп жүрі­ңіз. Ешкімді сүйе алмасаңыз, жасыл май­ка киіп жүріңіз. Жұмысқа тұра алма­са­ңыз да, гардеробта жасыл түсті көбей­тіңіз. Омыртқа ауырса, белге жасыл жіп байлауға болады екен. Мұны әлі жасап көр­медім. Сонымен, #жасылданайық, хал­қым! Сынамай-мінемей жасап көріңіз. Керемет болып жатсаңыз, бөлісіңіз. Ешнәрсе болмаса, ештеңе етпейді. #Ятутнепричем. «Менің түк қатысым жоқ» деген – сиқырлы сөз. Сол сияқ­ты үйде, түзде сізге қатысты бір қиын­дық туындап қалса, елдер айыптауға көшсе, #меніңтүкқатысымжоқ деңіз де, саспай, беймарал отыра беріңіз. Бәрін істеп жатқан – #Ұлыкүш, #Құдай» (автордың жазу стилі сақталды.ред), – дейді. Бір қызығы, жазба астына пікір қалдырған 335 адамның біразы «жасылдануға» көшіпті. Тіпті, жасыл киінуге көшкен бір оқырман: «Үйден жасыл нәски іздедім. Таппаған соң жасыл кофта кидім. Сол күні 250 мың теңге сыйлық келді. Бірінші Алла, сосын сізге, үшінші сый жасаған адамдарға рахметімді айтқым келеді» десе, енді бірі: «Өмір бойы жасыл түсті нәски киіп жүреді екенмін. Осы техниканы оқығаннан кейін қатты сеніп қалғаным, кредиттен құтылдық. Миллионның үстінде ақша түсті де, жауып тастадық» деген пікір қалдырыпты. Ал мұндай техниканы құп көрмейтін келесі бір әлеуметтік желі қолданушысы: «Жасыл балауыз жағып, жасыл нәски киіп күні бойы ешнәрсе істемей, еңбектенбей отыра бер, бәрі өздігінен келе береді деген жазбаны қайдан көріп тұрсыз? Сананың мұнша тарын-ай! Жасыл нәски тек тәсіл ғана, инструмент қана. Бұл күлкі, қуаныш вибрациясын туғызатын техника. Құдайым-ау, бәрібір нәски киесіздер ғой. Әлде бәріңіз жалаңаяқ жүрсіздер ме? Жасыл нәскиге сонша жабысқанша, басқа әлеуметтік, саяси, экологиялық проблемаларды қозғасаңыздаршы…» деп тыйып тастапты. Иә, дінімізде жасыл түске ерекше мән беріледі. Байқасаңыз, кесенелер де көбіне жасыл түске боялады. Жасыл түстің дінімізде мүбәрәк екендігі құнды кітаптарда айтылып, «Түстердің жақсысы – жасыл түс» делінген. Мұны білген Ислам дұшпандары қастандық ниетімен шетелдегі кейбір жезөкшелер үйлерін әдейі жасыл түске бояған. Тіпті, имам Әли Риза хазреттері байрақты және әскер киімін қара түстен жасылға ауыстырған. Аббаси мемлекетінің туы қара еді. Бұл Халифа Мәмун заманында жасыл түске ауыстырылды. Ол ол ма, діни кітаптарда періштелердің жасыл құстар кейпінде көрінгені, ухуд шәһидтерінің рухтары жасыл құстармен жәннатқа кіргені тілге тиек етіледі. Сондай-ақ, адамның көзіне үш нәрсе нұр береді: жасыл түс, ағын су, сұлу адамның жүзі. Демек, психологиялық семинар-тренинг өткізушілердің жасыл түске «жабысып» алуының сыры осында жатса керек. Біз көпшілікті жасыл шұлық киюге шақырған мотиватор Жанар Байсемізоваға хабарласып, аз-кем сұхбат беруін сұраған едік. Алайда ол бұл тақырыпта қатысты пікір бере алмайтынын айтып, бас тартты. Есесіне, бір семинар-тренингіне 300-400 әйелді жинайтын Құралай ханыммен аз-кем тілдескен едік. Құралай ханым: Біз «аңқау елге  арамза молда» емеспіз  width= – Өзім бұл жолға кеше ғана келген жоқпын. Қошмамбет ауылында тұрғанда жан-жағымдағы көрші-қолаңға, тұрмысқа шыққан келіншектерге қарап, өзімше талдау жасайтын едім. Отбасы құру, өмірге бала әкелу, ене мен келіннің қарым-қатынасын жақсарту деген мәселе кез келген әйелдің басында бар жайт. Қазір әйелдердің бетпе-бет келіп, сол түйткілден шыға алмай жүрген себебін зерттегім келді. Сосын отбасы құндылығы жайында оқу құралдарын, арнайы әдебиеттер оқи бастадым. Қазақтың әрбір әйеліне өз көмегімді тигізгім келеді. Ажырасудың салдарынан екі ортадағы балалар қиналып жатады. Әуелгіде сондай идеядан туған еді. Содан кейін семинар-тренингке ұласып кетті. Психология – жан туралы ғылым. Адам жанын емдейді. Біз күн сайын айтатын отбасылық тәрбиенің астарында да осы жатыр. – Біздің қоғам дайын ақпаратқа дәндеп алған ба? Өзіңіз де сол кеңестерді ойдан алмайсыз ғой. Неге сізге құлай сенетін әйел қауымы сол кітаптарды оқымасқа? – Инстаграмда қанша көрерменнің алдына шығып, сағаттап отырып әңгіме айту өте қиын. Қаншама күш-қуат кетеді. Жалпы, адам қызық қой. Тегін келген дүниенің бағасын біле бермейді. Мысалы, ол 500 АҚШ долларының семинарына барса, онда оның қадірін біле түседі. Әрине, мұндайда «Аңқау елге арамза молда» дейтіндер көп. Бірақ оның пайдасы тимесе бармайды ғой. – Бір семинар-тренингтің бағасы 20 мың теңге екен. Сіздіңше, бұл көп емес пе? – Әуелгі кезде семинар өткізіп бастағанда көбінесе тегін өткіздім. Кейін сұраныс болған соң және жер-жерден «бізге келіңізші» дейтіндер көбейді. Әрине, тренингті өткізетін жер керек. Ол орын тегін берілмейтіні белгілі. Жалға аламын. Сосын сондай көп күткен тренингті анау-мынау жерде өткізгім келмейді. Көбінесе Риксос қонақүйінде ұйымдастырамыз. Билеттің бағасы алғашқыда 20 мың теңге болды. Қазір де сол баға. Меніңше, бұл қымбат емес. Билеттің бәрі сатылмайды. Көбін тегін беремін. Қазір еліміздің кейбір өңірлерінде Аналар үйі ашыла бастады. Тағдырдың жазуымен балалы боп, уақытша қиындыққа тап болған аналар моральдық қолдауға, психологиялық кеңеске мұқтаж. Кейде сол мекемелерден маған хабарласып, «Аналарға семинар өткізіп беріңізші» деп өтініш жасайды. Мұндай кезде тегін өткіземін. Себебі оларға менің айтатын дүнием көп. Демек, семинарларымның көбін тегін өткізуге тырысамын. – Қазір семинар-тренинг өткізетіндердің қарасы басым. Бәсекелестер көбейіп кеткен жоқ па? – Жоқ, оған керісінше қуанамын. Көбейген жақсы. Анау Ресейден кеп, удай ақшаға өткізіп жатқандар көп. Бақытқа жетудің жолын көрсетіп жатса, оның несі айып?! Бәрінің мақсаты – дұрыс жол көрсету, титтей де болса қолұшын созу. Адам көреалмаушылық сезімінен ада болу керек. Психология ғылымының өзі сол – күллі адамды жақсы көру. Сонау шетелден Брайан Трэйси келгенде қымбат болса да, шығындалып баратындар көп. Ондай мотиваторлар өзімізден де шығып жатыр. Сондықтан әрине, пайдасы тиіп жатса, өміріне өзгеріс енгізуге септігін тигізсе, отандық мотиваторларды қолдаған дұрыс. – Соңғы кезде семинар-тренингті шет елде де өткізіп жүр екенсіз... 2000 жылы Алматыдағы «Анкара» қонақүйінде Ресейден келген психологтың семинарына қатыстым. Соның алдында ғана осы қонақүйде Түркия мен Қазақстанның президенті кездескен еді. Қонақүйдің тұтқасына қолым тигенде «Осы тұтқаға беделді адамдардың қолы тиді ғой» деп ырымдағаным есімде. Миға жазылған ақпарат орындалады. Неге біз семинарды басқа ел-жұрттың табаны тиген жерлерде өткізбеске? Небір ауқаттылар атбасын бұратын қымбат қонақүйге біз неге бара алмаймыз? Жақында ғана Дубайда өткіздім. Әрине, елде де талай ұйымдастырып жүрміз ғой. Бірақ шетелде өткізудің ерекшелігі көп. Аурасы да тамаша. Ештеңеге алаңдамай, теңіздің жағасында жасаған техникалар мен аффирмациялардың орындалуы да жақсы жүзеге асады. Алдын ала жоспарлап, өзіңді дайындаған соң, ми да тыныш. Егер тұрғылықты жердегі семинарға барса, әйел байғұс қашан да үйіне алаңдап отырады ғой. Оның үстіне шетелдің аты – шетел. Көк теңіз, тамаша табиғат, жаймашуақ ауа райы. Онсыз да қазір кейбір жұрт құр демалуға да барып жатыр ғой. Келесі семинарымды көктемде Египетте өткізбекшімін. Әрине, жағдайы бар әйелдер өз еркімен барады. Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Қалқаман мешітінің имамы: Адамнан емес, Алладан медет тілеу керек  width= – Қазір адамдар өмірде шешілмей жатқан мәселелер болса психологиялық кеңеске жүгінетін болды. Мұның жақсы жағы да бар шығар. Алайда кез келген адам тығырыққа тірелсе, себепті өзінен іздеуі керек. Бәлкім, одан бұрын қандай да бір қателіктерге бой алдырды ма, сол жағын ойша саралау керек. Жалпы, мұндай мәселеде ислам діні сабырлы болуды құптайды. Қазір жұрт, әсіресе әйел қауымы семинар-тренингтерге ақша төлеп  барады. Оның қайырымы бар ма? Мейлі, ақша шығындап барсын, бірақ адам алға ұмтылмаса, әрекет жасауға тырыспаса, бәрі бекер. Оған беруші де, алушы да бір Алла. Сондықтан әуелі Алладан дұға, медет тілеу керек. Аллаға серік қоспау қажет. Қазір кез келген мешітте адамдарға рухани қолдау көрсететін арнайы бөлім бар. Бірақ неге екені белгісіз, жұрт мұнда басын сұға бермейді. Жолды ашатын, емге шипа беретін, салиқалы ұрпақ сұрайтын Құран аяттары бар. Тілімізді кәлимаға келтіріп, күн сайын айтып жүрсек, жамандық бізден өзі-ақ аулақ жүреді. Ал әлгіндей кеңес айтушылар айтқан «жасыл шұлық кисек, бар жақсылық атаулы жанымыздан табылады» деу нағыз ақымақтық. Бұл соған иланған жұрттың қаншалықты сауатты екенін де көрсетеді. Біз – мұсылманбыз. Барлық жамандықты да, жақсылықты да бір Алладан деп білеміз. Жасыл кию арқылы байып, не кедей болып қалмаймыз. Ақида мәселесінде қарастырғанда, «жасыл киім арқылы байып кетемін» деп ойлау – қате ұғым. Ол – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін тірілту емес. Алла байлықты да, басқасын да пендесіне сынақ үшін береді. Ең қарапайым мысал: өмірі жасыл киім кимесе де, ризығы мол ғұмыр кешіп жатқандар бар. Демек, жасыл түсті киім несібемізді арттырады деу жаңсақ пікір. Меруерт Мұсабекова, кондитер маманы:  Ара-тұра мұндай шараларға қатысу – өзіңді дамыту  – 21 жасымда күйеуіммен танысып, бір-екі рет кездескен соң, өз келісіміммен алып қашты. Ауылда мал ұстадық. Төрт баламыз бар. Алды тұрмысқа шықты. Тіршіліктері мəз болмаған соң, оларға да қарайласамыз. Екеуі студент. Ақылы оқиды. Тапқанымызды əрең жеткізіп, өзімізге қарауға шамамыз да жоқ. Ертеден қара кешке дейін мал соңында жүремін. Сиыр сауып, сүтін сатамын деп қалбалақтап жүргенімде өзімнің қалай азып-тозып кеткенімді аңғармай қалыппын. Күйеуім маған əйелі емес, осы үйдің күңі немесе жұмысшысы ретінде қарайтындай күй кешіп, күйзеліске түсіп кеттім. Арасында таксиде келе жатқанымда инстаграмнан небір ақыл-кеңестерін айтып жататын ханымдардың парақшасына кіріп кетемін. Бәрі қызық. Бірте-бірте сол ханымдармен кездессем ғой деген арман болды. Иә, кейде жасыл түске табынып, бақа-шаян, тағы бірдеңелерді сатып алып, оңтүстікке, солтүстікке қара деп жатады. Олардың айтқанын тыңдап, қайран қалып жүрдім. Бірақ күн өткен сайын қызығушылығым арта бастады. Қызықпағанда ше, əмиянды сатып алып, жасыл балауызды жағып қойып, арнайы техникасымен дұрыстап жұмыс істесең, ойлаған арманыңа жетесің дейді ғой. Алайда  Исламның кəусарынан сусындап, мұсылман болу бақыты бұйырған соң, бұл қадамға дін қалай қарайтынын зерттегім келді. Жансыз заттарды медет тұтып, пұтқа, тасқа, ағашқа табынып, жəрдем сұрау шынымен надандықтың белгісі емес пе?! Мұхаммед (с.ғ.с) жібермей тұрғанда арабтардың өзі осындай бейберекетсіздікті бастан кешіп, елде надандық пен жауыздықты бастан кешті емес пе? Адам баласы руханият, мейірім-шапағат дегеннен жұрдай, иман келтірмеген жүректерде қатыгездік орнаған кезді өткерді емес пе?! Олар сол тұста жауыздықты жібітетін, қатулы қабақтарды күлдіретін, надандық шырмауындағы көңілдерге нұр құятын тұлғаға зəру болды. Оны олар сол Құран сүрелерінен тауып, шат-шадыман күйді бастан кешті. Соған қарағанда қаптаған инста-кеңесшілердің арасында адасушылыққа бастайтын əрекеттер бар сияқты. Сондықтан қарапайым халық, əсіресе біз сияқты қазан-ошақ басында отырғандар оларды ажыратып жатамыз ба, неғұрлым тезірек күйзелістен шығуды ойлаймыз. Сонымен қойшы, қазір Құралай ханымның айтқандарын тыңдап, өзіме керекті тұсын алып жүрген жайым бар. Алматыда тренинг өтеді дегенді естіп, тиыннан ақша құрап, қатысып та қайттым. Менің ұққаным, жалпы адамдар энергетикасы деген болады. Егер шынымен аурасы жақсы, айтар кеңесі білімімен ұштасып, психологиялық тұрғыдан көңілге əсер беріп жатса, неге тыңдамасқа?! Ара-тұра мұндай шараларға қатысу – өзіңді дамыту. Тек арасында əйел бір тек күйеуінің не енесінің айтқанына көніп, бас шұлғи беру керек деген біржақты кеңестер орын алып жатады. Бұл дұрыс емес. Меніңше, мұндай шаралар керек. Адам рухани баю үшін тек кітап оқу аздық етеді. Адамның жаны психологиялық кеңестерге зəру. Сол тұрғыда кейбірінен өзіңе қажетті дүниелерді алуға болады. Бәрін санаға жақын қабылдаудың керегі шамалы. Сондықтан соны саралайтын жүрекке біріншіден иман керек, екіншіден білім қажет деп ойлаймын. P.S.  Әрине, біз бұл мақаланы жазу арқылы әлдекімнің қытығына тиіп не болмаса тұқыртудан аулақпыз. Бәлкім, бұл біреуге ақша табудың жолы болар, енді біреуге пайдасы көл-көсір кеңес шығар. Алайда адамның өзі әрекет етіп, еңбектенуге талпынбаса, ешбір тренинг те, мотиватор да көмекке келе алмайтынын ескерген абзал.

Серіктес жаңалықтары