Абзал азамат, іскер басшы болатын

Абзал азамат, іскер басшы болатын

Абзал азамат, іскер басшы болатын
ашық дереккөзі
858
Азамат жайлы ең әділ баға беретін тарих, уақыт. Тарих алдында пенденің бәрі бірдей. Тарих ертелі-кеш әркімді өз орнына қояды. Кез келген дәуірдің ерекшелігі де, мәні де жеке тұлғалар арқылы анықталады. Тарихты халық жасағанымен, тарихи даму заңдылықтарына сәйкес ауқымды мақсаттарды заманның біртуар азаматтары, нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі. Еліміздің тарихында артында өзін­дік терең із қалдырған көрнекті мемлекет һәм қоғам қайраткері, химия ғылымы саласының белгілі өкілі, мемлекетіміздің жоғарғы білім саласының ұйымдастырушысы болған Қали Біләлұлы тірі болғанда 100-ге келер еді. Қ.Біләлұлы ата-анасынан ерте айы­рылып, жетімдік тақсіретін тартқанына қарамастан, өмір белестеріне өрмелеп шығудағы қайсарлығы, білімге деген құштарлығы бүгінгі өскелең жас ұрпақтарға үлгі-өнеге болуға әбден лайық. Қалекеңнің балалық, жасөспірім жастық шағы қазақ халқына орны толмыс зобалаң әкелген ғасырдың 20-30 жылдарына, онан кейінгі 1941-1945 жылдардағы соғыс кезеңіне тұспа-тұс келді. Әке-шешесінің туыстары қаршадай бала Қалиды оқытпай, қозы-қой бақтырып қояды. Өзі қатарлас балалар оқу іздеп кент, қалаларға кетіп жатқанын көріп, жасы ересек болып қалған Қали да Қалбастау жақтағы (Семей облысы) ауылында бағып жүрген қойларын иесіз тастап, құрдас балалардың артынан қуып жетіп, соларға ілесіп оқу іздеп Ұржарға жетеді. Көп мехнатты басынан кешіріп, Ұржардағы жаңадан ашылып жатқан мектеп интернаттың біреуіне жетімдігін айтып, әрең дегенде интернатқа орналасады. Жастайынан еңбекке төселген қырдың қара домалақ баласы оқуда да үздік болған. Орта мектепті 1938 жылы аяқтап, әупіріммен Алматыға жетіп, сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түседі. Мұнда да өз қатарының алды болып, Сталиндік стипендия алып тұрған. Бұл қаражат ешкімнен көмек алмайтын бозбалаға еркін оқып, жалынды жігіттік шағындағы қатарластарымен ойнап-күлуге де жетеді. Бірақ... студенттік шаттық өмір ұзаққа созылмады. 3-курсты тәмамдап қалған кезде, Германиямен соғыс бұрқ ете түседі. Сонымен, студент Қалидың басына тағдырдың тауқыметі тағы жабысты, 1941 жылдың күзінде өз қатарларымен Отанды қорғауға сұрапыл майданға аттанды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, алда көретін күні бар Қалекең аман-сау туған еліне оралып, университеттегі оқуын жалғастырып, оны 1949 жылы үздік бітіріп шығады. Жоғары білімді, дипломы бар жігіт еңбек жолын Қазақ ғылым академиясының Химия институтында кіші ғылыми қызметкер лауазымымен бастайды. Дарынды маман ғылым жолында да үздік табыстарға жетіп, химия ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болып, көп ұзамай институт директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары болып тағайындалады. 1957 жылы Қали Біләлұлы Шымкент қаласындағы жаңадан ашылған Қазақ химия-технология институтының ректоры лауазымына бекітілді. Бұл қызметте Қалекең іскер басшы ретінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Аз уақыттың ішінде үлкен шаруалар атқарылып, институттың материалдық базасы нығайтылды. Оқытушылардың сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Осының бәрін көріп-біліп, қадағалап отырған Орталықтағы билік басшылары оны Республиканың жаңадан құрылып жатқан Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің бірінші басшысы – министр лауазымына тағайындады. Ол кісі басшылық еткен 12 жылда республикамыздың арнаулы білім беретін оқу орындары қарқынды дамыды. Сол жылдарда 12 жаңа ЖОО, 28 техникум ашылған. Оған қоса көптеген филиалдар, жекелеген факультативтер жұмыс істей бастады. Оқу орындарының материалдық базалары нығайып, керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. 70-тей жаңа мамандықтар пайда болды. Олардың саны да, сапасы да айтарлықтай көтерілді. Ұстаздардың тұрақты түрде білім шеберлігін жетілдіріп отыруға мол жағдай жасалды. Әсіресе, жас ұстаздар мен ғалымдардың өсуіне кең жол ашылды. Оларды КСРО-ның орталық оқу-ғылыми орындарында (Мәскеу, Ленинград, Киев, Минск, Куйбышев, Свердловск, Новосібір сияқты көптеген ірі оқу-ғылым шоғырланған қалалар) арнайы даярлауға мүмкіндіктер туды. Аспиранттардың саны 8 есе көбейді. Осы жылдары 83 ғылым докторы, 940 ғылым кандидаты даярланды. ЖОО бітіріп жатқан дарынды жастарды ғылым жолына бағыттау үшін 2 жыл ғылыми даярлықтан өтетін стажер-зерттеуші институты ашылды. Бұл талантты жастарға ғылыми шыңдалуға кең жол ашты. Бұл кезде республикамыз жан-жақты қарқынды даму жолында болатын. Елімізге білікті, іскер мамандар өте қажет еді. Осы қажеттілікті орындау жолында Қ.Біләлов сияқты прогресшіл, табанды басшылар өздері басқарып отырған өндіріс, агроөндіріс, әлеумет-мәдени, ғылым-білім, денсаулық сақтау, басқа да салаларда қоғамның, халықтың ойынан, мүддесінен шыға білді. Қ.Біләловтің іскерлігі, адал еңбегі, басшылық қабілеті көзге ілініп, Республика басшылығы ол кісіні 1971 жылы маусым айында Қазақстан Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметте де ол өзін іскер басшы ретінде көрсете білді. Бірнеше рет республика Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды, әртүрлі съездерге делегат болып барды. Сондай абзал азамат аяқ астынан ауыр дертке ұшырап, 59 жасында, 1977 жылы бақилық дүниеге аттанды. Артында қайғырып халқы, ауыр қайғыға батып өмірлік серігі, сүйікті жары Сара апамыз, ұлдары Асқар, Ерік, немерелері, туған-туыстары көп жылғы қызметтес әріптестері, дос-жарандары, тәрбиесін көрген шәкірттері қалды.  

Жолмұхан Түркіменұлы,

психология ғылымының профессоры,

Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі

Серіктес жаңалықтары