Елбасы қымбат өнімдердің импортын сынға алды

Елбасы қымбат өнімдердің импортын сынға алды

Елбасы қымбат өнімдердің импортын сынға алды
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар тарифтерін де бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Агроөнеркәсіп секторында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеев (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі) баяндады. Солтүстік Қазақстанда май шаруашылығының аумағы 2 есеге - 1 миллион гектарға дейін ұлғайды. Еліміздегі май шаруашылығы аумағының 40 пайызы сонда. Құмар Ақсақалов (СҚО әкімі) бидай өсіре бергенше, осы шаруашылықты дамыту керектігін түсінді. Солай ғой?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сонымен бірге Алматы облысындағы қант қызылшасының өнімділігіне жоғары баға берді. Дегенмен, өзімізде бар өнімдер әлі де болса сырттан жеткізілетінін айтты. «Біз әлі күнге дейін етті шеттен импорттап отырмыз. Сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін болсын... Тіпті құс етінің жартысын шеттен әкелеміз. Әрбір жылда, әрбір айда қайдан, қандай өнім әкелініп жатқаны, ол жұмыспен кімнің айналысатыны, бәрі де Премьер-Министрдің алдындағы тақтада жазылып тұру керек», - деді Елбасы. Онымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев импорттық өнімдердің барлығы қымбат екенін атап өтті. «Бәрі де қымбат. Импорттық киім де, тамақ та қымбат. Иә, кейбір өнімдерді өзіміз өндірмейтінімізді білемін. Десе де, солай емес пе, Өмірзақ Өмірзақ Шөкеев)? Әрбір өнім түрі бойынша нақты жұмыс жүргізелік», - деді Президент. Өз кезегінде бұл мәселелерді шешу үшін Өмірзақ Шөкеев жаңа комбинаттар салу керектігін атап өтті. «Ендеше сал. Халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тарифтерін де бақылауға алуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. Бұған дейін Елбасы Үкімет мүшелерін отандық киім өндірісіне, соның ішінде жастар шығарып отырған өнімдерге назар аударуды тапсырған болатын. Сондай-ақ жылына 60 мың тонна ет экспорттау жоспарының орындалуына қатысты жауап алды. Еске сала кетсек, Астанада ҚР Президентінің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр.